СОТ БЕДЕЛІ – МЕМЛЕКЕТ БЕДЕЛІ

Қоғам Құқық
476 Views

Елімізде тұңғыш рет аталып өтіп отырған кәсіби мереке «Судья және сот қызметкерінің күнімен» шын көңілден құттықтаймын!

Ұзақ жылдардан бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан кәсіби мерекемізді атап өтіп отырмыз. Бұл үшін Президентке ризашылығымызды білдіреміз.

Осы күнге дейін негізгі заңымызға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бүгінгі таңда сот жүйесінің қалыптасу кезеңі биікке көтерілді. Әлемдік өркениетке сәйкестендірілді.

Біз судьялардың осы тура жолда жаңылыспай, ақиқаттан ауытқымай жұмыс істеуі үшін бұған дейін ақылға қонымды бірнеше ұсыныстар айттық. Осы тақырыптарда мақалалар жазылып, жиындар өткіздік. Соның бірі «Заң түзелді, судья, сен де түзел!» деген көлемді мақала жарық көрді. Бұл мақалада тоқырау кезінде судья деген атқа кір келтірген, сот жұмысының абыройын түсіріп, мемлекеттік жүйеге орасан нұқсан келтірді деген келеңсіз жайттар айтылды және одан арылуға жол сілтеген, бағыт берген тәжірибелі кеңестер жазылды.

Судьяны Президент тағайындайды. Мемлекеттің үшінші билік тармағы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда Отанымыздың, мемлекетіміздің ар-ұятына, беделіне дақ түсетінін түсіндік. Сондықтан ең алдымен сотты түзеуге кірістік. Өздеріңізге мәлім, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қоғамымызда әр түрлі олқы тұстар орын алды. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, сыбайлас жемқорлық дендеген дертті заманда, осы кіріптарлыққа бой беріп алған судьяларды тезге салуға, тез арада шара көруге бар күшімізді салдық. Әлгіндей әлсіздік танытып алатын қадамдарға жетелейтін оқиғаларды болдырмау үшін олардың білімін тексеруге, адами қасиетін сараптап, көпшілікпен жұмыс істеу қабілетін арттыруға атсалыстық. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген, судьялардың мансапқа мастанбауын, жылтыр әшекейге қызығып, жолдан таймауын қадағаладық. Сот саласында жүрген жас судьяларымызды қанағат пен сабырлылыққа шақырдық. Жұрт көзіне теректей болып көрінетін, өзгеден артық тіршілік жасаудан бас тартуын, рақымшылыққа бет бұруы үшін насихатымызды аямадық.

Міне, бүгін судьялар арасында ізгілікті істер байқалып, барлығы да дұрыс жолға түскендей көріністі жиі байқап жүрміз. Алдағы кезеңде де бұл жұмыс жалғасын табуы керек. Сонда ғана біз халық алдында абыройымызды төгетін әрекеттерден арыла түсеміз. Біреудің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, жалпы қоғамымызда бұрыс кеткен бұрмалаушылықтың бар екенін біз мойындаймыз.

Мәселен, сот жүйесін жүргізуде әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік шараларды іске асыруға келгенде саясатпен де санасуға тура келетін жағдайлар болды.

Атап айтқанда, елді елең еткізіп, халықтың қабырғасына батқан кешегі қаралы Қаңтар оқиғасы, бұған дейінгі жаралы Желтоқсан оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы туындағанда еліміздің сот саласы қара қылды қақ жарып, туралықтан таймай, әділдікпен шешімдер қабылдаудың арқасында, халық пен биліктің үн қатысып жұмыс істеген көрінісін көрсете білдік.

Бұл шешім ұлылық пен тазалыққа ұмтылысымыз деп білемін, мұндай қасиет бағзыдан біздің қанымызға сіңген. Бұл біздің ұлы бабаларымыздан, ұлтымыздың ұлы билерінен келе жатқан жақсы дәстүрді жалғастыруымыз! Бір замандарда кіріптар кісінің қалтасына көз салып, қолтығына тыққанына қарап шешетін билер болған. Бірақ олардың аты да аталмады, тарих көшінен қалып қойды.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен талай құрылтайлар болған. Құрылтай басында нағыз әділ билеріміз ұрпақ келешегі үшін маңызды шешімдер қабылдап отырған. Ең ірі құрылтай — үш жүздің басын қосқан алқалы тарихи жиын Ордабасыда өткені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұңғыш Президентіміз кешегі Төле, Қазбек, Әйтеке бидің рухына арнап жиын өткізді. Президенттің Ордабасыдағы жиынынан кейін ұлыларымыздың ұстанған бағытын, олардың даналық ойларын кітапқа түсіріп, бабалардың асыл бейнелерін сот залдарына іліп қоюды дәстүрге айналдырдық. Соттың мәжіліс залдары ұлы билеріміздің атымен аталды. Осының барлығы да бабалар салған әділдіктің даңғыл жолынан айнымауға, судьяларға көрсеткен біздің тәрбиелік ұғымдық әрекетіміз болды.

Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдарда 1993 жылы ел Президентінің бастамасымен Ұлы дала даналары, ұлттың ұлы билері Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің ерлік істерін еске алуды Ордабасы жиынында өткізіп, халық басына қауіп төнгенде яғни қазақтың ұлы даласы басқыншы жау қалмақтың ат тұяғының астында қалып, ел еңіреп «Елім-айлап» көшкенде, ұлылықпен халықты ұйыстырып, ортақ жауға бірлесіп, күресу керек екенін ел билеген батырлар мен билерге жеткізіп, бірлік болмай тірлік болмайтынына көздерін жеткізіп, ел қорғаудың ерен үлгісін көрсеткенінің нәтижесінде жерімізден жау тазартылды.

Сонау Оңтүстіктен басталған осы жылы әрекет Жоғарғы сот төрағасының кеңсесіне дейін жалғасты, сот кеңселерінде үш бидің мүсіні тоқылған кілемшелерге дейін ілінді. «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» демекші, үш бидің арқалы мүсініне қараған судья өзінің берген антына адал болуды еске түсіретіндей, миссиясы миына шегеленіп тұратындай. Бұл әділдіктен ауытқымауға, қара қылды қақ жарған берік ұстанымға бекігендіктің белгісі. Осы игі дәстүр әлі де жалғасып келе жатыр. Соның бірі марқұм ағамыз Мақсұт Нәрікбаевтың бастамасымен Елордада оң жағалауда Парламент үйі мен Жоғарғы сот үйінің арасында ұлы үш бидің биік ескерткішін орнатылуы еді. Бұл ескерткіш біздің тәубе ететін жерімізге айналып сәулетті нысан құрылысы болып орнықты. Осының өзі бізге талай жиын, съездерімізді өткізбес бұрын ұлы бабалардың алдына барып, ұрпағы болып басымызды иіп, олардың даналығы мен даралығына тамсанып қарайтынымызға, рух пен күш алуға себеп болды. Бүгінгі күні де осы дәстүр жалғасын таба берсе деп тілейміз.

Кезінде Судьялар Одағының төртінші съезінде «Дертті қоғамда дені сау сот құру мүмкін емес» деген ащы сөздер айтылған еді. Бұл сөзді түйреп айтуымызға себеп — сол кезеңдегі келеңсіз тірліктің кең етек алғанына қарнымыз ашып айтқан едік. Одан соң да, мемлекетте жаңа заңдар қабылданып, шырмауықтай шырмалғаннан айыққандай болдық. Соның нәтижесінде сот жүйесі де әділдікке бейімделіп, өзінің тазалық таразысында тең тұратын туралықтан ауытқымайтын қадамдар жасады. Егер нақты цифрмен келтіретін болсақ, 1997-98 жылдары республикада сыбайлас жемқорлықтан жауапқа тартылған судьялардың саны отызға жуық болса, қазір некен-саяқ, бірлі-жарым. Бұл еліміздің сот жүйесінің тазалығы, аурудан айыққандығы, мемлекеттік ұстанымға бекігендігі.

Қазір саяси реформаларға бет бұрдық. Мемлекетіміздің биік мақсат пен асқақ мұраттарға жету жолында, халықтың әл-ауқатын жақсартып,еліміздің өсіп өркендеуіне, әлемдік өркениетті елдермен тереземізді тең ұстаймыз деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың талпынысы мен соған сай халықтың ұмтылысы біздің де сот жүйесінің қызметкерлерін бей-жай қалдырмауы керек. Әлем көшінің ортасында Президентіміз бастаған жақсылықтарға жанашырлық танытып, әділдіктен айнымауымыз бұл – біздің мемлекет пен оны құраушы халық алдындағы міндетіміз.

Халықта «Ел сенімі – ең қымбаттың!» деген қағида бар. Ел сеніп тапсырған екен, судья ретінде берген антымызды бұза-жару – ешқашан жақсылыққа апармайды. Сондықтан судьялардың берген антын адал сақтауға, арамызға кездейсоқ жандардың кірмеуіне көптеген тосқауылдар қойылып келе жатыр. Соның ішінде болашақ судьяларды жоғары сот жанындағы академиядан тәрбие алып, сол арқылы осы сот жүйесіне кәсіби мамандандырылған мамандарды көбірек тартсақ, біз неғұрлым сот жүйесінің тазалығына табан тіреген боламыз. Мұндай пікірді бұрын да айтып келе жатырмыз. Судьялыққа белгілі дәрежеде тәжірибесі бар, ысылған, өмір көрген мамандарды тәрбиелеп, сот саласына тарту керек.

Бір кездері «Қазақстанның Ресейдегі жылдары» аясында республиканың Судьялар одағының бастамасымен Мәскеуде халықаралық конференция өтті. Бұл жиын қазақстандық судьялардың бастамасымен өтіп еді. Сонда Ресейдің ірі ғалымдары, заң саласының майталмандарының қатысуымен қазақстандық заңгерлерді бастап барған академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор, қырыққа тарта заңгер төбе көрсеттік. Қазақстанның сот жүйесінің жетістіктері мен алдағы болашақта атқаратын жұмыстары баяндалып, ресейлік әріптестеріміздің ризашылығына кенелгеніміз біздің сот саласының алға дамығандығының белгісі еді. Бұл біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұмтылысымыз, іргелі істерді атқарғанымыздың көрінісі болды. Мұндай ірі шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретініне кәміл сенемін. Мемлекет қабылдаған реформалық бағдарламалар сот жүйесінде белгілі дәрежеде рет-ретімен іске асып, әлемдік өркениет көшінен қалмай, тереземізді тең ұстауға ұмтылып келе жатқанымыздың куәсі, осыдан екі-үш жыл бұрын Судьялар одағының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық симпозиумы жоғарыда айтылғандарымыздың анықтамасы болса керек.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін сақтау жолында өткізген VIII съезінен кейін көп мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялық етіліп, қозғау салып, сот жүйесі бірнеше реформаларды бастан өткерді. Ең бірінші өзгеріс – бұл қаржылай тәуелсіздікке қол жеткізілді. Яғни, сот саласына бөлінетін қаржы мемлекеттік бюджетте арнайы графамен белгіленді. Мұнан былай Жоғарғы Сот немесе Сот кеңесі ақша сұрап ешкімнің алдына бармайтын болды. Екінші тәуелсіздік — сыртқы ықпалдардан азат болу. Бұл дегеніміз бұрынғыдай тамыр-таныс телефонмен немесе билік тұтқасындағы тұлғалардың араласуымен шешіліп жататын қоян-қолтық істер бұл күнде жоқ деуге болатындай дәрежеге жетті. Өйткені, өзін-өзі қамтамасыз етіп, тиісті шешім шығаратындай заңдар қабылданды. Ал енді сот жүйесінің ішінде бұрыннан қалыптасып келе жатқан басшылыққа тәуелділік бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Бұдан арылудың жолдары туралы бірнеше мәрте айтылды. Ұзамай оң шешімін табады деп ойлаймын.

Сот жүйесінің ашықтығы мен халықпен қарым-қатынасы арасындағы көпір болатын баспасөз үлкен роль атқарады. Кезінде жоғары сот жанындағы комитетті басқарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев баспасөз бен сот арасындағы байланыс туралы идеал шешім қабылдады. Соның нәтижесінде баспасөз қызметкерлеріне кез-келген сот есігі ашық болды. Ашық айтылған сөздер, ашық жазылған сындар нәтижесіз болмай қалған жоқ. Баспасөз халықтың көзі, құлағы, һәм тілі деген. Судьялар есікті қымтамай ашық болса, сонда ғана халық жылдар бойы сотқа деген теріс көзқарасы, қатпарланып миға сіңіп кеткен «судьяның қолы таза емес» деген түсініктері өзгеретін болады. Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай қадам жасадық. «Заң және заман» деген газет шығардық. Ондағы мақсатымыз, халық заңды білсе, заңсыздықтарға бармайды деп пайымдадық. Заң түзелмей заман түзелмейтінін халыққа жеткіздік. Сол әрекеттеріміз жеміссіз қалған жоқ.

Бүгінгі таңда Үкімет қаулысымен судьялардың төл мерекелік күні белгіленуі, олардың дәрежесін халық алдында абыройын арттыратын маңызды қадам деп білемін.

Халық сеніміне ие болып, қара қылды қақ жарып айтатын даналарымыздың ұрпағы сіздерсіздер. Қасіретті қаңтар оқиғасында да, әділдікті әлсіретпей, мемлекетімізге қауіп төндірген қара ниетті қылмыскерлердің әрекеттеріне әділ бағасын беретін де сіздер боласыздар! «Жау жоқ деме, жар астында» деген халық сөзі шындық екеніне кешегі қаңтар оқиғасы көз жеткізді.

Сондықтан мемлекеттік жүйенің биік билік тармағы бүгінгі сот жүйесі екені конституциялық заңмен бекітіліп тұрғанда, мемлекетімізді қорғап-қолдау судьяларымыздың бойтұмары болуы керек. Кешегі өткен бүкіл халықтық референдуммен конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арқылы кезінде ағат кеткен олқылықтарды алып тастап, мемлекет басқаруға халықтың қатысуын заңмен бекітті.

Сондай-ақ конституциялық сот құруда кезінде кеткен олқылықтың орнын толтырып, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру болып табылады.

Ел басқару ісі – биік өнер. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Кезінде биліктің биік тұғырында отырған байшыкештер заңды қоғамның мүддесі үшін емес, жекелеген топтың ыңғайына қарай қабылдаттырған жағдайларды кездестірдік. Бұл күнде ықпалдының ығына жығылып, заң қабылдауға тыйым салатын жүйе қалыптасты.

Бұл жерде менің меңзеп отырғаным, билік тетіктерін орталықтандырмай жергілікті жерлерге беру туралы заңның сот жүйесі жөнінде бұрмаланғаны, қазіргі референдум арқылы бекітілген заңда, биліктің орталықтандырмауы көрсетілді, алдағы уақытта іс-жүзінде орындалады деп үміттенеміз.

Мемлекеттік билік тармағының бірі, сот жүйесі бүгінгі күнгі заң талабына қарай жұмыс істеп, қабылдаған заңдардың әділетті орындалуына сіздердің қабылдаған шешімдеріңіз негіз болады деп сенеміз.

«Ел сенімі ең қымбатың» дейді халық, сол сенімнен шыға білейік!

Бекет ТҰРҒАРАҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері,

сот жүйесінің ардагері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *