«БОС ЖАТҚАН ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ»

Саясат
508 Views

Шығыс аймақты қазақыландыруға шынайы жанашырлық керек

Кең-байтақ жер көлемі бойынша дүние жүзінде 9-орынды, ал халқының саны бойынша 64-орынды енші­леп отырған Қазақстан үшін демография мәселесі мен ішкі және сыртқы көші-қон жайы қазіргі алмаға­йып кезеңде де аса маңызды екенін көзі ашық, көкірегі ояу адамның бәрі түсінеді. «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасы да бір жолға қойылып, жүзеге асып жатқаны барша халыққа мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындары­ның солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Бұған қоса, соңғы жылдарда түр­лі себептерге байланысты бәсеңдеп қал­ған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарау­ға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақ­пар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», — деп жазып, мемлекеттік бағдарламаның маңыздылығын атап өткен болатын. Елімізде теріскейдегі халықтың жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінуде. Бұл сөзіме осы күнге дейін редакциямызға сұхбат берген тұрғындар дәлел. Шындығында, әр жыл сайын оңтүстік өлкеден солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударғысы келетін отбасылардың саны артып келеді. Солардың бірі қазіргі таңда Павлодар облысы, Аққулы ауданына қоныс тепкен Нафиса Раметова. Теріскейдегі маман тапшылығын ескерген кейіпкеріміз оңтүстіктегі жылы қонысын тастап, осында көшіп келеді.

— Аталған мемлекеттік бағдарлама жайлы бірнеше уақыттан бері түрлі ақпараттар естіп жүрдім. Балаларым солтүстіктегі жоғары оқу орындарына түскен соң жолдасымызбен теріскейге көшіп келуге бел байладық. Керекті құжаттарды жинап, Аққулы ауданына қоныс аудардық. Көпбалалы ата-анамыз. Аталған саясаттың арқасында жайлы баспана мен жақсы жалақыға қол жеткіздім. Бізге берілген үйдің сапасы өте керемет. Әрине, қоныс аудармас бұрын ішкі қорқынышқа бой алдырдық . Өміріміздің қай арнаға жалғасатынымен де хабарсыз едік. Бірақ, жүйелі жоспар құрып, ниетіңді туралап келсең, тіршілігіңді түзеп кету қиын емес, — дейді Нафиса.

Қазіргі таңда кейіпкеріміз аудандық емханада дәрігер-гинеколог қызметін атқарып жүр. Айлық табысы да жоғары. Айтуынша, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жәрдемақы беріп қана қоймай, баспана мен жұмыс тауып берген көрінеді.

— Солтүстікте тұрғын саны аз. Сондықтан болар, маман тапшы, табыс жақсы. Биыл “Бизнес бастау” бағдарламасына қатысып көргіміз келді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты бас тарттық. Теріскейде тұрғындардың бірі бау-бақша егіп, енді бірі мал шаруашылығымен айналысып, тіршілігін түзеп жүр. Еңбекқор халықтың қатары қалың.

Нафиса солтүстікті қазақыландыру бір жолға қойылғанын атап өтті. Қазақ мектептері мен сыныптары көбейген. Ата-аналар перзенттерін ұлттық құндылығымызды сіңіріп өссін деген ниетпен қазақ тобына беретін көрінеді.

— Солтүстікке көш түзеп келмес бұрын іштей алдын-ала дайындық жасаған жөн.Екі қолға бір күрек табылады. Жұмыссыздықтан қорқып, бір орында үркіп отыра берудің қажеті жоқ. Мемлекет бәрін де даярлап берді. Жайлы баспана, жақсы жұмыс, қолайлы өңір. Осындай шексіз мүмкіндіктерді үйсіз-күйсіз жүрген қандастарым пайдаланса деп ойлаймын.

Көшіп келген жылы «Оңтүстікте бәрі жақсы еді ғой. Неге көшіп келесіңдер?» — деп айтушылар көп болды. Біз бұл сөздерге мән берген жоқпыз. Теріскейге келушілер «ақша алып, жағдайымды жақсартамын» деп емес, «осы жердің иесі боламын, түлетемін» деген ұғыммен келуі керек. Шекаралық өңірге қоныс аудару үшін үлкен жүрек керек. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген нақыл бар.

Халық «бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруге арналған» деп ойлайды. Олай емес. Бұл бағдарлама – оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарда пайдалануға бағытталған, — дейді ол.

Айта кетейік, 2017-2021 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясын­да жұмыс күші тапшы жерлерге халықты қоныстандыру ісі қарқынды жүзеге асты. Үкіметтің мәліметіне сүйен­сек, өткен бес жыл ішінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 33,8 мың адам қо­ныстандырылған. Мемлекет Президенті былтырға Жолдауында Үкіметке Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдама­сын әзірлеуді тапсыра келіп: «Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қа­тысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жат­қан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қол­даныстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруа­шылығымен айналысу үшін де жер телім­дерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қол­дау шаралары қолжетімді болуын қам­тамасыз ету қажет», деп арнайы тапсырма жүктеді.

Солтүстік өңірде жұмыс та көп, мүмкіндік те мол.Жыл сайын берілетін гранттардың саны артып, кәсіпорын қатары көбейіп жатыр. Бір өкініштісі, бұл аймақта игерілмей жатқан жерлер мен бос жұмыс орындары жетерлік. Мемлекет осындай жағдай жасап жатқанда қол қусырып отырмай, тез арада теріскейге көш түзеген жөн.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *