ЕҢСЕНІ ЕЗГЕН ЕКІНШІ ОРЫН

Спорт
1 084 Views

Биыл Қырғызстанда өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық көкпаршылардың өзбекстандықтардан жеңіліп қалғанын білеміз. Ғаламторда бұл жайында аз жазылған жоқ. Жалпы алғанда, Көшпенділер ойындары қалай өтті? Қазақстан ұлттық құрама командасы нешінші орынды иемденді? Спорт тақырыбын жүйелі түрде жазып тұратын Сіздердің газеттеріңізден сол бір дүбірлі жарыс туралы толыққанды мағлұмат білгіміз келеді.

 Ержан ЕСІРКЕПОВ.

 Шымкент қаласы.

Биылғы 2-8 қыркүйек күндері Қырғызстанда ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілді. Олар бұл Ойындарды осымен қатарынан үшінші рет ұйымдастырып отыр. Ыстықкөл облысының Шолпан-Ата қаласындағы Орталық атшабарда дүбірлі доданың ресми ашылу салтанаты «Өмір ағашы» деп аталатын мәдени-тарихи театрландырылған қойылыммен бастау алды. Оған қатысушылар қырғыз халқының «Манас» эпостық жыры мен «Адамзаттың Айтматовы» атанған классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың әдеби көркем туындыларымен шебер байланыстыра білді. Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков құттықтау сөз сөйлеп, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялады. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбан қатысты.

Спорт шежіресіне үңілетін болсақ, 2014 жылы өткен І Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрткүл әлемнің 19 елінен келген 583 сайыпқыран қатысқан екен. Олар кок бору, кыргыз куреш, алыш, қазақща күрес, тогуз коргоол, эр эниш, кунан чабыш, аламан байге, жорго салыш, ордо секілді этноспорттың он түрінен сынға түскен екен. 16 алтын, 20 күміс, 19 қола медаль иеленген Қырғызстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алған. Он алтын, тоғыз күміс, тоғыз қола медальмен Қазақстан екінші орынды еншілеген. Үш алтын, үш күміс медальмен Түркіменстан үздік үштікке іліккен.

2016 жылғы ІІ Ойындарға 62 елдің 1200-ге жуық өкілі қатысқан. Олар 26 этноспорт түрінен сайысқа түсіп, 387 медальдар жиынтығын сарапқа салған. Нәтижесінде, 25 алтын, 25 күміс, 29 қола медальді жеңіп алған Қырғызстан бұл жолы да озып шыққан. 15 алтын, үш күміс, алты қола медальға иелік еткен Түркіменстан екінші орынға көтерілген. 12 алтын, 13 күміс, 13 қола медальмен Қазақстан үшінші орынға сырғыған.

 Биылғы ІІІ Ойындарда 80 елден келген 3000-ға жуық саңлақ жарыс жолына шықты. Олар 37 этноспорт түрі бойынша сынға түсіп, 594 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Соның 16-сы қырғыздардың ұлттық спорт түрі («Салбуурун» – ұлттық аңшылық, тағы басқалар) болса, қалғаны басқа көшпелі халықтарға тиесілі (асық ату, тоғызқұмалақ, аң аулау, тағы басқа) болып отыр. Ұлттық күрес жекпе-жектерінің 13 (қазақ, өзбек, тәжік, түркімен, түрік, тағы басқа) , ат спортының сегіз (көкпар, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, бәйге, тағы басқа), садақ атудың бес түрінен, дәстүрлі зияткерлік ойындардан өзара бақ сынасты. Ойындар Шолпан-Атадағы Орталық спорт кешені мен Қыршын жайлауында өтті. Қазақстандық 134 атлет 25 этноспорт түрінен сынға түсті. Ойындарды өткізуге Қырғызстан Үкіметі 303,1 миллион қырғыз сомы көлемінде қаржы бөлген. Соның 128 миллион қырғыз сомы спорттық шараларға, 100 миллион қырғыз сомы ұйымдастыру шараларына жұмсалған. Жарыстың жалпы жүлде қоры 28 миллион қырғыз сомын құраған. Бұл – шамамен алғанда 130 миллион теңге немесе 403 мың доллар деген сөз. 56 елден келген 604 журналис жарыс жайында өз елдеріне жедел хабар таратқан. Олардың арасында 50 телеарна, 12 радиостанса, 67 ақпараттық агенттік, 48 газет тілшісі мен 50 блогер болған. Аламанды 60 елдің телекөрермендері тамашалады.

Қазақстандық қол күресінің (арм-рестлинг) шеберлері – Оксана Письменная (81 келі салмақта), ал Антонина Лисянская (+75 келі салмақта) оң және сол бағдарламалары бойынша чемпион атанды. Ерлер арасынан Вали Фароджов (75), Андрей Степанчук (95), Олег Сазонов (105), Дмитрий Трубин (+105 келі салмақта ) алтын және күміс (оң және сол қол бағдарламалары бойынша) жүлдені жеңіп алды.

Қырғыздардың алыш (алысу) спорты бойынша Перизат Жақыпбекова мен Арайлым Ханзада күміс, Ұлжан Дүйсенбаева қола медальға иелік етті. Ерлер арасынан Айдос Құлманбетов мен Ақжол Қайыпхан қола медальды місе тұтты.

Қырғыз күресінде Әлішер Мұханбетжанов (55), Мержан Берекетов (60), Леонид Станеев (84), Арман Қалиев (96) күміс, Құмар Қырғызбаев (66) қола медальдарды жеңіп алды.

Тәжіктердің ұлттық спорты – гуштини милли камарбандиден (белбеу күресі) Мұратхан Берікбол (68) мен Мақсат Жанділдаев (абсолюттік салмақта) қоржынға қос қола жүлде салды.

Қазақша күресте – Әбілқайыр Мәуленин (70) ресейлік Владимир Жаданов пен қырғыз балуаны Мирлан Ералиевті тізе бүктіріп, чемпион атанды. Шардаралық жерлесіміз Ерсұлтан Мұзаппаров (90) эстондық Александр Мармелук пен өзбек балуаны Сарвар Икромовтан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Өз кезегінде Нұрдәулет Жарылғапов (абсолюттік салмақта) қола медальді қанағат тұтты.

Арқан тартыста қазақстандықтар қола медаль еншіледі. Жекелей сында команда капитаны Қайратхан Шонху күміс медальді жеңіп алды.

 Көкпаршыларымыз Ресейдің Красноярск қаласының өкілдерін 15:3 есебімен ұтты. Американдық көкпаршыларды да қапы қалдырды (20:9). Алайда жартылай финалда өзбекстандықтардан ұтылып қалды (4:5). Қырғызстандықтар Ресейдің Мәскеу облысының спортшыларынан 23:5 есебімен басым түсті. Аса шешуші ақтық финалдық сайыста айырқалпақты ағайындар алашапандыларды 32:9 есебімен ұтып, өткен жылғыдай тағы да бас бәйгені жеңіп алды. Мәскеу облысының командасын 17:1 есебімен жеңген Қазақстан үшінші орынды місе тұтты.

Қол күресінің (мас-рестлинг) шеберлері – Дарья Нестерова (85) екінші, ал Медет Есболаев (60), Темірлан Шәмет (70), Вячеслав Старков (105), Александр Краснов (125) үшінші орындарды иеленді.

 «Бүркіт салу» жарысы бойынша бас бәйге қырғыз спортшысына бұйырды. Башқұртстандық бүркітші екінші орынды еншіледі. Қазақстандық Серікбек Күнтуғанұлы қола медальді қанағат тұтты.

Түркімен курашта (белбеу күресі) Әділет Шалғынбекұлы (62) мен Амандық Абылай (абсолюттік салмақта) қола жүлде иеленді.

Түрік күресінен Әуезхан Құрданқұлов (65) алтыннан алқа тақты.

Тоғызқұмалақшыларымыз үш алтын, екі күміс, бір қола медаль иеленді. Ұлттық спортымыздың осы түрінен әлемнің сегіз дүркін чемпионы Әсел Дәлиева жекелей есепте де, командалық есепте де алтыннан алқа тақты. Түрік тоғызқұмалағы (мангала) ойынында қазақстандықтар командалық есепте қос-қостан күміс және қола медальдарды жеңіп алды.

Барлығы 40 алтын, 32 күміс, 31 қола медаль жеңіп алған Қырғызстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орындағы Қазақстанның еншісінде 18 алтын, 24 күміс, 34 қола медаль бар. 17 алтын, 12 күміс, 27 қола медаль олжалаған Ресей Федерациясы (олардың құрамында 12 аймағы бар) үздік үштікті қорытындылады. Он алтын, бес күміс, 12 қола медальмен Түркіменстан төртінші орынға тұрақтады. Жеті алтын, сегіз күміс, 18 қола медальмен Өзбекстан бесінші орынды місе тұтты. Бір алтын, екі күміс, екі қола медальмен Тәжікстан 12 орынға жайғасты. Жалпы, 28 елдің саңлақтары медальға қол созды.

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсімінде Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мұхамедкалый Абылғазиев қатысты. Ол Көшпенділер ойындарының рәміздері – көөкөрді (саба) және Көшпенділер ойындарының туын 2020 жылғы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының иесі – Түркия Республикасына тапсырды. Рәміздерді Түркия Жастар және спорт министрінің орынбасары Хамза Йерликай қабылдап алды.

 Ә. ДОСЫБЕК.

 Шымкент қаласы.

     

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *