ЖАЛЫНДЫ ЖУРНАЛИСТ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

Билік
497 Views

Жылқыбай Жағыпарұлымен ЕҰУ студенттерімен кездесуі өткізіліп, «ҚАРАСАРТ» кітабының таныстырылымы болды

Ағымдағы жылдың 12 желтоқсан күні «Қазақ» газетіне 110 жыл онкүндік декадасы аясында Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі журналист-публицист, жазушы Жылқыбай Жағыпарұлымен жүздесу болды. Қызықты басқосу Сұлтан Оразалы атындағы аудиторияда ұйымдастырылып, белгілі медиаменеджер еркін форматта қазіргі журналистиканың қыр-сырлары туралы тебірене әңгімеледі. Білім алушылардың көптеген сұрақтарына толымды жауапберіп, сұрақ-жауап түріндегі жүздесу тартымдылығымен, терең ғибраттылығымен есте қалды.

Жылқыбай Жағыпарұлы студенттерді өз шығармашылығынан жан-жақты хабардар етіп, қалам киесі туралы жүрекжарды әңгімелерін айтты. Мемлекеттік тапсырыспен «Дәуір» баспасынан шыққан «Қарасарт» атты повестер мен новеллалар жинағының таныстырылымы өткізілді. Басқосуға Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, PһD Амангелді Шурентаев қатысып, жазушының шығармашылығына қатысты жылы лебізін білдірді.

Жылқыбай Жағыпарұлы – қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, танымал публицист, жазушы, оқырмандарының ыстық ықыласына ие болған бірнеше прозалық кітаптардың авторы. Жылқыбай Жағыпарұлы 1954 жылдың 11 қыркүйегінде небір тарихи оқиғалардың дүрмегі өткен қазақтың қазыналы әрі шежірелі мекені — Қарқаралыда жылқышы отбасында дүниеге келген. 1971 жылы Қарағайлы кентіндегі №3 орта мектепті бітіріп, 1974 жылы отбасы жағдайына байланысты әскерден Целиноград қаласына оралады. Қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлының бұдан кейінгі барлық саналы ғұмыры кешегі Ақмола – бүгінгі Астананың буырқанған шежіресімен қоса өріліп келе жатыр. Осы жерден ол оқуға аттанды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап, өзінің еңбек жолын 1978жылы Ақмола облыстық «Арқа ажары» («Коммунизм нұры») газетінен бастады. Осы газетте 30 жылға тарта табан аудармай еңбек етіп, әдеби қызметкерден бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейінгі өсу жолынан өтті.

Болашақ қаламгердің алғашқы әңгімелері, мақалалары мен очерктері де осы қаладағы іргетасын қазақтың біртуар перзенті, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин қалаған «Арқа ажары» («Тіршілік») газетінде жарық көрді.

Жылқыбай Жағыпарұлының журналистік дарыны мен қабілеті сан қырлы. Оның суреттеме, мақала, очерк, публицистика жанрларында жазылған туындылары әрдайым жұртшылық көңілінен шығып келеді. Сонау бір жетпісінші, сексенінші жылдары жеті пайыз ғана қазағы бар Ақмола қаласында ұлттық дәстүр, туған тіліміз бен діліміздің проблемалары өте күрделі еді.

Тоталитарлық кеңес жүйесінің қаталқыспағына қарамастан сол кезеңдегі ат төбеліндей ақмолалық қазақ азаматтарының ұлттық рухы асқақ болатын. Туған топырағында өгейлік күйін кешкен ұлттық болмыстың ащы қасіретін ашына жазған Ж.Жағыпарұлының «Уа, ағайын!», «Дат, халқым!» деп басталатын публицистикалық толғаулары Арқа өңіріндегі ұлтжанды оқырманның намысын қайрап, рухын көтеруде игі ықпал жасады.

Ж.Жағыпарұлы Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы 1979 жылы Целиноград қаласында болған наразылық шеруінің бел ортасында жүрді. Жалынды үндеулер жазып, бейбіт шерудің бұқаралық сипат алуына белсенді үлес қосты. Осы оқиғадан кейін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан тексеруден өтіп, осы органның тұрақты назарында болды. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде «сенімсіздер» қатарында бақылауға алынды.

Сексенінші жылдардың ортасында Целиноград қаласындағы жалғыз қазақ мектебі — Жамбыл атындағы №4 мектепте бірінші сыныпқа бала болмай, бастауыш сыныптар жабылды. Бала саны 200-ге толмайтын мектептің болашағына қатер төнді. Сол уақытта Ж.Жағыпарұлы үй-үйді аралап, ата-аналар арасында үгіт жұмысын жүргізіп, қазақ мектебін қиын тығырықтан алып шыққан ұлтжанды ұстаз, марқұм Жанна Байсейітқызы Әрпеноваға жан-жақты көмек көрсетті. Ал 1987 жылы ол баласы бірінші сыныпқа баратын әрбір отбасында болып, ата-аналармен жан-жақты жұмыс жүргізіп, Ақмола шежіресінде алғаш рет Целиноград қаласының қақ ортасында №3, №8 және №26 орыс орта мектептерінде бірінші қазақ сыныптарын ашты.

Ж.Жағыпарұлы республикамыздағы алғашқы «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ерекше еңбек сіңіріп, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. Қоғамның құрылтайында беташар сөз сөйлеп, баяндама жасады. Ол облысымыздағы орынсыз бұрмаланған тарихи жер атауларын қалпына келтіру, қала көшелерінің атауын қазақтандыру жұмысына да белсене араласты. Ол 1988 жылы 31 мамырда қаладағы студент жастардың көмегімен республикамызда тұңғыш рет 1932-33 жылдардағы аштық құрбандарын еске алу митингісін өткізіп қала ортасындағымұсылмандар зиратында қалпына келтіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Осы митингі соңында алдағы уақытта жыл сайын 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өту туралы Үндеу қабылдауға ұйытқы болды.

2005-2007 жылдар аралығында Жылқыбай Жағыпарұлы республикалық «Ел» газетінің бас редакторы болып еңбек етті. Ал 2007 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін еліміздің бас газеті — «Егемен Қазақстанда» еңбек етті. Көзі қарақты оқырман Жылқыбай Жағыпарұлын азаттықтың Көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі айтулы оқиғаларға жалынды үн қосқан, өзінің азаматтық ұстанымын батыл айта білген қаламгер ретінде таниды. Оған егемен еліміздің қалың оқырманының қызу қолдауына ие болған «Егемен Қазақстандағы» терең де өткір толғаулары куә.

Ж.Жағыпарұлы талғамы терең оқырманның лайықты бағасын алған «Үміт толқыны», «Зар-нала», «Қиянат», «Астана» (құрастырған), «Ұлт ұясындағы ұлағат” (құрастырған), «Залал», «Қалам киесі», «Ақмола көтерілісі» атты кітаптар мен жинақтардың  авторы.

Еңбектегі жетістіктері үшін Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» (2001ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2004 ж.),«Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен (2004 ж.), «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен (2014 ж.), «Құрмет» орденімен (2017 ж.) марапатталған. Ол Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. Өнегелі отбасының иесі. Төрт бала тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *