ОН БІР ҰЛ

Әдебиет
1 155 Views

Атақты Алашыбай деген дәулетті жанның он ұлы болыпты. Байлыққа бөккен бай балалары не кием, не ішем демей үлде мен бүлдеге оранып, ерке өсіпті.

Алашыбайдың бір досы ерте қайтыс болып, оның жалғыз тал Жандос деген ұлын да асырап алады.

Жандосқа асықты жілік ұстатып:

– Балаларым, мына Жандосты ешуақта бөле-жармаңдар, марқұм досымның көзі, енді бұл – он бірінші ұлым. Ешқашан іргелерің бөлінбесін, – деп батасын беріп, аманаттапты. Он ұл ерке, ешнәрсеге қыры жоқ шолжаң өседі де Жандос – пысық, еті тірі, елгезек болады. Бай да, бәйбішесі де, балалары да соны жұмсайды. Бәрінің тілін тауып, отымен кіріп, күлімен шығады, шаруа үшін ерте тұрады, кеш жатады. Малды да бағады, сауданы да жүйелі жүргізеді. Тіршілікке мығым, бар шаруаны дөңгелетіп әкетеді.

Алашыбай сексенге келгенде үйлі-баранды болған он ұлы мен Жандосты шақырып алып:

– Мен қартайдым. Құдайға тәубе, мол дәулет жинадым, сайдың тасындай он бір ұлым бар. Енді көзімнің тірісінде еншілеріңді – мал-жан, дүние байлығымды қылдай етіп бәріңе теңдей бөліп берейін деп отырмын, – дегенде он ұлы өре түрегеліпті.

– Онымызға бөліңіз. Жандос кім? Ол – бөтен, оған еншінің керегі жоқ, – деп шулап, тулап тұрып алыпты. Қартайған әкелері қалай айтса да қасарысып көнбей қойыпты.

Иегі кемсеңдеп, жүрегі шаншыған шал:

– Онда Жандос қасымда болып, менің шаңырағымда күнелтсін, – деген тоқтам айтыпты.

Мыңғырған мың сан мал, жарқыраған көздің жауын алған кесек-кесек жамбы-алтын, гауһар, күмістер, байдың үлкен бабаларынан қалған асыл мұраларын он ұл таласа-тармаса бөлісіп алып кетеді.

Әкеміз басымызға масыл болады деп бар дүниені керуен-керуенге тиеп, мыңғыртып малын айдаған он ұлы қоштаспастан көше жөнеледі. Тіпті тігерге тұяқ, соярға мал қалдырмай, сыпырып-сиырып алып кетеді.

Жұртта кәртайған әке-шешесі мен қарашаңырағында Жандос қалады.

Ата-әжесін мәпелеп баға жүріп шаруаны оңдап қолға алады. Егін себеді, мал өсіреді. Сауда-саттық жасайды. Атасының ақыл-кеңесін тыңдап, аз жылда қайта көтеріліп, шаруалары дүрілдеп жүріп береді. Малға мал қосылады. Жандос үйленіп, келіншегі жылда маңдайы торсықтай ұл табады.

Ыржақ-қылжақпен ерке өскен, ешнәрсеге қыры жоқ он ұл ата-анасын, ел-жұртын тастай ауа көшіп, он рулы бөтен елге кірме болып кіреді. Дүниенің парқын, малдың нарқын білмей судай шашады. Жат жердегілер басынып, малды ұры алады, ит-құс жейді. Өздері той-думанмен жүргенде мал-жаны, дүниесі шөлге құйған судай азая бастайды. Сол кезде әлемет жұт келіп, шөп шықпай, жаңбыр жаумай, малдары түгел қаһарлы қатты қыста қынадай қырылады. Ішерге ас, мінерге көлігі болмай қалған асыл бұйымдарды айырбастайды. Ақыры дүниесі де, малы да біткен он ұл он рулы елге жалшы-малай боп, оған да жарамай қарызданып, құл боп кетіпті.

Ал, Жандос шаруасын ерте қамдап, шөп жинап, малын жұттан дін аман, күйлі алып шығып, қатты байиды. Дәулетіне сәулеті сай төрт құбыласы түгелденіп, атағы алысқа кетеді.

Алашыбай тоқсан жасқа келгенде Жандос он ұлды болады. Оныншы немересін иіскеп жатып Алашыбай атасы қайтыс болады. Жандос арулап көміп, бір жылдан кейін бәйге беріп, балуан күрестіріп, атын шығарып, асын бергізеді. Бейіті басына Самарқанның көк тасын алдырып, төрт құлақты күмбез тұрғызады.

Ал, байдың баяғы он ұлы он жаққа кетіп, құлдықта қорлықпен өмірін өткізіп, із-түссіз жоғалады.

Жандостың он ұлы «Алашыбай ата баласымыз» деп атасының атын шығарып, бәрі де үбірлі-шүбірлі бай болыпты.

«Бақ – туғаннан сала ма, тұрғаннан сала ма?» – деген осыдан қалған екен.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *