ТӘУЕЛСІЗДІК – ТАҒДЫР СЫЙЫ

Уақыт Қоғам
659 Views

2021 жыл. ХХІ ғасырдың, яғни ұлтымызға үлкен болашақтың сенімін сыйлаған ғасырдың екінші онжылдығының бірінші жылы. Бүгінде тарихтұңғиығына кеткен үш ғасырға жуық бодандық бұғалығынан халқымыздың босапшыққанына 30 жыл толатын Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесінің жылы.Рух-санамыздың екпінімен біз – осы жолдардың авторлары – оқырманымызды осытарихи ұлы уақиғамен, еліміз мақсат қойған барлық жақсылықтарға сөзсіз,толыққанды қол жеткізуді тілей отырып, шын жүректен құттықтасақ артық етпейдідеп сезінеміз. Мәңгілік болғай деп армандайтын елімізді алдағы тіршілігіміздетек даму мен жетістіктер күтсін!

Бүгінде, жетістіктеріміз де, оған қоса кемістіктеріміз де, аз емес уақытта, «Тәуелсіздік» ұранын көтергенде ұлтымыздың өкілдері толық, бір адамдай, тайлы-тұяғымен қуанатынына ешкімнің де шүбәсі жоқ. Ал енді әңгіме әрі дамып, бұл арманымызға қол жеткізу факторлары туралы сөз басталғаннан-ақ, әркім, не әр топ, бірінің аргументіне бірі көнбей жан-жаққа шашырай бастайды. Әрине, ең бастысы егемендігіміз, саяси тәуелсіздігіміз, әлемдік құқықтық жүйесіндегі еркіндігіміз. Десек те, тарихи ортақтастығы, ұлттық ортақтастығы, саяси мәдени ортақтастығы бір халық өз тарихындағы бәріне бірдей ортақ маңыздылығы айқын, құны баға жетпес уақиғаны әртүрлі мазмұндағы шығу тегімен түсінгені қалыпты ма? Неге бәріне, немесе, негізінен бәріне ортақ ғылыми түсінік 30 жыл уақыттың барысында қалыптаспаған? Мұндай жағдай, біздің пікірімізше, мемлекеттік десеңіз де, ұлттық десеңіз де, бәрібір, идеологиямыздың халқымыздың рухы мен санасынан көңіл толмайтын түрдегі орын алуынан.

Өткен ғасырдың аяғындағы және осы ғасырдың алғашқы жылдарындағы қоғамымыз аяғынан тік тұру мақсатында «алдымен экономика, онан кейін саясат» дейтін кез әлдеқашан артта қалды. Тәуелсіз мемлекетіміздің қабырғасы тұрғызылғаннан бастап, ел басқару әлеуетінде идеологиялық проблемалар мен мәселелерге тікелей жауап беретін құрылымдар пайда болды. Ең биігінде маңыздылығы мен өкілеттік деңгейі ел премьер-министрімен қатар тұратын «мемлекеттік хатшы» қызметі енгізілді. Облыстар мен қалаларда, аудандарда «ішкі саясат» бөлімдері мен басқармалары өмірге келді. Оларды қол қусырып босқа отыр деуден аулақпыз. Берген есептері, басшылықтың тапсырмаларын орындауы, мүмкін, «ойдағыдай» да шығар. Бірақ, халықпен, үлкенді-кішілі еңбек ұжымдарымен байланыстары тығыз, олармен жасайтын алуан түрлі идеологиялық жұмыстары көңілге қонымды деп айту да қиын. Ең болмаса, «ескі партия» заманындағыдай мектептер мен оқу орындарындағы қоғамдық пәндердің мамандарымен қоян-қолтық істегенін, олардың Тәуелсіздік заманының идеологиялық құндылықтарын мүмкін болған әдістермен халықтың түрлі топтарына жеткізген, талдап түсіндірген іс-шараларын соңғы онжылдықтарда байқамадық. Айтылатын, жазылатындардың негізі ақпарат, телематериал түрінде журналистерден ғана келеді. Мемлекеттік идеологияның қыр-сырын, оны жүзеге асыру саясатының қыртыс-қыртысын талдап, саралап қара халыққа жеткізіп жүрген кездесулерді де, саяси баяндамашыларды да, мақалалар мен әдістемешілерді де, тағысын тағыларын да, осынау төл саланың шенеуніктері тарапынан көре алмадық. Халықпен кездесуге қорқатын болса керек. Компетентсіздік, бейкәсібилік жалаң көзге-ақ көрініп тұрады ғой! Тіпті, өздерін сол қызметке тағайындап, айма-ай жалақы төлеп отырған әкімдерінің өзін біреулер арамдықпен, біреулер надандықпен, біреулер басқа да жағымсыз түсінікпен негізсіз, фактсыз, бостан бос жазғырғанның өзінде тілдерін тістеп отыра беретін «идеология саласының шенеуніктерінің» кімге қандай пайдасы бар!? Осыдан кейін егемендігіне 30 жыл толайын деп отырған осы ұлы сыйдың тарихи түп қазығының реалды себептерін неге түсіндіре алмайды деп сұраудың өзі…?

Ең алғашында кейбір «ұлттық белсенділеріміздің» тарапынан өмір сүріп отырған қоғамымызға аталмыш азаттығымыздың себептерін ата-бабаларымыздың берген баталары, аруақтардың қолдауы және осы сияқты өткендегі тіршілігіміздің қасиетімен түсіндіру әрекеті болды. Әрине, оған қай қазақ қарсы болсын. Бірақ, тура осы аргумент бізге бостандық әперудің негізгі тарихи себебі емес екенін ұлттық интеллигенцияның басым көпшілігі білді. Сөйте тұра, Тәуелсіздігімізді ресми жарияламай тұрып-ақ, бірінші Президентімізді бүкіл халық болып сайлаған күннің ертеңіне, 1991 жылдың 2 желтоқсаны күні, оның әлем журналистерімен кездесуінде алдымызда «нарықтық экономика», «азаматтық қоғам», «құқықтық қатынастар» сияқты феодалдық көшпелі қоғам тәртіптеріне ешқандай қатынасы жоқ мемлекет құру мақсаты тұрғанын білдік. Осындай даму жолын қолдадық.

Бәрібір, сол кезде-ақ, әлгі ғана айтылған идеологиялық үрдістерге еш сәйкестігі келе қоймайтын, этносаналық «құндылықтар» алдымыздан шыға келді. Этнопедагогика, этнорух, этнотәрбие, тағысын тағылар. Егер сол кезде бір қора малмен, киіз үйімен, басқа да атрибуттарымен, жанұяларымен адырға, бетпақдалаға кетіп, көшпелілікті тірілтеміз дейтіндер көптеп табылғанда, онда «этноэкономика» деп ұрандататын «идеологтар» да табылып қалуы таң қалдырмас еді.

Жаманды-жақсылы социалистік өмір салтын, экономикалық әдісті басынан өткізген, ұтымды тұсын қолдап, кемістігіне қынжылған азаматтардың алда азаматтық идеология түрде мақсат еткен постиндустриалды қоғамды феодалдық көшпенді мал шаруашылығы тұсындағы идеологиялық әдіспен, осыдан туындайтын салт-санамен орнатуға шақыруы күлкілі еді. Қалай болғанда да, бұндай «идея» сол тұста еркіндіктің арқасында күннен күнге дамып, алға жылжыған қазақ санасында шамалы уақыт болса да, түгел қамти алмаса да, естен шықпастай орын алды.

Аталмыш әлеуметтік-психологиялық ұстаным талай азаматтың санасына енді. Көптеген саналы, сауатты дегендердің өзі ру-тайпалық түп-тамырын, ата-бабаларының ішіндегі атақтыларын, мансаптыларын, батырлары мен билерін, бай-манаптарын іздеп, олардың аттарын «мәңгілік қалдыру» шараларын іздеп кетті. Тарихи шындық пен асыра мақтау, өтірік сапырылысып кетті. Тарихи объективизм мен заманауи әлеуметтік-экономикалық талаптардан туындайтын ұлттық саяси және құқықтық мәдениет үрдістері мен мазмұны кейін шегінді…Жаңғырықтары бүгінге дейін келіп жетіп, жастардың санасына болашақ талабынан туындайтын прагматикалық салт-сана енуің, тиісті орын алуын тежеуіштеді…

«Ішкі саясат құрылымдары» деп ат қойып, айдар таққан мемлекеттік идеологияны қорғап, насихаттайтын мемлекет органдарының жұмыс нәтижесі сонда қандай дәрежеде болғаны?…

Осы айтылған «этноидеологиялық идеялар» сияқты мемлекеттік идеологиямызға бәсекелес, жағрапиясы одан да аумақты, тарихи түбірі мен мазмұндық ауқымы алыс-жақын шет елдерден келген, атеизм билігі кезінде үндемей, идеялар тартысына қатыспайтын, егемендік еркіндігі арқасында жаңарып, тамырын тереңге тастауға бел шеше кіріскен тағы бір бәсекелес – «діни идеология» пайда бола кетті. Өткен отыз жылда да, қазір де, кейде осы «жойқын, рухани, саналық күш» біздің ішкі саясатымыздың сарбаздары мен сардарларының дыбысын шығармай, үндерін өшіріп тастағандай әсер қалдырады. Осы бағыттағы мемлекеттік шенеуіктерімізден де, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан да, мемлекеттің қоғамдық идеологиясына емес, оның қалтасына көз тігетін үкіметтік емес ұйымдардан да, бүгінге дейін жарыған ешнәрсе естімейміз. Есесіне діни қайраткерлер мен белсенділерді тек мешіттерден ғана емес, жанұя от басында да, құдайылар мен тойларда да, көптеген жиналыстарда да, мемлекеттік құрылымдар мен басқа ұжымдардағы кездесулерде де, аз көрмейміз. Жүнбет, теке сақал, қысқа балақтарды теледидар мен әлеуметтік желілерден дәстүрлі ата дініміздің өкілдерінен әлдеқайда көп көретін сияқтымыз. Алдағы Тәуелсіздігіміздің мерейтойларында да оларды төрден көретін шығармыз.

Бір «қызығы» Ата заңымыз қайнар көзі болған, саясатымыздың негізі роліндегі қоғамдық та, мемлекеттік те идеологиямыздың «жауынгерлері» өздерінің діндәр бәсекелестерінен аяқ тартса, ата діндегі молдаларымыз да өздерінің жүнбет спаррингтерінен қорқатын сияқты.

Осыдан кейін не айтуға болады, оларға?! Тәуелсіздігімізге қол жеткізген ғылыми ақиқаттың шетін шығарсаң болды, «бұл сый Алла тағаланың қазаққа жіберген шарапаты» деп шыға келеді. Мемлекеттік статусы мен міндеті бар «ішкі саясатшылардың» өздерінде үн болмаған соң, басқа «пенделер», «жамағат мүшелері» не айтсын. Ресми мемлекеттік идеологтың орнына «онда неге бұрындары атам қазақ Алламызға, мейлі Құдайымызға болсын, шексіз сенген, қолынан келгенше бес парызын атқарған заманда неге оларды қандай күнәсі үшін саяси бостандығынан, жеке елдігінен айырды, кәпірлер мен жөйіттерді айдап салып топалаң тиген қойдай қырды» десең тарихи сауатсыздығы көрініп тұрғанына қарамастан, діни сауатын пайдаланып, аузына келгенін сапырады. Ешкім қарсы ешнәрсе айтпайды. Ал, әрі қарай «кеңестік кезеңде арақ іштік, дінге сенбедік, молданы арамза дедік, атқаны өтірік деп күнәға белшеден батсақ та, неге Алла бізге бағасына сан жетпейтін Тәуелсіздікті қиды» десең, бәлеге қалдың. Қарғыстың бәрі сенікі. Айналаңдағы біреу де қолдамайды. Қайта қосылып, өзіңе қарсы шығатындар табылады. Айтылатын жауаптың ешқандай ғылыми да, логикалық та негізі болмаса да…

Жоғарыда айтылған екі факторлардан басқа да Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи себептер жөнінде полемикаға қалың жұрттың белгілі бір топтарының түсінігін бұра тарта қатысып, олардың санасына белгілі бір дәрежеде әсер еткен басқа да шешуші «себептер» бар екен. Оның бірі – кезінде саяси тәуелсіздікті жоғалтқаннан соң, ел басынан өткерген көтерілістер мен осы уақиғаларға ұйтқы болған батырларымыз екен. Егер өткен екі-үш ғасырлардың ішінде жеңіске жетіп, соның ең болмаса біреуінде қазағымызға Тәуелсіздік сыйлаған көтерілісті білсек, онда қазіргі таңдағы мақтанышымыз көкте жүрер еді. Өкінішке орай, есепсіз қарсы шығу мен көтерілістерден қанша қан шашылса да, қанша батырларымыз өмірлерімен мезгілсіз қоштасса да, ұлы мақсаттарына жетпей кетті. ХҮІІІ – ХХ ғасырлардағы қазақ елінің әлемдік көштен, қоғамдық дамудан кейін қалып кеткені соншалық, тек батырлық пен қиылған өмірлер мақсатқа жету үшін өте аз еді.

Тағы бір – жастарды тарихи ақиқаттан бұра тартып, бұғанасы қатпаған жас толқынның сеніміне шашыраңқылық түсінік туғызған жәйт. Ол – 1986-шы желтоқсандағы Алматыдағы жастарының саяси бас көтеруі. Осы уақытқа дейін, азат еліміздің 30 жылдық мерейтойы мезгіліне дейін, «Уақиға» деген саяси статусқа ғана әділетсіз ие болған тарихи фактыны кейбір қандастарымыз «қарусыз көтеріліс» деп, біреулеріміз шектен шығып, «ұлт-азаттық көтерілісі» деп, «революция» деп жұртшылыққа жар салды. Бұл деңгейдегі әлеуметтік текетірестердің әлемдік ғылым қабылдаған саяси белгілері барында шаруасы да жоқ. Ақырында келіп «қазаққа Тәуелсіздікті де, егемендікті де сыйлаған осылар» деп жариялағандар да шықты.

Біздің пікірімізше, олар бодандық тіршілігіміздің соңғы онжылдығында ашық бас көтерген хас батырларымыз. Әсіресе, сол кезде қарсылық алаңында қыздарымыздың жігіттерден кем болмауы – қазақ қанша уақыт аман-есен, тірі болса, сонша уақыт тұңғиығында орын алатын ұлттық мақтанышымыз. Бірақ, олардың көтерген ұрандарында сол кезде күшінде тұрған Одаққа, бірден бір билеуші саяси ұйым Компартияға, қарсы ешқандай талап болған жоқ. Қойған талабы біреу ғана: «Әр халыққа өзінен шыққан Басшы!». «Хотя бы Мирошхина!» деп, сол кезге дейінгі республикалық партия ұйымың екінші хатшысы, ұлты орыс Олег Семенович Мирошхинді ең болмаса неге қоймадыңдар дейтін ұранды көзімізбен көрдік. Бұл – уақиғада орыс ұлтына қарсы ұлтаралық мазмұн да болған жоқ.

Бұл мақалада біз аталмыш Желтоқсан уақиғасын талдап, не зерделеп, әлі де болса ала алмай жатқан өз тарихи орны мен бағасын ұсынуды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Айтпағымыз: бүгінгі күнгі ең басты әлеуметтік және саяси қуанышымыз «Тәуелсіздігіміз» бен ең басты идеологиялық мақсатымыз «Мәңгілік ел» мұратына қол жеткізуді бұйыртқан – жалпы адамзат және оның құрамдас бөлігі ұлттық тарихтарымыздың мызғымас заңдылықтары. Сол тарихи күндердегі жалындаған жастарымыздың естен шықпас ерлігі, алдындағы келтірілген тарихи факторлармен және басқа да тарихи әрекеттермен қоса, халқымыздың саяси еркіндікке деген ұмтылысын, рухын, санасын және жадын еселеп жаңғыртуда сөзсіз үлкен серпіліс әкелді! Ал, тікелей жаңа мемлекетімізді бізге силаған Тәуелсіздік туын қолымызға ұстатты дейтіндей түсінікке сүйреу – жасанды да артық…

Күні бүгінге дейін көптеген азаматтарымызбен, әсіресе жастарымызбен пікір алысып, әңгімелескенде, жоғарыда айтылғандардың бәрі де алдыңнан көлденең шыға келеді. Абай атамыз кеткенше айтып кеткен, бүгінде оны білмейтін қазақ жоқ, «өсек, өтірік, мақтаншағының» барлық компоненті бұл проблемада да өз күйінде. Жасанды патриоттану, мақтану түрінде көзге көріну, фактінің болғаны рас, ал қорытындысы логикалық шектен асып, аспандап кетеді. Ресми де емес, ғылыми да емес, осыдай «пікірлерден», «көтеріңкі ой-түйіндерден» кімге қандай зиян? Мейлі, айтып, білгішсініп, шірене берсін дегенді де естиміз.

Ойлау қабілеті бар адам үшін зияны жеткілікті. Біріншіден, азаматтарымызды, әсіресе жастарымызды шатастырады. Оларды ғылыми, тарихи объективизмнен алшақтатады. Ой-санасын қияли, иллюзорлық түсінік жаққа белсенді түрде бұрды. Ұлтының мақсат қойған саяси мәдениетінің бойында қалыптасуын жанжақты тежейді. Төл мемлекетінің саясатын, әлеуметтік мақсатын, құқықтық тәртібін саналы түрде қабылдауын кескестейді. Екіншіден, бүткіл қоғамның, ұлттың, мемлекеттің алға қойған болашақтағы жарқын арман-мақсаттарына жетуін күрделілендіреді. Елдің идеологиялық және қоғамдық рухани ортақтастығы, ата-бабадан келіп жеткен, небір қилы замандарда күш берген дәстүрлі діни және әдет-ғұрып ортақтастығы, өмір сүрудегі образ және менталдық-психологиялық ортақтастығы болмаса, әлемді, қоғамдық тыныс-тіршілігімізді ортақ ғылыми үрдістерсіз ара-дараға, топ-топқа бөлініп түсінетін болсақ, онда болашағымыз қандай болмақшы!? Үшіншіден, осы қуанышты отыз жылда бір жағынан мемлекетімізді, ұлтымызды, шаруашылық мүмкіндігімізді әлем танып, айналамыздағылар мойындаса, екінші жағынан трайбализм, жемқорлық, коррупция, моральдық-психологиялық «бетсіздік» және басқа да мырқымбайлық әдеттерден тазара түсудің орнына бұрынғыдан да әлдеқайда өршітіп алдық. Осы ұлтқа індет боп жабысқан негативтердің басты себептердің бірі – жоғарыда айтылған «авторлары» мен қолдаушылары айнымайтын, жаңылыспайтын, шындық пен өтірікті, мақтаншақтық пен топастықты ажыратпай бір қазанға салып «пісіруден»! «Өтіріктің ұшы бір-ақ тұтам» деген ата-бабаларымыздың нақылы естен біржола шыққандай әсер қалдырғандай.

Төртіншіден, көпэтносты еліміздің қазақтан басқаларында да білімді, терең ойлы азаматтар аз емес. Оларды жаңағы қазанда піскен «шындық аралас» ұрандарға қалай сендіреміз? Алыс-жақын шетелдердің бұрыннан әр ауылымызға, аймағымызға көз тіккен барлау қызметтері, талдау орталықтары, ғылыми орталықтары үнсіз де тынымсыз ертеден өз міндеттерін атқаруда. Оларды әлігі «шолақ шындығыңа», әсіресе, әлеуметтік желілердегі аузына келгенін сапыратын «ақылдылық», «білгіштік» ауруына шалыққандардың айтқанына, қалай «сендірмексің»?? Елдің, ұлттың иммиджін құрайтын факторларға тікелей тиетін зиянын қайтеміз?

Ел ішінде де, әлеуметтік желілерде де, «сымсыз телефондарда» да, көп жағдайда көзі қарақты, білімді, болашақ өмір ойландыратын азаматтардың өзінен: «Бізде мемлекеттік идеология жоқ!» деген ашынуды есітіп қаламыз. Неге болмасын.Бар! Егер мемлекеттік, қоғамдық идеология болмаса, осы отыз жылдың бас жағында-ақ онсыз да «орталықтан қашу (центробежый)» әлеумпсихологиялық сезімнің санасыз иелері есебінде аборигендігіміз идеологиялық тежеусіз кетіп, трайбализміміз есіріп, туземецтіктің төбесі көрініп қалар ма еді?

«Идеология» деген түсінікті 1806 жылы белгілі француз ғалымы Дестюд де Трасси ғылыми айналымға енгізген. Ол – қоғамның, мемлекеттің, мемлекет құраушы ұлттың негізгі құрамы қолдаған үлгілі, алдыңғы қатарлы тіршілік өмір орнатудағы, оны дамытудағы идеялардың жиынтығы. «Идея» ғана емес, «Идеялар жиынтығы»! Біздің төл идеямыздың күнде қайталанып айтылып жүрген «Тәуелсіздік», «Егемендік», «Мәңгілік ел», «Азаматтық қоғам», «Халық билігі», «Нарықтық көпменшікті экономика», Ата заңымыз және онда ойылып жазылған «демократиялық», «әлеуметтік», «құқықтық», «зайырлы» және басқа да басты идеологиялық мақсат-мұратымызға жетелейтін идеялардың жиынтығы!

Қазіргі ең жаңа тарих заманында көзге түсіп отырған вариациялық және интерпретациялық ерекшеліктері бар үш негізгі идеологиялық түрді көріп жүрміз. Олар «Азаматтық қоғам идеологиясы», «Діни қоғам идеологиясы» және дамуы әлемдік көштен ұзақта қалып кеткен елдердің «Ертегіленген, мифологиялық қоғам идеологиясы». Сонда біздің онсыз да біртұраққа енді жеттік пе дегендегі идеологиямызды білгіштікпен жан-жаққа шашыратқандыңке осылардың қайсысы? Әрине, ура-патриоттарымыз «ұлттық мемлекет идеологиясы» деп қысқа қайыратын болар? Біз де оған қуана келісер едік. Бірақ, тарихта бұл мемлекеттік идеология капитализмнің еркін бәсекелестік және монополистік сатысында, 1929 – 1932 жылдарғы жойқын дағдарыстан соң-ақ біртіндеп қалып кеткен. Солтүстік Корея ма? Олар «ұлттық» емес, «социалистік» идеологияның сарбаздарымыз дейді. Бұл күндері әлемдік экономикалық және саяси ара байланыс үлкен роль атқаратыны соншалық ешкімнен сескенбейтін Қытайдың өзі «социалистікпіз» дейді де өздері азаматтық идеологияның үрдістерін кеңінен пайдаланады.

Мақаламыздың соңыда айтатынымыз: бізге ертедегі және кейінгі ата-бабаларымыздың, қандастарымыздың азаттық үшін күресі, қиылған өмірлері ұлттық рухымызды көтеріп, санамызды үздіксіз тәуелсіз өмірге бағыштады. Де-факто ретінде бүгінгі мерекелі, мерейлі 30 жылға толатын Тәуелсіздігімізге ие болу сиын Батыс пен Еуразияның, капиталистік және социалистік қоғамдық-экономикалық формациялар текетіресінің шешілуі, диктаторлық билікке негізделген кеңестік дүниенің іріп-шіріп бітуі – шешуші себеп болды. Бұл тарихи уақиғалар мен оның заңдылықтары туралы мақаламызбен газетіміздің кейінгі сандарында шығамыз деген жоспарымыз бар.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жетістіктерімізбен қуанып, орын алған кемістіктерімізді талдап, алдағы кезеңде оны жөндеу керегін бәріміз де жақсы түсінеміз. Мерейтойдан кейінгі уақытта мүмкіндігінше қысқа мерзімде мемлекеттік идеологиямызды ел санасына сіңіру жолында өткендегі қателіктерімізді түзеп, ұлттық бірлігімізді мейлінше нығайтқанымыз ләзім.

Жанат НҰРЖАНБАЕВА,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,

PһD докторы

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясы Қазақстан тарихы кафедрасының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *