ЖИЕНҚҰМДЫҚТАР ЖҮЗБАЕВТАН НЕГЕ ЖЕРІДІ? НЕМЕСЕ ҰСТАЗ АТЫНА КІР КЕЛТІРГЕН КІМДЕР?

Билік Қоғам
644 Views

Жиенқұм ауылында жүз қаралы түтін бар.

Ағайын іші қоян-қолтық араласа сыйласып, айрандай ұйыған ауыл соңғы әлетте дабыра мен дауға ілікті.

Әдетте қарапайым халық ауыз су, газ, жол мәселесін ашына айтып, редакцияға шағымданып келетін. Бұл жолғы ағайындардың ашуы мүлде басқа. Ұзын-ырғасы бір теле хикаяға жүк болардай шым-шытырық оқиғаға толы шулы тақырып болып шықты.

Мұндағы басты мәселе – педагогтар мәртебесінің аяқ асты болғаны… ұстаз деген ұлағатты есімді табанға таптаған мектеп директоры мен тарих пәні мұғалімі арасындағы жеке қарым-қатынас, сөйте тұра олардың қызмет бабын асыра пайдаланғаны, өзге қызметкерлерді негізсіз жұмыстан қуғаны ел-жұрттың қитығына тиеді…

Әдепкіде сыбыр-күбір өсек-аяң секілді көрінгенмен, жағдай ушыға келе адам тағдырын тәлкекке салған жайттар жиі кездесе берген соң, аядай ауыл халқы жан-жаққа арыздануға, заңдық тұрғыда ізденуге мәжбүр болған. Иә, ақиқатын айтқанда мұның астарында ұрпақ болашағы, ел намысы жатыр…

Құнанбай заманында жер мен жесір дауын ел ағалары, ауыл билері шешті, кімде-кім аманатқа қиянат, әділдіктен қия басса көк есекке теріс мінгізіп, ауылдан біржола аластап жіберетін. Бұл күнде заман басқа, заң басқа… Жиенқұмның бас көтерер азаматтары жиылып, әдепкіде мектеп басшысы Анарбай Жүзбаевқа ескерту де берген, ақсақалдық ақылы мен басуын айтып, жөн сөзге шақырған. Бірақ, мұнан еш нәтиже болмай, керісінше кикілжің мен кедергілер жалғаса берген соң, айыптыларды сотқа да берген.

Әңгімені алыстан орағытпай, қысқа баяндайық.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Жиенқұм елдімекенінің тұрғындары қазір елге қарауға бетіміз жоқ, балаларымызды бұл мектепке жібермейміз, автобус жалдасақ та көрші ауылға оқытамыз деп бекініп алған. Олардың айтуынша, білім ұясының басшысы өзінің қарамағында жұмыс істейтін ұстазбен жақындасқан. Оны білген ауыл азаматтары мұндай педагогтардың балаларымызға сабақ беруге моральдық тұрғыда құқығы жоқ, орынды босатсын дейді. Жиенқұмдықтар осы мәселені айтып аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне барады. Алайда, одан халықтың талабы орындалмапты.

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына келіп түскен арыздың ақ-қарасын анықтау мақсатында Жиенқұм ауылына тарттық. Ауылдың белі бүгілген қариясына дейін тайлы-тұяғы қалмай жиналыпты. Шағымданушылар мектеп басшылары жапа-тармағай қызметтік бабын асыра пайдаланғанын шырқырай айтты. Яғни, директордың сол кездегі оқу ісі жөніндегі орынбасары болған Айгүл Зияш ұстаздар мен кіші қызметкерлерге заңсыз талаптар қойған, қосымша сабақтан түскен табысын бөлісуді міндеттеген, келіспегендерін жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоққы көрсеткен.

Мәселен, ауыл тұрғыны Төленбек Өтемісов ақсақал «Қызыма тағы бір пәннен қосымша сабақ беру жөнінде бұйрық берілген. Әлгі А.Зияш менің қызыма «Жалақы алған күні 25 мың қолыма ұстатасың!» деген. Содан қызым жиырма бес мың орнына бес мың бергені үшін А.Зияш жанжал шығарған. Ақыры екеуі келіспегендіктен, қызым Шымкенттегі мектептердің біріне жұмысын ауыстыруға мәжбүр болды» деп отыр. Жалпы білім ұясында бүгінге дейін ұстаздық қызмет атқарып жүрген 5 азамат осы секілді қысымдарға шыдамай, жұмыстан лажсыз босап кеткен. Ал, мектеп директоры А.Жүзбаевтың сөзіне сенсек, ұстаздардың барлығы кезінде өз арызы бойынша еріктерімен жұмыстан шығып кеткендер…

Сонымен қырық кісінің айтқаны хақиқат па, әлде сын садағына ілініп, ел наласын тудырған мектеп басшысы А.Жүзбаевтың сөзінде шындық бар ма?! Жалпы, Жүзбаевтың жүзі жарқын дей аламыз ба?! Шын мәнінде мектеп директоры жыл сайын ұстаздарға өз еркімен қызметтен кету жөнінде алдын-ала өтініш жаздырып алып отыратын көрінеді. Басшы құрамның айтқанын істеп, айдауына жүрмеген мұғалімдерді өз қолдарымен жазып берген бұрынғы арызы негізінде жұмыссыз қалдырамын деп қыспаққа алып келген.

Осындай заңсыздықтардың кесірінен бүгінде жұмыссыз қалған Айдархан Бегманов мектеп директоры өз үйіндегі жеке жұмысына жегіп келді, дегенін орындамай қойсам, «жұмыстан кетесің!» деп дөңайбат танытты дейді.

Алайда, бір қауым ел қарап қалмайды, жиылып бір ауыздан арызданған соң, А.Зияш жұмыстан шығарылады. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды, араға екі жұма салып, қызметке қайтып қабылданады, бұрынғыдай орынбасар болмаса да, пән мұғалімі ретінде… осылай ауыл тұрғындарының көңілі су сепкендей басылды. Мұның барлығы мектеп директоры А.Жүзбаевтың іске асырып отырған әрекеттері деп біледі.

Әрі қарай әңгіме былай өрбиді.

Бір топ жиенқұмдықтар қол қойған арызға назар салсақ:

«Мектептің бүкіл жұмысын оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Зияш қадағалап отырды, яғни оның ақ дегені ақ, қара дегені қара, барлық мәселені өзі шешеді. Оған қарсы келген мұғалім болса, соның артынан шырақ алып қудалайды. Сағатын қысқартады, сабағына атқаратын жұмысына негізсіз тексерулер жүргізіп, мұғалімнің жүйкесін жұқартып, әбігерге салып титықтатып амалы қалмаған «байғұс» мұғалімді жұмыстан статьямен шығарамын деп айқайлап, ақыры өз еркімен арыз жазуға мәжбүрлеп жұмыстан қуып шығарады. А.Зияштың осындай әдіспен мектептен әр жылдары Жазира Байкенже, Камила Архарова, Айдархан Бегманов, Ұлбосын Байтикова және Нұржамал Қонысова атты мұғалімдерді жұмыстан шығарып жібергені туралы фактілер келтіруте болады. Осыны көріп отырған өзге мұғалімдер отбасын асырап отырған жұмысынан айырылып қаламын деп қорқады және оның айтқанын екі етпей орындайды.

А.Зияш ҚР «Педагог мәртебесі» туралы заңын өрескел бұзып, қызмет бабын асыра пайдаланып Шерхан Кенеханов, Сәулет Мырзахан, Ақыл Тұрлыбаев, Өтежан Айғұлиев т.б. мұғалімдер мен мектептің кіші буын қызметкерлерін жаңадан соғып жатқан тұрғын үйіндегі құрылыс жұмыстарына ақысыз пайдаланып, үйін қоршап бітіріп алды.

А.Зияш әсіресе ауыл жастарына тиісіп, кешкі уақытта үйінің жанынан көшеде өтіп бара жатқан жас жігіттерге жөн-жосықсыз «Сендер мені зорлауға келдіңдер, бәріңді соттатамын!» деп жала жауып, учаскелік полицияны шақырып, талайды әбігерге салды.

Ауыл тұрғындарының қай-қайсысымен болса да араларында келіспеушілік туындаса болды, мектепте оқитын немесе мектеп жанындағы шағын орталықта яғни балабақшадағы балаларын шеттетіп, оқушылардың бағасын төмендетіп, ұлттық бірыңғай тестке қатыстырмаймын деп ылаң шығарған.

2020 жылы өзінің 10 сыныпта оқитын баласы Ә. төбелесіп қалғаны үшін 11 сыныпта оқитын Ө.Қалдыбек пен А.Асубайға «Сендердің әкелерің өмір бойы мал баққан, сондықтан сендерге оқудың керегі жоқ!» деп мектептен қуып жіберді. Кейін осыған байланысты айқай-шу көтерілген соң, Абылай Асубайды қайта қабылдады, ал Өмірбек Қалдыбек орта мектепті Шалдар ауылындағы «Абай» орта мектебінде бітіріп шықты.

2021 жылдың 14 қазан күні А.Зияш ауыл дүкенінің ішінде азамат Абылай Сәрсенге әй-шәй жоқ «Неғып амандаспайсың?» деп дөрекі мінез көрсетіп, бетінен шапалақпен салып жіберген. Ол аздай, ертесіне Абылайдың балабақшадағы Қаныш пен Дінмұхаммед деген екі баласын балабақшадан шығартып жібереді. Абылай Сәрсен өзіне көпшілік орында қол жұмсап ұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып сотқа берді. Осы оқиғаға куә болған дүкенші Дана Сатыбалдықызын «сотта ұрған жоқ» деп жалған куәлік беруге үгіттеген. (Үйіне барып қорқытқан кезде жазып алынған аудио жазбалар бар). Бірақ оның дегеніне көнбей куә ретінде сотта шындықты айтқаны үшін Д.Сатыбалдықызының 11 сыныпта үздік оқитын қызының бағасын төмендетіп 4 деген баға қойғызды. Сонымен қатар қарамағындағы мұғалімдерге Дананың дүкеніне барып сауда жасауларына тиым салып, ол жерден сауда жасағандарыңды көрсем аямаймын деп «тапсырма» берген. А.Зияштың осындай үркітіп ескертуінен кейін мұғалімдер азық-түлік тауарларын алу үшін ауыл шетіндегі басқа дүкенге барып жүр.

Абылай Сәрсеннің арызы бойынша А.Зияшқа қатысты Бәйдібек аудандық соты 16.11.2021 жылы осы істі қарап, құқық бұзушыны ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73-2 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып, 29 170 (жиырма тоғыз мың бір жүз жетпіс) теңге айыппұл салды және оның бұл әрекетінің қоғамдық қауіптілігін, асырауында жас балаларының бар екенін ескеріп 6 (алты) айға дейін ерекше талап белгіледі. Айгүл Зияшқа ерекше талап белгіленген мерзімде профилактикалық әңгімелесу үшін Бәйдібек аудандық полиция бөліміне айына бір рет келіп тұруды міндеттеді. Аудандық соттың қабылдаған шешімімен келіспей А.Зияш облыстық сотқа апелляциялық шағым келтірген болатын. 10.12.2021 жылы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық сатыда қарап, Бәйдібек аудандық сотының 16.11.2021 жылғы қаулысын өзгеріссіз қалдырып, А.Зияштың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Міне біздің жоғарыда баяндағандарымыз Айгүл Сәрсенбайқызы Зияштың елге, мектеп ұжымына істеген қиянатының бір сыпырасы ғана.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының педагогтік әдеп туралы 5 бабында былай жазылған:

1. Педагогтік әдеп заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді.

2. Педагогтік әдепті бұзу тәртіптік теріс қылық болып табылады және педагогті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа алып келеді.

Сондай-ақ, педагогтік әдепті білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетіндігі туралы атап көрсетілген.

Сондықтан осы жайды баяндай келе құзырлы орындардан осының бәрін ескерген біздер Жиенқұм ауылының тұрғындары А.Зияштың болашақ ұрпақтарымыз тәрбиеленіп жатқан білім ордасы мектепте қызмет атқаруға моральдық құқығы жоқ деп есептейміз. Осындай бүтін бір елдің жанайқайын ескеруді сұраймыз.

А.Зияштың мектептегі қызметінен «Еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарымен тәртіптік теріс қылықтарына сай мүлдем босатуды (статьямен) талап етеміз!»

Міне, арыз хаттың жай-жапсары осындай.

Ауыл жұртын сансыратып сан-саққа жүгірткен, аты педагог, заты адамдықтан ада пенделерге заң жағынан тоқтам болуы керек. Ар безбеніне салсақ, өзгені өзекке теуіп жазықсыз жұмыстан қуғаны, «өз еркімен» кетті деп жала жапқаны секілді олардың да «өз еркімен» қызметтен кеткені абзал! Әйтпесе, халықтың қалауы, елдің наласы мен ашу-ызасы текке кетпейді!

Ел болашағын ойласақ, ең алдымен білім саласындағы жүгенсіздіктерді, жемқорлық пен сыбайластықты жою ең міндетті парызымыз.

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *