СТАТУС: «ТӘРТІПТІ АЗҒЫН»

Қоғам Құқық
324 Views

ҚАЗАҚСТАНДА ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ ПЕДОФИЛ БАР

Күннен күнге жасөспірімдерді жыныстық бопсалау ісі тыйылмақ түгілі өршіп барады. Жалпы Қазақстан Республикасының заңнамасында 14 жасқа толмаған балаларға зорлық көрсеткені үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы түрмеге тоғыту жазасы көзделген. Өкінішке қарай, біздің қоғамда педофилдер бостандықта жүреді немесе аз уақытқа түрмеге қамалып, мерзімінен бұрын босап шығады. Әрине, бұл еліміздегі педофилдерге қарсы құқықтың бір жолға қойылмағанын көрсетеді.

Осыдан бірнеше ай бұрын Түркістан облысында 17 жасар мектеп оқушысын 17 жігіт төрт күн бойы зорлаған. Тіпті, өлтіреміз деп қорқытып, кәмелеттік жасқа толмаған қызды қорлап, арын таптаған. Оқушының анасы тәртіп сақшылары аталған қылмыстық істі жылы жауып қою үшін барын салғанын айтады. Ал әлгі зорлықшы жігіттер түрмеге тоғытпау үшін қыздың анасына ақша ұсынған көрінеді.

Дәл осындай жағдай осы жылы Ақтөбе қаласында орын алды. Белгісіз ер адам бөтен пәтерге басып кіріп, үйде жалғыз қалған сегіз жасар қызға зорлық-зомбылық көрсеткен. Күдікті бұған дейін жасаған бірқатар ауыр қылмыстары үшін де жазаланған. Ал қалалық сот педофилді небәрі 22 жылға бас бостандығынан айырды.

Бір өкініштісі, біздің қоғамда қыздың абыройын емес, қылмыскерлердің өмірін алдыңғы орынға қояды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде елімізде 2 мыңға жуық педофил бар. Ал оның 50-і бостандыққа шыққан. Сөзіме дәлел ретінде таяуда ғана Жаркентте орын алған жағдайды мысал етсем болады. Ұйғыр азаматы қаншама жыл бойы кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды зорлап, бірнеше рет істі болған. Алғашқы қылмыстық әрекеті үшін мерзімінен бұрын босап шыққан. Ең сорақысы, темір тор зорлықшының шекесіне тимеген. Арада уақыт өтпей-ақ, қайта қылмыс жасап, жазадан құтылып кеткен. Енді міне, өрімдей жастың өмірін жалмап отыр. Шошынған халық қыз зорлау фактісінің көбейіп кеткенін, заңды одан әрі күшейту қажеттігін алға тартуда.Алайда, ешбір нәтиже жоқ. Әлі де шу болған Жаркенттегі педофилдің үйін бірнеше сақшылар күзетіп тұрды. Мұндағы мақсат қазақ пен ұйғыр арасындағы ұлтаралық қатынасты шиеленістіріп алмау екені айдан-анық. Ал, осындай қаныпезерлер бостандыққа шығып, жұртшылықтың арасында тайраңдап жүр. Керек десеңіз, ауыл-аймақ арасында педофил такси жүргізушілері де бар.

Педофилия – психологиялық ауытқушылық. Оларды арнайы емдеу орындарына апарып, барлық ем-шаралардан өткізу қажет. Психологтардың айтуынша, бұл ауруға бала күнінде отбасынан жылулық көрмеген адамдар ұшырайды екен. Мұндайлар түзеу мекемесінде жазасын өтеп шыққаннан кейін қылмысын жалғастырады. Жарты ғұмырын тар қапаста ыза мен кекке ұрынып өткізген қылмыскер тәубесіне қалай келсін?! Сөзімізге дәлел ретінде Тараз қаласында орын алған оқиғаны алсақ болады. Педофил бұрынғы жасаған қылмысын араға 19 жыл салып тағы қайталады.

Әлеуметтік желіні ақтара қалсақ, жасөспірім қыздардың қорланғаны жайлы талай ақпараттарды көзіміз шалады. Оқырмандардың көп бөлігі педофилдерді ату жазасына кесіп, ел алдында масқаралау қажет деп жазыпты. Ал сарапшылар оларға мұндай жаза беру жағдайды одан әрі ушықтыратынын айтады. Өйткені, біздің елде кінәсіз адамдарды түрмеге тоғыта салу қиын емес. Педофил деп жала жабылып, себепсізден – себепсіз темір тордың ар жағында отырғандар да бар. Таяқтың бір ұшы жазықсыз жапа шеккен жандарға тиюі мүмкін. Бұл істе екі тарапты да қарастырып қараған жөн. Оның үстіне мұндай қылмыс психологиялық қысым көргендіктен немесе ашу үстінде жасалуы мүмкін. Ал өлім жазасын беру – түйткілді мәселенің шешімі емес.

Психологтың айтуынша, ата-ананы орын алған қайғылы жағдайға кінәлау дұрыс емес. Бұл отбасыға жасалған үлкен қысым. “Ешбір ата-ана өз баласына жамандық ойламайды. Қылмыстық істің орын алуына ата-ананы кінәлау дұрыс емес. Қызының тағдыры бұзылғаны аздай, қоғамның теріс пікіріне ұшырау ешкімге оңайға соқпайды.

Қорлық көрген қыздармен психологиялық жұмыс жасау көп уақытты талап етеді. Олардың өмірге деген құштарлығын ояту – біздің басты міндет”, – дейді психолог Айгүл Шынтөреева.

Маман елімізде мейірім мен қамқорлықтың азайып бара жатқанын алға тартты. “Қоғамда жан ұшыра көмекке шақырса да елемей, өтіп кететін адамдар да бар. Бұл үлкен қателік. Ал, кішкентайынан балаларға бөтен адаммен тілдеспеуді, сапалы қорғанып, көмек сұрауды үйрету қажет. Оларды қауіпті жерлерге тастамаған жөн”.

Маман педофилдердің психологиялық портретіне сипаттама берді. Оның айтуынша, мұндай қылмыспен айналысушылар адамдармен тұрақты қарым-қатынас орната алмайтын көрінеді. «Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, педофилдердің көп бөлігі аласа бойлы және солақай болып келеді екен. Өзін жасына қарамай сол баламен жасты сезінеді. Бірақ, педофилияның нақты шешімі жоқ. Бәлкім, бала күнінде зәбір көргендіктен де қылмыскерге айналуы мүмкін. Меніңше, өте қатаң тәртіп керек. Отбасыдағы тәрбиені де қадағалаған дұрыс», – дейді Айгүл Қанатқызы.

Бүгінгі таңда педофилдердің белсенділігін төмендету үшін химиялық кастрация тәсілі қолданылып жатыр. Ол жыныстық белсенділікті төмендету үшін енгізілетін антиандрогендік препарат. Бірақ, бұл әдістен келер пайда жоқ. Себебі, зорлықшы спиртті ішімдік ішіп, түрлі дәрілерді қабылдау арқылы кастрацияның күшін жойып жібере алады.

Педофилдермен күресудің жалғыз жолы – заң мен шараларды күшейту. Әлем елдерінде қыз зорлаған қылмыскерлерді көпшіліктің көзінше дарға асып немесе атып өлтіреді.Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны жазаласа, Мысыр, Ирак елдерінде қылмыскер өз өмірімен қош айтысады. Иә, біз адам құқығын бірінші орынға қоятын, дамушы мемлекетпіз. Бірақ, бұл істі тез арада ауыздықтау қажет. Қылмыскерге 20 жыл мерзім беру өте аз. Өйткені, түрмеге отырып шығу оның мінез-құлқын мүлде түземейді. «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі педофилдерді түрме ішіндегі ақылы жұмыстарға тартып, өмір бойы жәбірленушінің қаржылық шығынын өтеу қажеттігін айтады. Осыған орай жыл басында 330 педофилге электронды білезік тағу жоспарланып, бюджет қаражатынан 356 миллион теңге бөлінді. Сандық деректерге сүйенсек, 2021 жылы 80 адамға электронды білезік тағылыпты. Құқық қорғау органдарының өкілдері осы арқылы педофилдердің басқан ізін аңдып отыратындарын жеткізді. Бірақ, бұл мемлекетімізде өршіп кеткен қылмыстың азаюына көмегін берер емес.

Қазақ қашан да қыз баласының арын өз өмірінен артық қойған. Он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірімдерді зар қақсатып, тағдырын тәлкекке түсірген қаныпезерлердің өз ұлтымыздан шығып жатқаны өкінішті. Мұндай қылмыстың алдын алу үшін тәрбиені тал бесіктен берген дұрыс. «Менің балам мұндай қылмысқа бармайды» демеңіз. Себебі, қазіргі қылмыскерлер де кезінде бір шаңырақтың қуанышы болған. Бастысы, қыздың ары – ұлттың ары екенін естен шығармаған жөн.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *