УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН УНИВЕРСИТЕТ

Білім
1 558 Views

Шымкенттегі академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті биылғы қазан айында өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтой – қашанда көл-көсір қуаныш. Өткенге есеп беріп, алдағы күндерге жоспар құратын кезең. Бұл жоғары оқу орны толағай жетістіктерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Осы орайда біз аталмыш университеттің негізін қалаушы, ғибратты ғалым, қазыналы қария Әбдімұса Қуатбеков мырзаның зайыбы, 2006 жылдан Ақсукент көпсалалы колледжінің директоры, бүгінде аталмыш университеттің бас құрылтайшысы қызметін атқаратын химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының профессоры, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының білім мен ғылымға еңбек сіңірген қызметкері, «Сіңірген еңбегі мен жетістігі үшін» төсбелгісінің, Халықаралық «Алтын үкі» Құрмет сыйлығының иегері, Еуразиялық Одақ мемлекеттерінің Құрметті азаматы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Карамат ҚУАТБЕКОВА ханыммен сұхбат құрғанды жөн көрген едік. Енді соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Карамат Пердешқызы, алдымен жоғары оқу орнының жаңа атауы құтты болсын дейміз!

– Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетіне тәуелсіз де егемен елімізге белгілі академик Әбдімұса Қуатбековтың есімі берілді. Жоғары оқу орнының атауын өзгерту университет ұжымы, профессор-оқытушылары, магистрлері мен магистранттары, студенттерінің ұсынысы негізінде жүзеге асып отыр. Себебі Əбдімұса Мұратұлы – аталған жоғары оқу орнының негізін қалаушы тұлға. Осыған байланысты өткен салтанатты жиында оқу ордасының жаңа логотипі таныстырылып, лентасы қиылды. Іс-шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, облыстық және қалалық білім басқармаларының, жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының, жұмыспен қамту орталығының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Презентация барысында қонақтар мен журналистерге жаңа атауының өзгертілуіне байланысты баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Әбдімұса Қуатбеков – еліміздің білім, ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан ардақты жан. Көзі тірісінде күнгей жастары үшін білім ордасының негізін қалап, біршама ғылыми жетістіктерді еңсерді. Баспасөз мәслихатына бас қосқан ғалымдар мұның бәрін ерекше ілтипатпен тілге тиек етті. Осы іс-шараның бағдарламасына жоғары оқу орнының жетістіктерін көрсететін кафедралардың көрмесі де университеттің оқу-материалдық базасын таныстырылымы да, бұдан бөлек әнші, сазгер Марат Омаровпен бірге өткізілген концерттік бағдарлама да енгізілді. Айрықша айта кетерлік жайт, концерттік бағдарламада университет ректоры Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекованың сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Әкеге арнау» әні мен Марат Омаровтың сөзі мен әніне жазылған университет әнұранының тұсауы кесілді.

Біз ғалым ағаның өнегелі жолын сеніммен жалғастырып келеміз. Осындайда ұлы Абай атамыздың: «Өлсең де өлмегендей боларсың сен, Артыңда көзің менен ісің қалса, – деген сөзі сол кісіге арналып айтылғандай ма дерсің. Оның әруағы қолдап жүрген болар, біздің бүгінгідей жоғары жетістікке қол жеткізіп отырғанымыз. Профессор-оқытушыларымыз жақында ғана Ұлыбритания, Швейцария, Түркия, Кипрде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция,а қатысып қайтты. Білім мен ғылым саласында көршілес Өзбекстанмен де тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Осы және өзге елдерден келіп оқуға ықылас білдірген студенттердің саны жыл сайын арта түсуде. Осының бәрі – асыл аға бастаған істің жарқын жемісі. Аллаға шүкір, білімді, өнерлі, спортшы жастарымыз өте көп. Ағайдың дүниеден озғанына бір жыл толуына орай кітап шығармақшымыз. Оған арналған музей ұйымдастырамыз. Алдағы қазан айында Халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференция өткіземіз. 20 жылдық мерейтойымызға арнап кітап, журнал шығаруды да жоспарлап отырмыз.

– Университеттің «ТОП-20» бас рейтингісіне енгендеріңіз қандай ғанибет болған.

– Жыл сайын тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (НААР/IAAR) өткізетін жоғары оқу орындарының сұранысқа ие рейтингтік зерттеулері – университет пен білім беру бағдарламаларын таңдау мақсатында талапкерлерге ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталатыны белгілі. НААР / IAAR 2019 жылғы 15 мамырда «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының Ұлттық сұранысқа ие рейтингі – 2019» нәтижелерін жариялады. 2018 жылдан бастап жоғары оқу орындарының сұраныстарын есепке ала отырып, сандық есептеу әдістеріне негізделген егемен еліміздегі университеттер мен институттардың «ТОП — 20» бас рейтингісі жүргізіліп келеді.

Рейтингтер мен оларды мойындау білім беру жүйесін дамыту және білім беру бағдарламаларын бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білім беру ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі, кәсіпкерлікті және жалпы ұлттық экономиканы дамыту тұрғысынан біздің елімізде ерекше маңызға ие. Бұл рейтинг жоғары оқу орнының бәсекелестік артықшылықтарын анықтауға, оның беделін арттыруға және білім беру қызметінің Ұлттық және Халықаралық нарығында имиджін көтеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті осы жиырмалықтың 17-орнына тұрақтады. Сонымен қатар мамандарды даярлау деңгейі мен бағыттарына сәйкес білім беру бағдарламалары бойынша біздің университеттің мына бакалавриат мамандықтары жоғары оқу орындарының рейтингісінде төмендегісінше орындарда орналасты: 5) химия; 6) экономика; 7) биология; 9)тарих; 11) құқықтану; 15) педагогика және психология; 16) шет тілі: екі шет тілі.

– Университет ұжымының Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгендеріңізден де хабардармыз.

– 2019 жылдың 25 сәуірінде академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде “Академиялық және басқару дербестігі жағдайында жоғары білім беру ұйымдарында кадрлар даярлау мәселелері” тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған алыс және жақын шетелдерден көрнекті ғалымдар мен мамандар қатысты. Ғылыми конференцияны университеттің бірінші проректоры А.Ж.Елтаев ашып, өз сөзінде академиялық және басқару жағдайындағы жоғары білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау мәселелерінің өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар конференцияға қатысушылар мен қонақтарға осы мәселеге қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.

Пленарлық отырыста академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының докторы Есенәлі Омар «Рухани дамуындағы отбасылық құндылықтардың орны мен рөлі” тақырыбында баяндама жасады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Нариман Жұманұлы Нұрпейісов өзінің баяндамасында латын графикасына көшу және әлемнің рухани жаңаруы бойынша кадрларды даярлау мәселелерін шешу жолдарын айтып өтті. “Болашақ” инновациялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, экология ғылымының кандидаты, доцент, Мүтәлі Расулұлы Тұртаев білім беруді интернационалдандыру мәселелеріне үлкен қызығушылық тудырды. Ол өз сөзінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында мамандар даярлау мәселелеріне қысқаша тоқталып өтті. Сонымен қатар мұнай және құрылыс кафедрасының аға оқытушысы Ж.Е. Абдураев осы тақырып бойынша ақпаратты толықтырды. Төрт секцияда күн тәртібі бойынша мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша “Академиялық және басқарушылық дербестік жағдайында жоғары білім беру ұйымдарында кадрлар даярлау мәселелері” тақырыбында конференция қаулының жобасы дайындалды.

– Тек қана жеңімпаздар оқитын жоғары оқу орнын біз де мақтаныш тұтамыз.

– Ағымдағы жыл біздің университетіміз үшін ең жемісті, жеңіске толы, жағымды жаңалығы мол жыл болды. Университетіміздің профессор-оқытушылары, магистрлері мен магистранттары, студенттері Қазақстанның барлық аймақтарындағы жоғары оқу орындары ұйымдастырған пәндік олимпиадаларда, спорттық турнирлерде, пікірсайыс және «Жайдарман» ойындарында жеңіспен оралып жүр. 2019 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан экономикасының көшбасшыларын марапаттау рәсімінде біздің университет “Жыл көшбасшысы – 2018” атағына ие болды. Аталмыш шарада қаржы-экономикалық көрсеткіштерді талдау нәтижелері бойынша салалық рейтингке енген ең үздік аталымдар марапатталды. Бұдан бөлек университеттің стратегиялық жоспарлау және дамыту жөніндегі проректоры Б. Сүлейменова «Жыл жетекшісі» төсбелгісімен және филология және тілдер кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қайырбекова «Ұжымның мақтанышы» төсбелгісімен марапатталды. Осы айтулы оқиғаларды ескере келе университет ректоры, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбекова мен жоғары оқу орнының президенті Нұрлан Әбдімұсаұлы Қуатбеков профессор-оқытушылар мен студенттерді марапаттарымен салтанатты түрде құттықтады. Сонымен қатар әнші, сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, университет әнұранының авторы Марат Омаровқа академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің Құрметті профессоры төсбелгісі табысталды.

– Сіздерден “ТМД-ның ең үздік студенті”мен «Үздік спикер» де табылады екен.

– Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті гуманитарлық-педагогикалық факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ІІ-курс студенті Мәдина Сәлімбай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жоғары оқу орындары арасында “Үздік студент-2019” байқауының «Талантты жастардың Халықаралық энциклопедиясы» жобасының екінші дәрежелі Дипломымен және “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ең үздік студенті – 2019” төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, гуманитарлық-педагогикалық факультеті экономика мамандығының IV-курс студенті Тұрсын Асылхан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жоғары оқу орындары арасында “Үздік студент – 2019” байқауының “Талантты жастардың Халықаралық энциклопедиясы” жобасының екінші дәрежелі Дипломымен және “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ең үздік студенті – 2019” төсбелгісімен марапатталды.

Маңғыстау облысының әкімдігі тілдердегі дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының қолдауымен және «Маңғыстау TV» телеарнасының «Мінбер» телебағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жастар жылы – жастар көзімен» атты пікірсайыс турнирінен «Үздік спикер» аталымының иегері Әлібек Бексейіт – біздің университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ІІІ-курс студенті. Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы «Көктем аруы» байқауында біздің бойжеткеніміз топ жарды.

– Әсіресе университеттегі спорт саласындағы жетістіктеріңізді бөле-жара айтуға болады.

– Иә, дәл солай екені рас. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен биылғы Жастар жылының аясында Шымкент қаласы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының арасында 2019 жылдың 12 ақпаны мен 20 мамыр аралығында спартакиада өткені белгілі. Спартакиада кестесіне сәйкес ағымдағы жылдың 1-4 мамыр күндері пневматикалық қарудан ату жарысынан 10 метрлік қашықтықтан көздеу бойынша академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының І курс студенті Динара Оралбай жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Қазақстан Футбол федерациясы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы бірлесе отырып, ағымдағы жылдың 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында қыздар арасында футзалдан Қазақстан лигасының жарыстарын ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде, академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің қыздар командасы жүлделі екінші орынды еншіледі.

Ағымдағы жылдың 3 сәуірі мен 10 маусым аралығында Ақтөбеде республикалық жазғы Универсиада ойындары өткізілді. Жарыс спорттың 31 түрі бойынша өтіп, оған тоғыз мыңнан астам студент қатысты. Қорытынды нәтижесі бойынша жүлделі орын алған спортшылар Италияда өтетін Бүкіләлемдік Универсиадада ел намысын қорғайтын болады. Тартысқа толы спорттық сайыстарды академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің студенттері топ жарып, жеңіс туын желбіретті. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінен Әділхан Сатаев (72 келі салмақ дәрежесінде) чемпион атанса, А. Жәнібекұлы (130) екінші орынды еншіледі. Еркін күрестен Асқар Ерназар (79) қола медальді қанағат тұтты. Үстел теннисінен Сарвар Ирислалиев пен Жамал Еркебұлан жеңімпаз атанды.

Бекзат Саттарханов атындағы спорттық ойындарда топ жарған студенттеріміз де баршылық. Сөйтіп, олар шетелде өтетін жарысқа жолдама алып отыр.

– Көңілді тапқырлар клубының да жұмысы жақсы жағынан тілге алынады.

– 12 сәуірде университетіміздің ұйымдастыруымен Халықаралық «Жайдарман» ойындары өтті. Оған қатысқан 12 команданың барлығы да Алғыс хаттармен марапатталды. Өте керемет өткен ойында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Байдың балалары» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Оларға кубок пен 700 мың теңге қаржылай сыйақы табыс етілді. Орал қаласының «Грант» командасы екінші орынды (400 мың теңге) еншіледі. Ақтөбе қаласының «Фемида» командасы үшінші орынды (300 мың теңге) иеленді. Семей қаласынан келген «Элемент» командасының жайдарманшысы Ельдар Жұмағалиевке «Үздік ойыншы» аталымы (100 мың теңге) бұйырды.

– Халықаралық пікірсайыс турнирін де табысты өткізген екенсіздер.

– 2019 жылдың 13-14 сәуір күндері университетіміздің 20 жылдық мерейтойы аясында аталмыш жоғары оқу орнының әкімшілігі мен «Алаң» жастар пікірсайыс орталығының ұйымдастыруымен «Friendship of Peoples CUP-2019» атты Халықаралық дебат турнирі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Қырғызстан мен Қазақстан жастарының арасындағы достық, ынтымақтастық, бауырмашылықты дамыту болатын. Оған Манас атындағы қырғыз-түрік университеті, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және еліміздің өзге аумақтарынан отызшақты университеттің студент жастары қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында университет ректоры, профессор Рабиға Қуатбекова құттықтау сөз сөйлеп, Халықаралық пікірсайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі күнге жалғасқан турнирде студент жастар ойларын ортаға салып, өздерінің зерек те саналы студент екендіктерін байқата білді.

– Мектеп бітіруші түлектердің арасындағы пәнаралық олимпиадалар қалай өтіп жүр?

– Университет әкімшілігі облыстағы мектеп бітіруші түлектер арасында білім грантын сарапқа салатын пәнаралық олимпиадалар ұйымдастыруда. Пәнаралық олимпиада ағымдағы жылдың 12 сәуірінде Шардара ауданындағы «Көксу» елді мекенінде орналасқан Саттар Ерубаев атындағы жалпы орта мектеп базасында «Дүние жүзі тарихы» мен «Қазақстан тарихы» пәндерінен өткізілді. Барлығы 53 мектеп бітірушісі қатысқан олимпиада нәтижесі бойынша 100 пайыздық жеңілдікпен оқу гранты Саттар Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Наргиз Сейділлә (39 бал), 50 пайыздық жеңілдікпен оқу гранты Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Аида Мейіржанқызы (33 бал), 30 пайыздық жеңілдікпен оқу гранты Абылай Әлімбетов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Жаңабай Ермек сынды оқушылар жеңіп алды. Олар 2019-2020 оқу жылында академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде жеңілдетілген білім грантымен оқитын болады.

Жетісай ауданы бойынша мектеп бітіруші түлектердің арасында пәнаралық олимпиада химия пәнінен өткізілді. Нәтижесінде, Аманкелді атындағы № 19 жалпы орта мектептің оқушысы Накыпбек Нұржан бірінші орынды жеңіп алды. Дінмұхамед Қонаев атандағы жалпы орта мектептің бітірушілері – Дәндібай Ержігіт пен Жаулы Бекназар екінші-үшінші орындарды өзара бөлісті. Олар 2019 – 2020 оқу жылында академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде 100, 50, 30 пайыздық жеңілдетілген білім грантымен оқитын болады.

– «Абай оқулары» байқауында топ жарғандар да жоғары оқу орнына қабылданатын көрінеді.

– Академик Әбжімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін Абайтану ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Арыс қаласының мектеп бітіруші түлектері арасында «Абай оқулары» байқауы өткізілді. Арнайы ережеге сәйкес байқау: 1) Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу; 2) Абайдың қара сөздері; 3) Абай туралы туындылардан (Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан) үзінді оқу; 4) Сахналық қойылым немесе Абай әндерін орындау секілді төрт кезеңнен тұрды. Оған Арыс қаласындағы мектептердің бітіруші сыныптары арасынан 25 оқушы қатысты. Қорытынды нәтиже бойынша бірінші орынды, яғни 100 пайыздық білім грантын Қаражантақ жалпы орта мектебінің оқушысы Әсем Қарбоза жеңіп алды. Екінші орынды – 50 пайыздық жеңілдетілген білім грантын Кенжебаев атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Нұрсұлтан Құтжанов, үшінші орынды – 30 пайыздық жеңілдетілген білім грантын Садықбек Адамбеков атындағы жалпы орта мектебінің түлегі Әйгерім Мауытхан иеленді. Сондай-ақ, Жиделі жалпы орта мектебінің оқушысы – Айдана Қанатбек Дипломмен, ал қалғандары Алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаз түлектердің біздің жоғары оқу орнымызды таңдағанына қуаныштымыз.

– Қазіргі жай-күйлеріңіз қалай?

– Бізде 28 профессор, 127 доцент қызмет істейді. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейді айтпағанда, Түркия, Египет, Италия, Швеция, Малайзия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Оқу Болон процесіне сәйкес жүргізіледі. Кредиттік жүйе енгізілген. Оқу процесінің ашықтығы қамтамасыз етілген. Академиялық ұтқырлық ұйымдастырылған. Маман кадрлар даярлаудың қосдеңгейлі – бакалавриат пен магистратура жүйелері енгізілген.

Университеттегі ғылыми жұмыстар да жүйелі жүргізіледі. 20 ғылыми үйірме жұмыс істейді. Студенттердің 60 пайызы ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылған. Көптеген жобалар өндірісте кеңінен қолдануда. Студенттеріміз Қазақстан Респубикасы Білім және ғылым министрлігі тұрақты түрде жариялап тұратын гранттық конкурстарға да белсене қатысып жүр. Дуальдік оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. Студенттердің бір мезгілде теориялық және тәжірибелік бағытта дайындалуы қамтамасыз етілген.

– Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешілуде?

– Университетіміздегі профессор-оқытушылар құрамы өз шәкірттерінің жұмысқа барынша ертерек орналасқанын көруден асқан бақыт жоқ. Былтыр бітірген 3582 түлектің 82 пайызы жұмысқа орналасқан. Осы орайда әлеуетті жұмыс істеушілермен қарым-қатынастың тиянақты жүргізілгенін айрықша атап өткеніміз жөн.

Кәсіпкерлер біздің университет үшін «өз адамдарына» айналған. Жоғары оқу орнының басшылығы «Петро Казахстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақстан» Аумақтық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалы, «Транстелеком» акционерлік қоғамы, тағы басқалар – солардың санатында. Жұмыс берушілер Ғылыми кеңеске, факультет кафедраларының мәжілістеріне қатысады. Олардың көкейкесті мәселелер жөніндегі ой-пікірлері тыңдалады.

Бізде Түлектер қауымдастығы жұмыс істейді. Олар студенттерімізді тәжірибеден өтуіне көмектеседі. Кейіннен жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Егер де қандай да бір жоба-жоспар жасайтын болса, студенттерімізді көмекке шақырады.

– Алдағы жексенбіде елімізде Президент сайлауы өтеді. Сіздердің таңдауларыңыз кімге түсіп отырғанын білуге бола ма?

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы үміткер ретінде ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын біздің университетіміздің ұйымшыл ұжымы да қызу қолдайды. Ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын, елдегі жағдаятты жақсы білетін азамат. Халықаралық беделді Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет істеген. Парламент спикері ретінде де көп тірлік атқарған. Елбасының серігі, ізбасары ретінде Н.Ә.Назарбаев бастаған жұмысты одан әрі жалғастыратынына еліміз үміт артып отыр. Біз бұл кісінің келешекте елімізді өрге сүйреп, халықтың жағдайын барынша жақсарта түсетініне бек сенім білдіреміз.

– Карамат апай, әсерлі де мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет айтып, алдағы кездегі еңбектеріңізге де табыс тілеуге рұқсат еткейсіз!

Сұхбаттасқан

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *