ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫСЫ ПӘРМЕНДІ БОЛСЫН ДЕСЕК…

Заң Құқық
1 403 Views

Түркістан облысы құрылды. Орталығы Түркістан қаласы болды. Қазақ елінің тарихында алтын әріптермен қалатын шешім болды десек қателеспейміз. Сондай-ақ Түркістан түркі тектес халықтарының да рухани астанасына айналды. Алыс жақын шетелдерден келетін қонақтар үшін де туристік қаланың біріне айналды. Ендігі мақсат – жергілікті халықтың және саяхатшылардың тыныштығы мен қауіпсіздігі. Бұл жолда облыс әкімі Ж.Түймебаевтың басшылығымен көптеген кеңестер өткізіліп, шаралар жүзеге асырылуда. Бұл әрине алдағы уақытта өз жемісін береді. Өткен аптада Түркістан қаласында Түркістан қаласының полиция басқармасының есебі негізінде алқалы жиын өтті. Жиында Түркістан облысының ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қ. Дәлібеков, Түркістан қаласының әкімі Ә. Өсербаев және жергілікті тұрғындар белсенділік танытты. Жиынның басты мақсаты – қылмыстың алдын алу, қауіпсіз қоғам құру. «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің өкілі сол жиынға қатысқан болатын.

 

Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, Түркістан қаласының әкімі:

БІРЛЕСЕ, АҚЫЛДАСА АТҚАРАТЫН ТІРЛІКТЕР КӨП

– Бүгінгі есепті жиналысқа жасөспірімдердің тәртібін қадағалауға қатысты полицейлерді арнайы шақыртып отырмыз. Сіздер тек мектепті ғана қадағалайсыздар. Мектептен тыс жерлерге көңіл бөлмейсіздер. Негізі бұл дұрыс емес. Келесі жылы наурыз айында 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Одан әрі қарай 42 тұрғын үй салынғалы жатыр. Барлығының сметалық жобасы дайындалып қойылған. Осы үйлердің барлығында балалар бар. Бұлардың ата-аналары базарда, әртүрлі жағдайда өмір сүреді. Балалары қараусыз қалған. Оларға бір учаскелік полицейді ғана қалдырып қойғанбыз. Осылардың барлығын ескере келе Қайрат Сұлтанбайұлы, ювеналды полицейлерді көбейтіп, бақылауды күшейту керек пе, сол жағын қарастырсаңыздар. Онлайн режимде деп он камера қойылған еді, бірақ олар істемейді. Осыған нүкте қоятын кез келді деп ойлаймыз. Былтыр осы бейнекамера орнату мақсатында 70 млн. теңге жұмсалды, арғы жылы 40 млн. теңгеге бейнекамера қойдық. Жалпы сомасы 110 млн. теңгені құрады. Биыл бір ғана «Қазтрансойл» мекемесі онлайн режимде 10 бейнекамера орнатты. Оны үйде отырып-ақ телефоннан қарап ашып көруге болады.  Шағынауданға кім кіріп келе жатыр, подъезге кім келді, соның барлығын қарауға болатын еді. Бірақ қазір ол да істемей қалды. Ол вай-файмен емес, кәдімгі кабельмен жердің астынан тартылып жасалған. Бейнекамерамен табылған бірде-бір қылмыс жоқтың есебі. Мысалы, Түркістанда біздің тарапымыздан да кетіп жатқан кемшіліктер де бар. Қарап отырсаң, бәрі иесіз сияқты.

Былтыр ЦОУ-ға бардым. Сол жерде аға сержант жүр. Жерде ажырап жатқан кабельді көрсетіп, мынау не десем, сыртқа шығып кеткен сержант келіп қосты. Бейнекамера қосылып істеп тұр. Жаңа істемейді деп едің ғой десем, далаға шығып кетіп едім дейді. Камера деген күндіз-түні істеп тұру керек. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарап, жұмыла жұмыс жасауымыз қажет.

Қазір Түркістан – облыс орталығы болғандықтан, бюджет өскен. Қаржы жеткілікті. Он мәшине алғызып беруге де шамамыз жетеді. Бейнежетон, радиотелефон дейсіздер ме, барлығына қаражат бөлгізіп, қамтамасыз етуге толық жағдайымыз бар. Бір ғана кемшілік, осы қаржыны бөлгізетін бағдарлама жоқ. Он бекет қойып бер десеңіздер де оған да дайынбыз. 200 млн. теңгеге дейін қойғызуға мүмкіндігіміз бар. Бағдарламаларыңыз болса, толығымен жергілікті полицияның жұмысын жандандыруға дайынбыз.

Қаламызға Сіздер келгелі бері, біраз шаруалардың жедел жасалып жатқанын көріп жүрміз. Шағынаудандарға көп тоқталғанымыз, ол жақта біз кімдерді тәрбиелеп отырмыз, мәселе жасөспірімдер арасында болатын қылмыс жөнінде ғой. Былтырғыға қарағанда биыл жасалған қылмыс саны өршіп тұр. Төмендеді дегенмен, қылмыстың түрі көп қой. Солардың барлығын есептегенде өршіп тұр. Пәтер ұрлығының өзі де өскен.

Кеңестік кезеңде бір учаскелік милиционерді бүкіл ауыл танитын. Оны көргенде адам түгілі иттердің өзі жоқ болып кететін. Қайбір жылы шағынауданды аралап жүріп бір келіншекті тоқтатып, сол ауданның учаскелік полицейінен: «Мынаны танисың ба?» – деп сұрасам, «жоқ», – дейді. Ана келіншектен сұрасам: «Танымаймын, бірінші рет көріп тұрмын», – дейді. «Осы жерде тұрасыз ба?» – десем, «иә», – дейді.

Пәтер ұрлығы көбейген. 1-2 шағынаудандарда 2800 пәтер болатын болса, соның 927-сін жалға беріп қойған. Сол жалға бергендердің иесі ретінде – Сіздер де отырсыздар осында. Тексере келсең, олардың иесі дәрігер, мұғалім не болмаса полиция қызметкерлері. Қарапайым адамдар өздері пәтер таппай жүргенде олар пәтерді жалға бере алмайды ғой. «Отырар» шағынауданында «пәтеріміз жоқ» деп жылап жүргендерге пәтер бердік. Солардың 40 пайызы жалға беріп тастаған. Осыдан кейін пәтер ұрлығы болмағанда не болады.

Газ мәселесі де өткір болып тұр. Баяғыда «Түркістанда газ жоқ, қашан келеді?» деп шулайтын халықтың мәселесін тыңдап, газды кіргіздік. Саттар Ерубаев көшесінен былай қарай 10000 абонентке толық газ кіргізгенбіз. 1-2 шағынауданға газ кіргізе алмай отырмыз. Неге, білесіздер ме? Мысалы, бірінші қабатында мен тұрсам, екінші қабатында үй иесінен жалға алған пәтерші тұрады. Үшінші қабатында үй иесі тұрса, төртінші қабатында тағы бір пәтерші тұрады. Үйіме газ кіргізейін десем, төбедегі пәтерші үй иесі кіргізсін, пәтерақысын төлеп отырмын дейді. Үй иесі өзі тұрмаған соң кіргізбейді. Міне, осылардың кесірінен толық қамти алмай отырмыз.

Биыл 277 пәтер ұрлығы орын алған. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда көп. Сол шағынауданға қарайтын учаскелік полицей адам тұрмақ, тышқанына дейін танитын болса, мұндай жағдай болмас еді деп ойлаймыз. Баяғыда бейнекамера да болған емес, милицияның астында мәшине де болған емес. Біз бесінші-алтыншы сыныптарда оқитын кезімізде осы шағынаудандар болатын. Сол кездің учаскелік милиционерлері бәрін танитын. Тіпті кіріп-шыққан адамдардың өзін танып отыратын. Қазір ауыл округіне есеп беруге барамын. Сол жақтағы жас балалардан: «Учаскелік полицейді танисың ба?» – десем, «танымаймыз», – дейді.

Техбазаны уайымдамаңыздар, оны істейміз. Қаржыны бөліп береміз. Халықтың алдында уәде береміз. 200 млн. теңге керек болса, соны бөліп беруге жағдайымыз жетеді. Десек те Сіздердің тараптарыңыздан қойылып жатқан бейнекамераларды көріп, қуанып отырмыз. Керемет бейнекамералар екен. Қай жағынан болса да қолдауға дайынбыз.

Баяғыда жас жұбайлардың гулянкасы дейміз ғой, сондай кезде тіпті де жүре алмайтынбыз. Қазір басылды. Бұл да болса жақсы жаңалық. Жастар ғой түсінеміз, десек те заңға бағыну керек қой. Заңды белден басып, шектен шығып кететін кездері де болады. Солар қазір тыйылып қалды. Түсінеміз, Сіздердің жұмыстарыңыз ауыр, өзімнің де екі балам полицияда қызмет істейді. Күні-түні үй бетін көрмейді. Тексеру дейді, жиналыс дейді. Кейде соларға: «Балаларыңды сендерге қарағанда мен көп көремін», – деп қалжыңдайтыным бар. Сол айтпақшы, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Барлығы жеткілікті айтылды ғой деп ойлаймын. Түсіністікпен қараңыздар. Қылмыс саны азайғанмен, олардың орын алғанын ашу жағын да күшейтуіміз керек. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облыс орталығы болып бекітілді. Көне қаланың жаңа тынысы ашылды. Бәріміз жұмыла жұмыс жасасақ, барлығын да жеңеміз деп ойлаймыз. Ықылым заманнан айтар болсақ, Түркі халықтарының орталығы болған, кейіннен Қазақ хандығының ордасы болған. Өткенде Елбасы айтқандай, облыс орталығы болды демей, сәнді де мәнді етуіміз қажет.

Бірінші кезекте Түркістан халқының мәдениетінен бастауымыз керек. Қалада 35 елді мекен болатын болса, соның 100 мың халқы, яғни 34 елдімекенінен 12 ауыл округінің еншісін Кентауға бөліп бердік. Қоғамда болып жатқан барлық мәселеге полицияның қатысы бар. Солардың қызметіне жүгінеміз, арқа сүйейміз. Үдеріс бар. Сондай-ақ Қайрат Сұлтанбайұлы, өзіңіз басшы болып бүкіл жасағыңызбен келдіңіз. Біршама өзгерістер орын алды. Мұны көріп қуанып отырмыз. Кемшіліктер де жоқ емес. Қоғамдық орындағы қылмыс саны былтыр 350 болса, биыл 400-ге жетіп отыр. Түркістанда 35 мектеп, 11 колледж бен университет бар. Осылардың барлығында 18 ювеналды инспектор ғана жұмыс істейді екен. 40-тан астам мекемеге бұл аздық етеді. Осыны көбейтуді де ескерсеңіздер. Қазір бес қабатты 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның 20-сы мемлекеттік бюджеттің тарапынан, алтауы – жекеменшік. Осы тұрғын үйлердің ішіндегі жаңағы жекеменшік үйлерден басқасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Міне, осы жағдаяттарды ескере отырып, Сіздер мен біздердің алдымызда атқаратын әлі талай тірлік бар деп ойлаймыз.

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі:

АЙТЫЛҒАН СЫН-ЕСКЕРТПЕЛЕРДЕН ТИІСТІ ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРАМЫЗ

Облысымызда қылмыстық іс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға төмендеген. Олардың ашылу көрсеткіші де былтырғы жылдың деңгейімен салыстырғанда 84,5 пайызды құрап отыр. Жалпы алғанда, 10 мың тұрғынға шаққанда біздің облысымызда 10 қылмыстық іс тіркелсе, республикамызда орташа көрсеткіш 160-ты құрайды. Бұл – біздің Түркістан облысының тұрғындары заңды сақтайды деген сөз. Жалпы, полиция департаменті жедел тергеу тобының тиімді жұмыс атқару барысында тіркелген дене жарақат түрлеріне тоқтайтын болсақ, ауыр дене жарақатын салу қылмыстары 20 пайызға төмендеген. Қарақшылық қылмыстары 7,7 пайызға, ұрлық 8,6 пайызға төмендеген. Соның ішінде мал ұрлығы 8,3 пайызға, ал пәтер ұрлығы 8,2 пайызға азайған.

Түркістан қалалық полиция басқармасы басшысының мәліметі бойынша, жалпы қылмыстың тіркелуі 10 пайызға төмендеп отыр. Соның ішінде қасақана кісі өлтіру қылмысы төрт есе өсіп отыр. Тонау қылмысы 52 пайызға өскен. Бұзақылық қылмысы 7,8 пайызға, қоғамдық орындарға жасалған қылмыс 28,6 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар 13,8 пайызға, жасөспірімдер жасаған қылмыстар 7,6 пайызға артып отыр. Мал ұрлығының көрсеткіші былтырғы жылға қарағанда төмен, ал қылмыстың ашылу көрсеткіші де былтырмен салыстырғанда төмен. Соңғы үш айдың көлемінде бес-алты ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Істері сотқа жөнелтілді. Әрі қарай қаралатын болады. Халық малын жайылымға жібереді, қарамайды. Ұрланса, уақытында арыз жазбайды. Егер уақытында ізін суытпай  арызданса, ұрланған малы табылады. Осы жағдайға байланысты малдарға чип, таңба, белгі салу керектігін ескертеміз. Басқа көрші облыстарда осы істі мал дәрігерлеріне жүктеп қойған.

Бейнекамераларға келетін болсақ, олардың бұрын қойылғандарының барлығы талапқа сай емес. Шымкентте қойылған камералардың барлығын Астанада қарап бақылап отырады. Астанадағы жедел жоспарлау басқармасы болып жатқан жағдайдың барлығын онлайн режимде көре алады. Демек, бұрын қойылған камералардың барлығы интеграцияға келмейді, дұрыс жасалмаған. Тек қана ауданда көре алады. Облыс орталықтары көре алмайды. Қазір кіреберіс жерлерге үш камера қойдық. Бір айдың ішінде 80 миллионнан астам теңгеге айыппұл шығарып қойған. Алдағы жылда тағы да бірнеше камера қойылу жоспарланған. Оған біз ұсыныс жасадық.

Келесі әңгіме бейнежетон жайында. Енді облыс орталығы болған соң полиция кешендерінің барлығында кеуделеріне бейнежетондар орнатылып, ол өшпеу керек. Егер өшкен жағдайда оны сыбайлас жемқорлық орын алып отыр деп түсінеміз. Біз күн сайын сараптама жасап, полицияның бүкіл жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзін қадағалап отырамыз. Мұның бәрі полиция қызметкерлері жұмысқа шықпады, дөрекі сөйледі деген сөздердің алдын алу үшін жасалады. Халықпен ілтипатты жұмыс жасауы керектігі жайында тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Елбасының цифрландыру тапсырмасы бізге осыны міндеттейді.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 17 пайызға өскен. Біз есепке алғандарымен ғана жұмыс жасаймыз. Есепке тұрған жасөспірімдер қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жасөспірімдерге кешкі белгілі бір уақыт тағайындалған. Сол уақыттан асқанда кешкі көңіл көтеру орталықтарында ата-анасыз жүрсе, сол мекемеге кіргізгені үшін оның иесі жауап береді. Екіншіден, ата-анасы баласын жібергені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бізде жайсыз отбасылар көп. Солармен жүйелі жұмыс жасауымыз керек.

Басқосу барысында айтылған сын-ескертпелердің бәрінен тиісті қорытынды жасайтын боламыз. Биылғы 5 қыркүйектен бастап учаскелік тексерулер жүргізілуде. Әр учаске инспекторы үйлерде тіркелген, тіркелмеген азаматтарды уақытша тіркеуге тұрғызып келеді. Учаскелік инспекторларды тұрғылықты халық танымаса, онда олар жұмыс істемей жүр деп есептейміз. Сондықтан әрбір учаскелік полицей өзіне бекітілген аумағында халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағаны жөн. Полиция ең алдымен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Біздің бәріміз соған жауаптымыз. Сол үшін өз басым Түркістан облыстық полиция басқармасы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында деп сенім білдіргіміз келеді.

 

Ерлан ҚЫДЫРБАЕВ, Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі:

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАТЫЛ КҮРЕС ЖҮРГІЗЕМІЗ

Жалпы есеп беру кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың биылғы деңгейі өткен 2017 жылмен салыстырғанда 2027-ден 1821-ге, 10,2 пайызға, соның ішінде криминалдық полицияға қарасты қылмыстық құқық бұзушылықтардың деңгейі өткен жылдың 1858 фактісінен 1617-ге, яғни 11 пайызға, олардың ашылуы 76,9 пайыздан 78,1 пайызға төмендеген. Соның ішінде аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құраса, ауыр қылмыстардың ашылуы 73,2 пайыздан 72,6 пайызға жақсарып отыр. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты қылмыс туралы 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жергілікті полицияда мал ұрлығы, пәтер, аккумулятор ұрлығы топтарын құрғанбыз. Сол топтар бойынша осы 10 ай ішінде 10 топ ұсталды. Оларға заң талабына сай шаралар қолданылды. Жергілікті полиция қызметінің жұмысы бойынша, қала көлемінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы бойынша полиция қызметкерлері мен және учаскелік инспекторларымен бірге Елбасының тапсырмаларын орындау барысында көшелерде, қызметтік орындарда, ластаған орындарда бұзақылық жасаған, тағы басқа құқық бұзушылыққа жол берген1310 азамат анықталып, оларға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

Көші-қон саласы бойынша 2018 жылдың 10 айында елге келген 42255 шетел азаматы көші-қон қызметінде уақытша тіркеуге алынған. Қазақстан аумағында тұратын 473 шетел азаматы анықталып, оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі талаптарын бұзғаны үшін 2966719 теңге айыппұл салынып, өндірілген. Сонымен қатар басқарманың әкімшілік басқарма бөлімімен әртүрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 30522 азамат анықталып, оларға толтырған хаттамаларының қорытындысымен 109704566 теңге айыппұл салынып, соның 80 944 990 теңгесі немесе 73,8 пайызы өндірілді. Қазіргі басты мақсатымыз – қауіпсіздік жобасы бойынша Қазақстан Республикасы бекіткен шағын қалаларын құру жобасына сәйкес 2013-2021 жылдар аралығында ҚР 35 шағын қаласында, соның ішінде Түркістан қаласы да бар. Жедел басқару орталықтарын құру бойынша қала әкімдігіне қаржы бөлу мәселесін қарастыру, қоғамдағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысының алдын алу – аса маңызды аспекті болып табылады. Жалпы жастардың, жасөспірімдердің қылмыс жасау мәселесі құқық қорғау қызметкерлерінің ғана емес, отбасының, барша мемлекеттік ұйымдардың біріге жұмыс атқаруын талап етеді. Жастар арасындағы қылмыс қашанда ел қауіпсіздігі мен ұлт болашағының әрі қарай өркендеуіне кері әсер ететіні анық. Қала көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен қалалық «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты» ұйымымен, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып арнайы іс-шаралар өткізілді.

Сонымен қатар қала көлеміндегі ауыл округтерінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық құқық бұзушылықты болдырмау, мал ұрлығымен қатар басқа да қылмыстарға жол бермеу, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына дұрыс көзқараспен қарау, олардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында қала көлемінде тұрақты жұмыс істейтін полиция пункттерін салып беру, оларды қазіргі заманға сай материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету ұсынысымен «Самал», «Отырар» шағынаудандарда, теміржол вокзалында пункттер және стационар пункттер салуға ұсыныс жасадық. Қалалық полиция қызметін жақсарту мақсатында 105 дана қолға алып жүретін радиобайланыс құралдары мен 6 дана тұрақты байланыс құралдарымен, 20 дана қызметтік арнайы автокөліктермен, 200 дана бейнежетондармен, әкімшілік құқық бұзушылықты тіркейтін 50 дана электронды планшеттер мен қала аумағын ауадан бақылап жүретін 10 дана арнайы дрондармен және қызметтік кабинеттерді 20 дана компьютерлермен қамтамасыз етуді шешуді көздеп отырмыз. Сол сияқты қала көшелері мен көпшілік орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 300 дана бейнекамераларын орнатуды көздеудеміз. «Қауіпсіз қала» жобасының негізгі мақсаты – Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ қылмыстық әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың санын барынша азайту болып табылады. Жоба қаланың тіршілік қызметін талдау бойынша жүргізілген операциялардың басым бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері өзінің кәсіби біліктілігін моральдық және іскерлік қабілеттілігін жоғары деңгейде көрсетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар тағы басқа да қылмысқа қарсы күресте алдына қойған кез келген міндетті абыроймен атқарады деп сендіреміз.

 

Балғабай НАКИПОВ, Түркістан қаласының тұрғыны, ішкі істер саласының зейнеткері:

БАР ЖҮКТІ ПОЛИЦИЯНЫҢ МОЙНЫНА ІЛІП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

Біз көбінше милицияны, қазіргі тілмен айтқанда, полицияны кінәлаған әңгіме естиміз. Бар жүкті тек бір полицияның ғана мойнына іліп қоя салуға болмайды. Өйткені, әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Бір келеңсіз жағдай туындаса, оған бей-жай қарамағанымыз мақұл. Әдептілік, мәдениеттілік, этика мен эстетикаға көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл жөнінде мектеп бағдарламаларына арнайы пән енгізілсе құба-құп болар еді.

Бүгінгі таңда полицейлердің формасы өзгергенімен, сол киімнің ішкі жағындағы жүрек қалауымен қызметке келгендер көп болса дейміз. Киімдері, жағдайлары жақсы екен деген оймен ғана емес, жүрек қалауымен келіп елдің тыныштығы мен азаматтардың құқығын қорғауға жан-тәнімен кірісіп еңбек ететіндер қабылданса екен. Саналы азаматтарды тәрбиелейтін жалғыз полиция ғана емес, осында отырған көпшілік қауым дер едік. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырған ата-анамыз. Сондықтан да қоғамдық тәртіпті сақтау жолында әрбіріміз полицияға қолдан келгенше көмек көрсетуіміз керек.

Қадірлі Қайрат Сұлтанбайұлы, Сіздің Түркістанға қызметке келгеніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ, біздің күнделікті көпшіліктен, бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, оқып, танысып отырған жағдайымыз бар. Теледидардан ауыр қылмыстар жасалғанын көреміз. Алайда соның ізін суытпай, ашылғанына қуанамыз.

Кадр мәселесінде іріктеп, мұқият қарап отыр деп естиміз. Жастарға жіті көңіл бөлінеді екен. Оларға сенім артқанымыз жөн. Біраз қылмысты іздестіру, тексеру саласындағы қызметкерлерді ротация жасапсыз. Біз осындай жаңашыл қадамыңызға сәттілік тілейміз.

Түркістанда облыстық полиция басқармасы құрылған кезде қала әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы оларға жоғары талап қойған болатын. Туристік қала болғандықтан, бізге туристер жиі келеді. Біз өзімізге қарамасақ, мәдениетімізге қарамасақ тым ұят болады. Қазақ, орыс тілдерімен қоса-қабат ағылшын тілін де білуіміз керек. Бұл үшін арнайы курстарға қатысып, білім жетілдіруге болады. Қаламызға келген туристердің өздерінің білмейтін жерін сұрайтын адамы ең алдымен полиция екені екінің біріне аян. Сол кезде олардың тілін түсініп, нақты жауап бере алуымыз керек. Бұл талап әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге бәріміз жабылып атсалысқанымыз абзал деп ойлаймыз.

Енді полиция қызметкерлерінің жұмысына баға беретін болсақ, біршама талпыныс бар екені байқалады. Облыс орталығы болғанымызды терең сезініп келеді. Біршама кадрлық өзгерістер енгізілуде екен. Олардың өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып кететініне сенім білдіргіміз келеді.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы:

ПОЛИЦИЯҒА ФОРМАДАН БҰРЫН ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КЕРЕК

Біз бұрын қала орталығының тұрғындары болсақ, енді облыс орталығының тұрғындары болып отырмыз. Бұл бізге бірқатар міндет пен жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен өзімізге, үйімізге, тазалығымызға мән беруіміз керек.

Осыдан 100 жыл бұрын орыстың ұлы ақыны Владимир Владимирович Маяковский «Менің милициям мені қорғайды» деген поэма жазған. Сол қазіргі күнге дейін мән-маңызын жойған жоқ. Бізді қорғайтын қорғаушымыз – бұрын милиция болса, қазір полиция екені даусыз

1967 жылдың маусым айы әлі есімнен кетпейді. Институттың соңғы курсында оқып, мемлекеттік емтихан тапсырып жүргенбіз. Шымкент қаласында милицияға қарсы көтеріліс болған. Сөйтіп, облыстық және қалалық милиция үйлерін өртеп жіберген. Көшеге шыққан сан мыңдаған адам бөтелкелерге бензин құйып лақтырғанының куәсі болғанбыз. Содан кейін үш күн бойы қалада милиция болмаған. Біз оқуға бара алмай қалдық. Көшеге шықсаң, пышақ ұстап жүгіріп жүрген адамдар ұрып-соғып қуады. Дүкендердің барлығы тоналған. Мәшинелерді тоқтатып қойып, өртеген. Сонда егер милиция болмаса біріміздің етімізді біріміз жеп қояды екенбіз деп ойлағанмын. Сол ойымнан әлі айныған жоқпын.

Полицияның жұмысы ауыр екені баршаға белгілі. Сондықтан оның тек қана көлеңкелі тұстарын ғана емес, күнгей жағын да көргеніміз жөн. Ұрылармен, қарақшылармен, баукеспелермен күресеміз деп қаншама полиция қызметкері оққа ұшты. Осының барлығын біз ойымызға түйіп, одан сабақ алып жүруіміз керек.

Алайда, полицияда кемшілік жоқ деп айта алмаймыз. Біздің қорғанымыз болып жүрген олардың арасында жүгенсіз кеткендері де табылады. Елбасының таяудағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да құқық қорғау саласының қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі тұрғындардың қауіпсіздігін ең алдымен қоғамдық тәртіп сақшылары қамтамасыз етулері қажет. Мемлекет басшысы да халық полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отырғанын тілге тиек етті. Бұл – бұрынғы ескі сүрлеуден шығып, бағытымызды өзгертуіміз керек деген сөз. Жаңа реформалар, құрылымдар ойлап табуымыз керек. Қылмыспен күресудің жаңа әдістерін ойлап табуымыз керек. Мұның бәрі сайып келгенде жаңа мазмұндағы полиция қызметкерлерін қалыптастыру керек деген сөз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан жаңа реформа жүзеге асатыны анық айтылған. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов полиция өзінің қызметін жаңа реформадан бастау керек деп отыр.

Біздіңше, полиция өзінің жұмысын реформадан емес, полицияның жүйесін өзгертуден бастағаны мақұл сияқты. Бұл мәселе жайында облыстық ақсақалдар алқасы министрге хат жаздық. Өзіміздің ұсынысымызды айттық. Әрине, полицейлерге форма да керек шығар мүмкін. Дегенмен, формадан бұрын бізге полицияның жұмысы керек. Осы мәселеде де бірталай ойланатын жер бар. Тағы бір ойланатын нәрсе, полиция тек жазалаушы орган ғана емес. Олар ең алдымен қылмыскерлермен күресте жәбір көрген жанға көмектесуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *