ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – БӘРІМІЗДІҢ БОРЫШЫМЫЗ

Қоғам Құқық
897 Views

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жақсарып, әлем мемлекеттері арасынан өз орнын айқындады. Дүние жүзіне өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кедергілерден арылуды міндет етіп қойды. Бұл жол – Президентіміздің бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына орай сыбайлас жемқорлықпен күресу – әрбір мемлекет органдары басшыларының, ел азаматтарының міндеті екені атап көрсетілді. Аталмыш заң – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Сыбайлас жемқорлық – барлық салаларға тамыр жайып кеткені жасырын емес. Сондықтан да қоғам бойындағы бұл қатерлі індетпен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр. Елбасымыз халыққа арнаған жолдауларында жемқорлық індетінің тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайтынын жиі айтып келеді. Бұл мәселені шешуде мемлекет пен қоғамның күш біріктіруіне көңіл бөлу қажет. Осы тұрғыда Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік кірістер органдарында мемлекеттік қызмет көрсетулер, салық төлемі жөнінде және төлемдер электронды түрде іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей қарым-қатынасты азайту мақсатында бүгінгі күні «Астана-1» ақпараттық жүйесі интернет жүйелері арқылы қызмет көрсетілуде. Сонымен қатар қызметкерлер арасында тәрбиелік-профилактикалық шаралар, әдеп нормаларын сақтау үшін күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық мәселесінен енді аяқ тартып, елімізде әділдік орнап, барлығымыз жаппай күресіп, құртамыз, елдің ой-санасын жемқорлық дертінен аластатамыз деп, халық арасында «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кез» туғандай сезініп, осынау ойымыздан осы дертті ұмытып бара жатқандай сезініп жүрсек те кейбір кезде әбжыландай тілін сумаңдатып жағымсыз жағдайлардың шыға келетіні ешкімге де жасырын емес. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік кірістер органдарының құрылымында сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында жұмыс атқаратын арнайы ішкі қауіпсіздік басқармасы осы тәуекелдерді анықтап, сұрақтар бойынша мониторинг жүргізіп, осындай келеңсіздіктерді болдырмауға барлық күш-жігерін салып, қызметкерлер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Департамент басшылығы қызметкерлер тарапынан әдеп нормалары мен стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін ең алдымен өзі әдеп нормаларын қатаң сақтап, әділдік пен қарапайымдылықтың эталоны болуды және де өзгелерден де соны талап етуде. Сонымен қатар біздің департаментте тек пара алу фактілері ғана емес, пара берушілермен де күрес тиімді жүргізілуде. Бұл бағытта 2018 жылы санасы жоғары қызметкерлеріміздің бастамасымен бір пара беру фактісі, әшкереленді. Мысалы, аудит басқармасының қызметкеріне жеке кәсіпкер салықтық тексеру кезінде шара қолданбауы үшін 500 мың теңге ұсыну барысында ұсталып, сот үкімімен кінәлі деп танылды.

Осындай сыбайлас жемқорлықтың індетінен арылу үшін барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреттері шегінде жемқорлыққа қарсы нәтижелі күрес жүргізуге міндетті. Бүкіл елдің абыройын төмендететін сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу, туған Отанын ардақ тұтатын Қазақстан Республикасының әрбір азаматының абзал борышы деп білу керек.

Ж.АМАНБАЕВА,

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің салық актілерін бақылау басқармасының басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *