МЫҚТЫБЕК АҒАЙ МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕГІМІЗ ЕДІ…

Білім Тұлға
527 Views

«Ұстазыңды пірдей көр, ата-анаңды бірдей көр» дегендеқазекем ұстаздың жолы ұлы жол екенін, өмірдің ағысы кең дариясында ұстаздың берген тәрбиесі бәрінен қымбат тұратынын ұғындырғандай. Расында, сонау мыңтоғыз жүз алпысыншы, жетпісінші, бертінгі сексенінші жылдардағы ұстаз келбетімен абыройы қандай еді?!

Күллі ауыл-аймақ ұстаздың төбесі көрінсе аяғынан тік тұратын, қоғадай жапырылып сәлем беретін, есімін құрмет тұтатын. Ол заманда ұстаз есімі қашанда қастерлі болды. Осындай ұстаздар эталонын көрген ұрпақтың бірі мына біз. Қадірлі ұстазымыз Мықтыбек ағамыз зиялылық эталонының бір шоғыры еді. Бізді адамгершілікке, адалдыққа, әділдікке үйретті. Әдебиет әлеміне құштар етті. Жаны әзіз Мықтыбек ағайымыз есімізге түскенде оның сөзсіз парасатты тұлғасы елестейді… «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген екен қазақ киносының серкесі Серке Қожамқұлов.

Бүгінде мектеп бітіргенімізге қырық жылға таяса да балаң күніміздегі ұстаз бейнесі сол күйі көз алдымыздан еш аласарған емес. Қайта уақыт өткен сайын тау тұлғаланып биіктеп барады.

Кеңес Одағының батыры, майдангер жазушы Мәлік Ғабдуллин ағамыз бір сөзінде: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді!» деген екен. Бұл сөздер құдды біздің Мықтыбек Жорабекұлы ағайымызға қарап айтылғандай. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Мықтыбек Баймұхамбетов ағайымыз өзін тіп-тік ұстайтын, қимылы ширақ, денесі сыптай, сөздері мірдің оғындай. Әңгіме барысында қауып емес, тауып айтатын, сынағанда тілмен безбендеп алатын. Ол кісіден оқушы біткен, тіпті мектептегі мұғалімдер именуші еді. Әлгінде ғана қоңырауда азан-қазан болып жатқан класқа ағай кіріп келгенде кенет жым-жырт тыныштық орнап, бөлмеде шыбынның ызыңы естілмейді… Сабақты әдіптеп түсіндіреді, сөз саптасы, ойының ұшқырлығы, білімдарлығы бұл күндері қарап отырсам, мектептің қатардағы мұғалімінен гөрі универде лекция оқитын профессорға көбірек ұқсап кетеді. Біздің буынды әдебиетке, сөз өнеріне баулып, қазақ фольклорымен сусындатып өсірді. Ағайдың тіл байлығының арқасында нағыз кітапқұмар болдық. Бұл күнде әрқайсымыз әр қалада, әр салада өз орнымызды тапқанбыз. Қазір сол баяғы Мықтыбек ағаның салып кеткен дара жолымен жүріп келеміз. Ол бізге мәуелі бәйтерек бола білді, ал біздер сол алып ағаштың саясында дамылдап, тамырынан нәр алып, өмір-дарияның толқынына сүңгіп кеткендейміз…

Мықтыбек Жорабекұлы жанымызда болғанда биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді. Әттең, шолақ дүние, осыдан екі жыл бұрын мәңгілік бақиға сапар шекті. Бұл күндері тек ол жайлы жылы естеліктер ғана қалды. «Дарақ бір жерде өсіп көгереді» демекші, 1942 жылы Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген Мәкең осы ауылда өсіп-өнді, мектеп бітірді. 1969 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдап, туған ауылына келіп, ұстаздық етті. Көшіп-қонып қызмет ауыстырып, не қызмет баспалдағын мұрат тұтқан жоқ. Тек болашаққа ең қажет іс – педагогикамен шұғылданды. Жылдар бойы талмай еткен еңбектің тылында талай ұрпақтың сана сәулесін ашып, биік дәрежеге жетті. Оның білімін алған шәкірттерінің көбі қазір ғылым мен кәсіпте анау айтқан жетістіктерге қол жеткізген. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» деген міне, осыдан қалса керек. Өзі өмір сүрген ортаны алақандай ауылды белсенді қоғамға айналдыра алуы оның жан-дүниесінің қырағылығы, көкірек сарайының көрегенділігі!

Мықтыбек ағай қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, көптеген жиындар мен отырыстарда алдымен қазақ тілінің ау-жайын жиі қозғайтын, қазақ мектептерін көбейту керектігін жаны тебірене айтып жүретін. Айтып қана қойған жоқ, өзі ынты-шынтысымен атсалысты. Қаламынан құнды туындылар туды. Поэзия әлеміне құлаш сермеп, өлеңдері газет беттерінде жарияланып тұрды. Әңгіме, повестьтерінде ауылдың шынайы кейіпкерлерімен бірге сол біз өмір сүріп жатқан қоғамның бетпердесі менмұндалап көрінетін. Шынайы кейіп пен көріністі суреттей отырып, қоғамдағы проблеманы дөп басады. Мұның өзі шеберлік! Ағайды газет редакторлары да, өзге өңірлер де жұмысқа шақырды, алайда ұстанымынан қайтпайтын Мәкең туған жерге қалтқысыз қызмет етті. Қазақы болмыстағы Мықтыбек ағайымыз қара шаңыраққа ие болып отырды, атадан балаға мұра болып келе жатқан әулеттегі жалғыз ұл болғандықтан әкесінің қас-қабағын бағып, осында үйлі-жайлы болды. Қазір ол кісіден тараған үш ұл, бір қызы, немерелері мен шөберелерінің өзі бір қауым. Қызы Құралай қазір Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Жетісу унивеситетінің докторанты, әкесінің осыған дейінгі жазбаларын жинақтап «Бозойнақ» деген атпен кітап етіп бастырып, тұсаукесерін өткізді.

Ағайдың көркем шығармалары енді ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болды. Лайым, осылай текті тұлға ұрпағымен мың жасасын.

Айта кетейік, қырық жыл ұстаздық еткен Мықтыбек Баймұхамбетов ағамыздың құрметіне №106 Қайнарбұлақ атындағы орта мектептен арнайы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Кабинетке аға ұстаз Мықтыбек Жорабекұлы Баймұхамбетовтің есімі берілді. Ағайымыздың қызы Құралай мектепке келіп, әке рухына тағзым етті, Мәкеңнің бірге оқыған замандастары, курстас, группаластары, қызметтестері, ағайындары, достары және шәкірттері жиналды. Кеш барысында бүкіл ғұмыры мұғалімдікпен өткен Мықтыбек ағаның еңбектері, шығармашылық жолы айтылды.

Мықтыбек Баймұхамбетовтей ұстазымыздың келбеті біздің түлектердің мәңгі жадында.

Шәкірттері атынан

Сәкен ДАРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *