ЕҢБЕКСҮЙГІШ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ – СОЛТҮСТІКТЕ

Саясат Қоғам
564 Views

Солтүстікке көш түзеп, тәп-тәуір шаруа жасап, берекелі өмір сүріп жатқандардың бірі Түркістан облысындағы мақталы ауданның тумалары, ерлі-зайыпты Әлия Сатыбалдиева мен Айдос Айтимов. Бұл отбасы теріскейге қоныс аударуды ойланып, өзара ақылдасып жүрген болатын. Бір күні Әлия әлеуметтік желіден «Дәулеттен» қоры ұйымдастырған «Бала-шағамен – Солтүстікке» жобасымен танысып, өзінің жоспарларын ұсынып, жобаға қатысуға өтінім берді. Әлияның өтінімін қабылдап, жоспарлары құпталып, Солтүстіктің дәм-тұзы бұйырды. Жақында ғана 5 отбасының бірі болып, Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы, Сергеевка ауылына көшіп келді. Сатып әперген дайын баспанаға орналасып, енді кәсібін бастау үшін бір миллион теңге алмақ. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасы бойынша қаржылай, әлеуметтік көмектерді алады. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, биыл кешігіп қалғандықтан, келесі жылы қайтарымсыз грант алатынын біліп, ертеңге деген үміті маздай түсті.

«Еш жүрексінбестен, Солтүстікке көшіп, осындағы кең байтақ жерімізге орнығып, сан-салада қызу тірлік жасап, өсіп-өніп жатсақ жаман ба?. Өзім келгеніме өкінбеймін, қайта алдымнан жаңа мүмкіндіктер ашылғанына қуаныштымын» дейді Әлия. Өзінің бұрын басынан өткен қиындықтарын да айтып өтті.

—    Бес ұл-қызымыз бар. Үлкеніміз 11 жаста болса, кішкентайымыз 3 жаста. Өзім тұрмыс құрған соң оқып жүрген оқуымнан қол үзіп қалдым да, екі қолға бір жұмыс деп өзімді жұбатып, күйбең тіршіліктің ағымына күмп бердім. Жылдар жылжып өте берді. Күйеуім жеті ағайынды. Бізден кейін де інілері бар. Біз бөлек шығып, өз алдыма тіршілік жасауымыз керек. Шымкентке көшіп келіп, 4 жыл бойы пәтер жалдап тұрдық. Пәтер жалдап, көшіп-қонғанның қиындығын басына түскендер жақсы түсінеді. Бес баламен көп пәтер иелері қабылдамайды. Мен жұмыста жүргенде кішкентайым ыстық суға күйіп қалып, пәтердің иесі орыс әйел ойлануымызға мұрша бермей, бәрімізді пәтерден қуып шықты. Күйеуім құрылыстарда жұмыс жасады, тапсырыспен шашлык та пісірді. Өзім болсам күнкөріс қамы үшін балдарымның жастығына қарамай жұмысқа шығып, пол да, ыдыс та жудым. Өзімнің «Асель» пешіммен самса, бәліш, беляши, пирог, булочки секілді тәтті, жұмсақтарды дүкендерге, сауда орындарына өткізіп, күніне табыс тауып жүрдім. Басымдағы қиындықтар туралы жолдасымның да, өзімнің де туыстарыма айтып, ешқашан шағымданбаймын. Алақан жайып, көмек сұрауға да арланамыз. Деніміз сау, күш-қуатымыз барда қиындықты өзіміз жеңіп шығамыз деген мақсатымыз болды. Күнкөріспен күн өткізе бермей, келешекті де қамдау керектігін ойласам ұйқым қашатын. Балаларым өсіп келеді, баспана керек. Алматыда құрылыста жұмыс істеп жүрген күйеуім аяғын сындырып алып, біраз әбігерге түстік. Сөйтіп жүргенде солтүстікке көшуге байланысты жобадан 1300 өтінімнің ішінде 5 отбасының бірі болып қабылданғанымыз туралы хабар алдық. Әрі қуанып, әрі толқыдық. Ол жақтан үйді дайындап қойыпты. Жол шығындарымыз, ас-суымыздың бәрін өздері көтерді.

Мамырдың соңында көшіп келдік. Оңтүстіктен желең кіиініп шыққан біз мұнда келсек, қара суық боп тұр екен. От жақтық. Үйіміз тез жылиды екен. Жөндеуі бар, ұқыпты, балалармен тұруға ыңғайлы екен. Ең бастысы, өз баспанамыз. Келе сала, ауламызға картоп, қызанақ, болгар бұрышы, қияр, тағы басқа бақша өнімдерін егіп тастадық. Топырағы құнарлы екен. Жаңа ауылымыздың табиғаты тамаша, ауасы таза, шөбі шүйгін. Оңтүстіктің жоқтан бар жасайтын еңбекқор тұрғындары осында көшіп келіп, еңбектенсе, берекеге кенелер еді. Үйі де, күйі де болады деп ойлаймын.

Енді мемлекеттің беретін 1 гектар жерін тиімді пайдаланып, табысымызды көбейтсек деген ниетіміз бар. Келгеннен бері қарап жатпай, бұрынғыдай тәтті, жұмсақтарды пісіріп, дүкендерге, сауда нүктелеріне таратып, қолма-қол ақшамды алып қайтамын. Әп-сәтте өтіп кетеді. Күніне 8-9 мың теңге тауып, отбасының керек-жарағын өтеймін. Біздің аудан орталығына көшіп келгеніміз жұмысымызға қолайлы болып тұр. Үйіміз базарға жақын.

Келе сала оңтүстіктің сара салтымен жерошақ қалап, қара қазанды құрып тастап, бауырсақ пісіріп, жаппай нан жасап, қонақтарға дәм татқыздым. Жылы пейілдерін білдіріп жатыр.

Енді миллионды алған соң көп мөлшердегі ұнды илейтін аппарат және үлкен пеш, қаптап ұн алсам деп отырмын. Бұл жақта қолдан пісіріп сату жағы, кәсіпкерліктің қарқыны оңтүстіктегідей емес. Наубайхана бізден шалғайлау жерде екен. Мен наубайхана ашуға бекіндім. Күйеуім ескі гаражды бұзып, орнына наубайхана салып беру қамына кірісіп кетті. Мұнда бір бөлке нан 175 теңге. Мен нанымды мұнан арзанырақ сатпақпын. Берекесін берсін. Келешекте асхана ашсақ деген де ойымыз бар. Біз орналасқан Сергеевкада бір аралас, бір қазақ мектебі бар екен. Әрине, балаларымызды қазақ мектебіне береміз.

Істеймін деген адамға мүмкіндік көздері бар. Істің көзін тапса болады. Жалқаулықты жиыстырып қойып, еңбектенген адам ырзық-несібесіз қалмайды. Оңтүстіктегі ағайындар! Үкіметіміздің қолдауын пайдаланып, көшіп келіп, көбейе беруімізді нәсіп етсін жаратқан.

Көшетініміз жайлы анама айтқанда, ол өздерің біліңдер, өздерің шешіңдер деді. Бәрі жақсы, бізге ұнады. Тіршіліктің көзін де ойластырып қойдық. Өміріміздің осылай жақсы жағынан өзгергеніне Аллаға мың да бір шүкір айта отырып, осыған себепші болған «Дәулеттен» қорының жетекшілеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттің күнгейдегі халықты теріскейге көшіру саясаты ұтымды ұйымдастырылған бағдарлама. Өзім сияқты тәуекел етіп, ақ пейіл, жақсы үмітпен қоныс аударып, көш түзеген ағайынға көштеріңіз көлікті, қадамдарыңыз сәтті, отбастарыңыз аман, істеріңіз берекелі болсын деймін.

Айгүл ЖАНДІЛЛАҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *