БҰРЫНҒЫ БИЛЕРДІҢ БҮГІНГІ ТҰЯҒЫНДАЙ

Тұлға
1 022 Views

2017 жылдың көктемінде біздің бірнеше ай бұрын берген ұсынысымыз аяқсыз қалмай Ақтау қаласының №5 мектебіне Үкімет қаулысымен белгілі мемлекет және қоғамқайраткері, Қазақстан Үкіметін қиын-қыстау кезеңде он үш жыл (1938-1951)басқарып, республиканың, оның ішінде Атырау, Маңғыстау өңірлерініңөсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген Нұртас Оңдасыновтың есімі берілді. Жақсыжаңалықтың жалғасы ретінде 1 қыркүйекте достарым: белгілі заңгер БекетТұрғараев пен мұнайшы Мейрам Ахметжанов болып жеке қаражатымызға мектептің кіреберісіне ардақты азаматтың ескерткішін орнатып, ғимарат ішінде мұражайын аштық.Сол шаруалар аяқталуға таяғанда жұмыс басына жаңадан тағайындалған облысәкімінің орынбасары Мақсат Сқақов келді. Алдында ол менімен телефонменхабарласып, сонда өзін қысқаша таныстырған болатын.

Мақсат Нұрлыбекұлы ормандағы көп теректің арасында көзге бірден түсетін алып қарағайдай бойшаң, екі иығына екі адам мінгендей сом денелі, тепсе темір үзетін қырық жас шамасындағы мығым жігіт екен. Сөз саптауы да бөлек, тыңдай бергің келеді. Бұрын көрген адамым сияқты, бірақ оны бірден есіме түсіре алмадым. Кейін ой жүгіртіп қарасам, республикалық телеарнадағы бір хабардан көрген екенмін. Ол былай болған. 2013 жылы Елбасының қатысуымен өткен «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған республикалық шарада Мақсат сөйлеп, шешендігімен Нұрсұлтан Әбішұлын таңдандырған. Сөз аяқталған соң, ол: «Мақсат, қайда жұмыс істеп жүрсің, қайда оқыдың?» – дегенде, «Мәдениет министрлігінің Тілдер комитетінің төрағасымын» – деп берген жауабына, Елбасы: «Е, бәсе, нағыз баратын жеріңе барыпсың» – деп көтеріңкі көңілмен құптап, ризашылығын білдірген. Осы бір сәт Мақсатты көріп, оны тыңдаған көп адамның есіне еріксіз оралады.

Сқақов Мақсат Нұрлыбекұлы 1978 жылы 9 шілдеде Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих, құқық және экономика негіздері мұғалімі», 2009 жылы Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2011 жылы АҚШ-тың Йорк университетінде білім алып, философия және экономика докторы (Ph.D) атанды. Қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін жетік меңгерген.

Еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасы (ҚР) Ішкі істер министрлігі жүйесінде бастап, ҚР Президентінің Күзет қызметінде, ҚР Мәдениет, білім және ғылым министрліктерінде, Жеке сауда палатасының басшысының орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Тілдер комитетінің төрағасы, министрлік қайта ұйымдастырылған кезде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және әлеуметтік-саяси жұмыстар жөніндегі комитеттің төрағасы, ҚР Бас прокурорының ерекше тапсырмалар жөнінде аға көмекшісі қызметтерін атқарған.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Мақсат Сқақовты өзіне орынбасар етіп тағайындарда оның жас болса да әр салада жауапты қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинағанын ескерсе керек. Әкімнің орынбасары ретінде оған ішкі саясат, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар, мәдениет пен спорт және құқық қорғау органдарымен байланыс жұмыстарына жетекшілік ету жүктелді.

Екі жылдай осы жауапты қызметті атқарған Мақсат Нұрлыбекұлы маңғыстаулықтардың көзіне асқан шешендік дарынымен, халыққа жақындығымен, іскерлік және адами қасиеттерімен ілініп, үлкен сүйіспеншілік пен құрметке бөленді.

Қоғамда туындап жататын әртүрлі шиеленісті жағдайларда, олардың оң шешімін табуда үлкен шеберлік көрсете білді. Мысалы, 2017 жылы қыркүйекте Жаңаөзен қаласында ұстаздар мен ата-аналар арасында мектепке хиджаб киіп бару жөнінде үлкен дау туды. Мектеп басшылары мен ата-аналар бір мәмілеге келе алмады. Алпыстан астам баланың мектепке бару-бармау қаупі туындады. Шиеленіс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл республикаға тарап кетті. Осындай жағдайда Жаңаөзенге Мақсат Сқақов келіп, үш күн бойы әр ата-анамен кездесіп, қолданыстағы заңнамалар мен тәртіп аясында түсінік жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде дау туғызғандардың бәрі де балаларын оқуға жалпыға бірдей мектеп формасын киіп баруға келісімін берді. Бұл күрделі мәселенің осылай тез және оңды шешілгені үшін ұстаздар да, ата-аналар да Мақсат Нұрлыбекұлына шексіз ризашылықтарын білдірді. Аяқ астында туындаған дауды осылай парасаттылықпен шешпегенде, оның бүкіл республикаға тарап кету қаупі де жоқ емес еді.

2019 жылдың басында Жаңаөзенде тағы бір жанжал бұрқ ете түсті. Үш мыңға жуық жұмыссыз халық ереуілге шығып, талаптары орындалмайынша тарамай алаңда тұрып алды. Бәрі де мұнай мекемелеріне жұмысқа алуды сұрады. Бірақ игеріле бастағанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, өндірілетін мұнайдың көлемі жыл сайын кеміп келе жатқан бұл кен орнында ондай мүмкіндік жоқ еді. Бұл жолы да Мақсат Нұрлыбекұлы Жаңаөзенге келіп, бір айға жуық уақыт ішінде ереуілшілермен кездесіп, шешімі табылатын мәселелерді сол мезетте шешіп, ал шешімі ұзақ уақытты талап ететін мәселелерді халыққа дұрыстап түсіндіріп, соның арқасында жағдай тез қалыпқа түсті.

Мақсат Нұрлыбекұлы кезінде күнкөрісі төмен талай адамдарға қамқор болып, қол ұшын да берді. Солардың бірі төрт баланың анасы ақтаулық Қарлыға Оразова. Ішімдікке салынған күйеуінің кесірінен жас әйел балаларымен үй-күйсіз қалып, айына 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрған. Өзі қаладағы сауда орталықтарының бірінде қызметте, айлық табысы бар-жоғы 60 мың теңге. Балаларының әкесі алимент төлемейді. Жан-жағында қол ұшын беріп, көмектесетін де ешкім жоқ. Басқасын айтпағанда, бұлар күн сайынғы ішіп-жейтін тамаққа зәру еді. Сондықтан мешітке телефон нөмірін қалдырып, жәрдем сұраған. Күндердің бір күні үйіне мол азық-түлік алып Мақсат Сқақов келеді. Қарлыға: «бұрын көрмеген, қайда жұмыс жасайтынын да білмейтін адамым, аяушылық білдіріп, қамқорлық көрсеткеніне бір жағынан таңғалып, екіншіден, қуанғаннан көзіме жас алдым. Ол өзінің аты-жөнін айтып таныстырып, менің қал-жағдайымды бүгжей-түгжейіне дейін біліп алған соң, кейін тағы да хабарласатынын айтты. Ол кісі пәтерден шыққан бойда, қасындағы көмекшісінен бұл азаматтың облыс әкімінің орынбасары екенін және көмек әкімдіктен емес жеке өзінен екенін білдім. Балаларым көптен дәмін татпаған тағамдарды тоя жеп, ерте ұйықтап қалды да, мен, апырай, бұл өмірде осындай да мейірімді адамдар бар екен-ау деген ойға шомылып, біраз уақытқа дейін көзім ілінбеді. Бұл Мақсат Нұрлыбекұлының маған жасаған жақсылығының алды ғана екендігін кейін білдім.

Оның өңір үшін, халық үшін аянбай еңбек етіп жүргенін көріп, іштей риза болып жүрген белгілі кәсіпкер, меценат Сұңғат Мұңалбаев Макеңнің өтінішін жерге тастамай маған екі бөлмелі пәтер алып беруге демеушілік көрсетті. Бүгінде өз шаңырағымыз бар, балаларымның алды колледж бітіріп, жұмыс жасайды. Еш мұқтаждығымыз жоқ, халықпен қатар өмір сүрудеміз. Ол үшін алдымен Алла Тағалаға, қала берді Мақсат Нұрлыбекұлына деген ризашылығым шексіз», – деп көңілі толқып әңгімелейді.

Мақсат Сқақов Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметінде болған кезде осы өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуына ерекше көңіл бөліп, үлкен еңбек сіңірді.

Сол тұста Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары тақырыбындағы кешенді экспедиция ұйымдастырылып, ол табысты жұмыс атқарды. Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын насихаттау бағытындағы «Серікбай Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция, Ержан Хазірет абыздың мұраларын байыптауға арналған Ақтау қаласында «Ілімнің бұлағы – кемелдік нәрі» мен Астана қаласында «Дін тұғыры және ілім қайнары» ғылыми-практикалық конференциялары, Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалі, Мұрат Өскінбайұлы атындағы халық аспаптарында орындаушылардың халықаралық конкурсы, күйші Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған күйші қыз-келіншектердің республикалық байқауы, Маңғыстау облысының Түркіменстанның Балқан уәлаяты мен Ашғабад қаласындағы және Өзбекстанның Хорезм облысындағы күндері, т.б. әртүрлі мәдени шаралар өтті. Жыл сайын тойланатын Амал, Наурыз мерекелерінің ауқымы кеңіп, мазмұны байытылды.

Мақсат Нұрлыбекұлы балалық шақтан спортпен айналысқан адам. Самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жауынгерлік самбодан абсолютті чемпионы. Сондықтан да аймақ спортының дамуына басшылық жасай отырып, оны ерекше назарында ұстады.

Маңғыстау облысының «Джиу-джитсу» федерациясының президенті ретінде, Мақсат Сқақов Ақтауда тұңғыш рет спорттың осы түрінен Азия чемпионатын өткізу жөнінде бастама көтерді. Ол 2018 жылдың 11-16 шілде аралығында 20 елден 500 спортшы қатысып, ойдағыдай өтті. Ерлер мен әйелдер арасында төрт бағытта өткен жарыста жалпыкомандалық бірінші орынды Қазақстан, екінші орынды Тайланд, үшінші орынды Түркіменстан спортшылары иеленді. Бүгінгі таңда спорттың аталмыш түрі Бүкіләлемдік жарыс түрлерінің қатарына енген.

Бұдан басқа да спорттың әр түрінен республикалық, жергілікті жарыстар өткізіліп, көптеген спорт кешендері тұрғызылды, облыста дене шынықтыру және спортпен айналысушылар саны едәуір артты.

Мақсат Сқақов облыс әкімінің орынбасары болып келгенде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары жаңа басталып жатқан болатын. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Өңірлік комиссияның төрағасы ретінде, ол Өңірлік жобаның офисі мен Өңірлік сараптау кеңесінің жұмыстарын белсене қолға алды. Ең алдымен, бағдарламаға жауапты басқармалар мен университет оқытушыларының есебінен тұрақты мамандар бекітіп, өзі бастап офис қызметкерлерімен бірге республикалық оқу-семинарына қатысып, ұлттық идеологиямызға айналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын меңгеріп келді. Облыс әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратынан кең де жарық үш кабинет жасақтап, кеңсе ашып, бюджетке салмақ салмай, меценаттардың демеушілігімен жиһаз, кеңсе тауарлары, басқа да керек-жарақты алып беруді ұйымдастырды.

Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әуелгі «Атамекен» кіші бағдарламасы мен кейінгі «Туған жер» арнайы бағдарламалары аясында жекелеген азаматтардың, бизнес өкілдерінің туған жеріне қамқорлық көрсетіп, руханият жанашыры ретінде демеушілік ету жұмыстары Мақсат Сқақов тұсында жоғары деңгейде жүзеге асты. Екі жыл қатарынан ең үздік көрсеткіштермен Маңғыстау облысы республикада көш бастап, өзге өңірлерге үлгі болды. Сол жылдары сараптау кеңесі мақұлдап бекітілген, іске асқан жобалар мен іс-шаралардың бәрінде Мақсат Нұрлыбекұлының қолтаңбасы бар.

Құқық қорғау органдарымен атқарылған жұмысқа келсек, жасыратыны жоқ, олардың арасында бірін-бірі түсінбей жан-жаққа тарту да кездесіп жатады. Мақсат Сқақов бұл жауапты сала мекемелерінің ішкі жұмысына араласпай, аймақтағы тыныштық пен заңдылықты қатаң сақтауда бірігіп қызмет етуге жұмылдыра білді.

Мақсат Нұрлыбекұлының шенеунікпін деп шіренбей, басшымын деп бәлсінбей, барлық әріптестерін сөзімен де, ісімен де баурап ала білді.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пәния Сармурзина былай дейді: «Бірге жұмыс жасаған уақыт ішінде Мақсат Сқақовтың кәсіби деңгейі жоғары басшы екендігіне көзім жетті. Қарамағындағы қызметкердің бәріне, басшысы бар, қосшысы бар, бірдей әділетті қарап, қол ұшын беруге дайын тұрады. Оны кешегі от ауызды, орақ тілді шешен, ел бастаған көсем, қара қылды қақ жарған әділ билердің бүгінгі тұяғы деп білемін».

Ал, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Гүлайым Азан: «Мақсат Нұрлыбекұлы өзін әлдеқашан майталман маман, жан-жақты қабілет иесі, жұртты сөзімен де, ісімен де разы қылатын ақылман азамат, еңбекқор, табанды және іскер басшы ретінде таныта білді. Сөз өнеріне деген ықыласы мен шешендігі тыңдағанды тәнті етеді, көсемдігі көпшілікті артына ертетіндей көшбасшылыққа жеткізді. Ал, қарапайым болмысы адами азаматтың тұлғасын биіктетіп келеді. Даналық сөзімен хандарды да тоқтатқан бұрынғының билеріндей, ел алдында сөйлегенде Елбасының өзі ынтасы мен ықыласын аударған Мәкеңді бүгінгінің биі деп қабылдауға әбден болады. Біз онымен әріптес болып, ұлт руханияты мен мемлекеттік идеология саласында бірге қызмет еткенімізді мақтан тұтамыз».

Мақсат Нұрлыбекұлының бойына біткен тағы бір асыл қасиет, оның жомарттығы мен қонақжайлылығы. Облысқа жан-жақтан келген қонақтарды мейрамханалар мен кафелерде ас беріп құрметтесе, қазіргі заманда ешкім де үйге шақырмады деп өкпелемес еді. Оның үстіне олар жеке басының емес, өлкенің қонақтары. Соған қарамастан бұл азамат, әріптестерінің айтуынша, алыстан келген талай адамдарды, оның ішінде әсіресе жасы үлкендерді шаңырағында дастархан жайып құрметтеп, баталарын алған. Олардың арасында жазушы, салт-дәстүр насихатшысы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, атақты палуан, олимпиада және әлем чемпионы, бүгінде кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, ғалым, шығыстанушы Ислам Жеменей, жоғарыда аты аталған белгілі заңгер, руханияттың жанашыры Бекет Тұрғараев, республикаға танымал кәсіпкер Төкен Жұмағұлов, т.б. бар.

Бұл Мақсаттың жеке басына біткен дара қасиетімен қатар, отбасы бірлігінің, татулығының, сыйластығының белгісі болса керек.

Қазақтың бір туар азаматы, мақтанышы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың әйелдер жөнінде мынандай бір айтқаны бар екен:

«Жаман келіншектің екі пышағы болады: біреуі қолында, біреуі – тілінде. Қолындағысымен нан турайды, тіліндегісімен жаныңды турайды.

Ал, жақсы әйелдің үш белгісі болады: жүзінде күлкі бар, қолында қонақ келгенде, нан жаятын оқтауы бар, күйеуіне ашуланғанда, тілінде тоқтауы бар».

Маған да жұбайыммен бұл шаңырақта болып, құрметтерін көру бұйырған. Мақсаттың жары Айнұр да Димекең айтқан жақсы әйелдің тәуір белгілерінің бәрі бар екендігін көзбен көріп, көңілге ұялатқанбыз.

Тағы бір ерекше көңілге түйгеніміз, бұл шаңырақта қазақтың иісі, рухы ерекше сезіліп тұратындығы. Дастархандарына молынан әртүрлі ұлттық тағамдар қойылып, арақ-шарап деген мүлдем болмайды екен.

2019 жылы 18 тамызда Мақсат Сқақов Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында: «Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсат Нұрлыбекұлы Сқақовты өзімнің штаттан тыс кеңесшім етіп тағайындадым. Ол қоғаммен байланыс жөніндегі жұмыстармен айналысады», – деп жазды.

Мақсат Сқақовты білетіндер Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс таңдау жасады деп есептейді және оның Президент сенімін абыроймен ақтайтынына күмән келтірмейді.

Ғани КАРИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Маңғыстау облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *