ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ –ЖҰМЫСТЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ

Қоғам Құқық
1 327 Views

Полиция департаменті. Бұл ішкі істер органындағы маңызды құрылым. Полиция қызметкерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау және заң бұзушылықтыңжолын кесу. Полиция қызметкері кез келген жағдайда сақадай сай болуы тиіс.Тәуліктің кез келген уақытында және ауа райының түрлі құбылысына қарамастаншақыртулар мен штаттан тыс жағдайларға дайын болуы қажет. Полицейлердің кәсібиіс-әрекеті адам өмірінің аман қалуына тікелей ықпалын тигізеді. Қоғамдықтыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал ететін тәртіп сақшыларының еңбегі қай кезде болмасын ерекше. Ішкі істер органдарындағыхалықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – полиция. Олардыңкүнделікті қызметі туралы біреу білсе, біреу білмес. Біз бүгінгі мақаламыздаполиция қызметкері халықпен қалай араласады? Олардың қызметі қалай жүріп жатыр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратауауданы полиция басқармасы жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өте маңызды. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Заңына сәйкес, полицияның құзырына адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, оқиға туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, көмек көрсету, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, патрульдеу, құқықбұзушыларды іздеу және құрықтау кіреді. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері көшіп-қонушылар мен соттылығы аяқталмаған адамдармен жұмыс істейді. Осыншама ауқымды жұмыстарды атқаратын полицейлердің қызметінің жіктелетіні де белгілі. Осы себепті полицияның бейінді бөлімдері мен құрамдары бар. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың полиция қызметі сервистік модельге көшу талаптарын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында ұдайы қызмет атқарып жүрген полиция полковнигі, Мемлекет басшысының «Халық алғысы» медалінің иегері Тіленшин Арман Қайбарұлының басшылығындағы Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасын ерекше атап өткен жөн. Жергілікті тұрғындардың, яғни халықтың сенімі – бұл сөзіміздің басты дәлелі болып отыр.

Полиция қызметкері үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын мекемелердің бірі – Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы бөлімі. Толықтырып кетер болсақ, 2021 жылы «жұртқа жақын полиция» қағидасына сәйкес жұмыс жасап келеді. Аудандағы жалпы криминогендік жағдай тұрақталып және ағымдағы жыл басынан барлық қылмыс түрлерінің ашылуы жоғарылаған.

Жергілікті қала тұрғыны Нұрбол Ерғалиұлы: «15-нен бастап осы Қаратау ауданы ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, ерікті ретінде сағат күндізгі 11-ден 15:00-ге дейін жұмыс жасаудамыз. Полиция халықпен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп жүргеніне күнделікті куәміз», — деп халықтың полицияға деген сенімі артқанын дәлелдей түскендей. Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашан да қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полицияның жұмысын көзбен көрдік. Полицияға қойылатын негізгі талап, Мемлекет басшысы айтқандай, тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалау халық сенімінен құралады.

Жалпы, бүгінгі таңда құқық қорғау саласының қай бағытына болмасын талап күннен күнге күшейіп келе жатқаны рас. Бұл әсіресе, осындай қиын-қыстау кезеңде анық байқалуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән беріп, аталмыш саланың заман талабына сай икемді болуы қажет екенін айтқан болатын.

Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағында 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы қылмыстардың өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда -17 пайызға төмендеген. Оның ішінде бұзақылық қылмыстар 6-дан 4-ке төмендеп, түсу көрсеткіші – 33 пайызды құрап отыр. Пәтер ұрлығы – 31 (2020ж. -69) тіркелуі 55 пайызға төмендеген. Жалпы өзгенің мүлкін ұрлау фактілері бойынша – 2021 жылы 82 дерек тіркеліп (2020ж. -132) тіркелуі 38 пайыз төмендеген. Яғни, орын алған ұрлық қылмыстар ізін суытпай ашылуда деген сөз.

Бұл тұрғыда, «Қазіргі таңда қару, пәтер, мигрант профилактикалық іс-шаралары өтуде. Бұл қылмыстың деңгейінің төмендеуі, түрлі қылмыстық іс-әрекеттің алдын алу мақсатында жүргізілуде. Соның нәтижесінде Қаратау ауданында қылмыстық әрекеттер біршама азайды. Сонымен қатар, халыққа бір табан жақын болу мақсатында «102», «Жұртқа жақын Полиция» қағидасы негізінде сенімді көрсеткіштер көрсетіп келеді. Қылмыстың ішінде ұрлық істері бойынша алдын алу шаралары көптеп атқарылуда. Бұл халық пен полиция қызметкерінің жақын, сенімді байланысының нәтижесі. Осы орайда біздің тынбай еңбектеніп жүрген, өз қызметіне адал әріптестеріміздің еңбегі орасан екенін айта кеткеніміз орынды»,- дейді Қаратау аудандық Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ержан Нұрғазиев.

ҚР Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандар даярлаудың кешенді шаралары қарастырылып жатқаны анық. Өздеріңіз білетіндей, қоғам тыныштығын күні-түні кірпік қақпастан күзететін полицейлердің арасында да өз ісіне берілген, жауапкершілігі жоғары білікті мамандар аз емес. Өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге және олардың отбасыларына мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп жатыр деп есептейміз. Қызмет барысында қаза болатын бейбіт күннің батырлары қаншама. Өз кезегінде елінің нағыз патриоты, білімді де білікті осындай жас мамандар көптеп дайындалуы қажет.

Басқарма қызметкерлерімен 2021 жылдың басынан осы уақытқа дейін ұрлық қылмыстары бойынша бірнеше топтар құрықталып, олармен аудан көлеміндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, ауданға қарасты Қайнар бұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ елдімекені, Достық мөлтекауданында түрлі сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Мысал келтіретін болсақ Сайрам тұрғын алабында үйлердің біріне ұрлыққа түсіп ірі көлемде қаражат ұрлаған (41 000 АҚШ доллары). Аталған дерек бойынша Шымкент қаласы ПД Қаратау ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдікті тұлға анықталып, басқармаға жеткізілді.

Сондай-ақ, жеке басынан өткен ұрлық қылмысы бойынша Шымкент қаласы, Достық мөлтек ауданының тұрғыны Дәулет Асқарбекұлы: «Өткен айдың 11-не пәтеріме ұрылар түскен болатын. Сол кезде қолсағат, теледидар, тағы да басқа құнды заттарым қолды болған еді. Полиция қызметкерлерінің жедел қызмет көрсетуінің арқасында ұрыны қолға түсірді. Қазіргі таңда қолсағатым қайтарылды, ал қалған жоғалған заттардың орны толтырылатынын айтты»,- деп Қаратау аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне алғысының шексіз екенін жеткізді.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу басты назарда. Жыл көрсеткіші бойынша қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар да төмендеп отыр.

Өздеріңізге белгілі, Қаратау ауданы аумағында жаңа мөлтек аудандар мен қалашықтардың салынуы, тұрғындар мен келетін қонақтардың санының артуына әкеліп соғады. Демек, қарапайым халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау өте маңызды. Осыған орай, орын алған қылмыстарды ізін суытпай ашу мақсатында Қаратау ауданы аумағында орналасқан көп қабатты үйлердің ауласында бейнекамера орнатып беру мәселесі қарастырылып жатқаны туралы да ақпарат белгілі болды. Қазіргі таңда Қаратау ауданында жалпы 50 мыңнан астам жеке үйлер мен 950-ден астам көпқабатты үйлер бар.Аталған үйлердің ауласында бар жоғы 94 бейнекамера орнатылған.

Заңдылықты қорғау ісіндегі идеалдарға адалдық, жеке істі ортақ іс үшін құрбан етуге дайын болу – бұл бүкіл полицияның жұмысы. Аталған Полиция бөлімінде дәл осындай адамдар жұмыс істейді, олар өздерінің принциптері мен мамандықтарына адал. Полицей мамандығы өте қиын әрі қауіпті болып саналады. Қызметтік борышы бойынша адамдардың қауіпсіздігі, қоғамдық тыныштық пен тәртіп полицей өмірінде басымдыққа ие. Ең бастысы – кез келген қызметкері өз әріптесіне көмекке келуге, қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын. Полиция қызметкерінің қайда екендігі, тәуліктің қай уақытында сигнал түскені маңызды емес-шақыру бойынша қызметкер қойылған міндеттерді орындау үшін полиция бөліміне асығады. Ондағы мақсаты азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау болып табылады. Полиция қызметкерлері – әрдайым тұрғындардың тыныштығын күзетеді. Полиция – әрқашан мемлекеттің тірегі, әділеттілік пен тәртіптің айнасы, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі болуы қажет. Халық игілігіне қызмет еткен полиция қызметкерлерінің еңбектерін бағалауымыз тиіс. Өз Антына адал, отансүйгіш, полиция қызметінің мүддесін жоғары қоятын қызметкерлер әрдайым марапатқа және құрметке лайық.

Тыныштық пен қауіпсіздік үшін өмірлерін құрбан ететін тәртіп сақшыларының қызметтік уақыты қызық пен өкінішке толы. Өйткені, адамдардың кейде жауыздықпен бір-біріне жасайтын қатыгез әрекеттері оларды да бей-жай қалдырмайды. Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, Отанға деген адалдық пен шаңырақ шаттығын таразы басында тең ұстау, береке мен бірлікті сақтау – бүгінгі полиция қызметкерлерінің басты парызы.

Жүрегі елім деп соққан құқық қорғау саласының қызметкерлері бүгінде қоғам арасында ерекше беделге ие. Жыл санап оларға деген сенім арта түсуде. Ендеше, барша полицей қауымға айтарымыз, адал еңбек пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білу – жұмыстың тәтті жемісі.

Әрине, өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге айтар алғыс шексіз. Біздің мақсат – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *