ҚАЙРАТКЕР

Тұлға
1 118 Views

Үстіміздегі жылдың 26 мамырында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаев сексеннің сеңгіріне шығады. Осыған орай оқырмандар назарына төмендегі мақаланы ұсынамыз.

Тәуелсіздік күні қарсаңында. Астана, 2018 жыл.

Институт бітіргеннен кейін екі жыл өз ауылымның мектебінде еңбек етіп, бір жыл әскерқатарында Отан алдындағы борышымды өтеп, 1969 жылдың тамыз айында тағдырдыңбұйырысымен Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық комсомол комитетіне жұмысқақабылдандым. Қызметім – насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімі лекторлартобының жетекшісі, кешікпей сол бөлімнің басшысы болдым. Ұжымда ылғи жастар,қызмет жасайтын ортамыз да жастар. Жұмыс өте қызықты, уақытпен санаспаймыз,үйге көбіне кеште ұйықтауға ғана барамыз. Студент кезде, мектепте еңбек жолынбастағанда, әскерде комсомол жұмысымен қоғамдық негізде айналыссам, енді олкәсіби қызметке айналды. Көп жерлерде болып, көп нәрсені көріп-біліп, талайадамдармен танысу мүмкіндігі туды. Бұл біле-білгенге сөз жоқ, үлкен байлық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Равиль Шырдабаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етуде.
Атырау, 6 қыркүйек, 2019 жыл.

Жаңа жұмысқа кіріскен алғашқы күндердің бірінде қалалық және аудандық комсомол комитеттері бірінші хатшыларының қатысуымен кезекті бір жиын өтті. Олардың бірен-саранын білгенмен де көпшілігін алғашқы көруім. Қай-қайсы да белгілі бір еңбек жолы баспалдақтарымен көтерілген осал адамдар емес еді. Алайда, назарыма ерекше ілінгені Өзен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Равиль Шырдабаев болды. Орта бойлы, жастау кезінде спортпен шұғылданса керек, тепсе темір үзетіндей шымыр денелі, өзіне басқа адамды ерекше тартып тұратын жарқын жүзді жігіт екен. Бет-әлпеті, жалпы сырт пішімі көз алдыма сол кезеңдегі Египеттің (Мысыр) Президенті Гамаль Абдель Насерді елестетті. Әріптестерінің арасында Мәскеуде жоғары білім алған да жалғыз осы кісі екен. Қос тілде еркін сөйлейді, әсіресе сол кезде негізгі қолданыста болған орыс тілінде алдына жан салмайтын тұлпардай зулап тұр.

Равиль Тәжіғараұлы мен жұбайы Сәуле Мұхамедиярқызы.

Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев 1940 жылы 26 мамырда Гурьев облысы Мақат ауданының Доссор кентінде мұнайшылар отбасында дүниеге келген. Мұнайшы болу Шырдабаевтардың ұрпақтан ұрпаққа тараған ата кәсібі. Қазіргі таңда бұл әулеттің барлық ұрпақтарының мұнай саласындағы еңбек өтілі 1215 жылды құрап отыр. Гиннестің «Рекордтар кітабына» енгізуге әбден лайықты көрсеткіш.

Равиль еңбек жолын 16 жасында «Эмбанефть» комбинатының Доссор автомобиль, трактор және мұнай жабдықтарын жөндеу зауытында слесардың көмекшісі, слесарь болып бастап, 1966 жылы Мәскеудің академик И.М. Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алғаннан кейін осы зауытта инженер-конструктор, цех бастығы, бас инженер қызметтерін атқарған.

1968 жылы Гурьев облысының құрамында Өзен ауданы құрылғанда Равиль Тәжіғараұлы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, 1970-1973 жылдары – Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1973-1975 жылдары – КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1975-1977 жылдары – Махамбет аудандық, 1977-1987 жылдары – Гурьев қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1987-1989 жылдары – «Тенгизнефтегаз» өндірістік бірлестігі бас инженерінің орынбасары, 1989-1990 жылдары – Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1990-1992 жылдары – Атырау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1993 жылдары – Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, 1993-1994 жылдары – «Тенгизшевройл» Қазақстан-Американ біріккен кәсіпорынының Қазақстан жағынан алғашқы директоры, 1994 жылы (мамыр-қазан) – Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, 1994-1999 жылдары – Атырау облысынң әкімі, 1999-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Украинадағы және Молдава Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, 2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі, Қазақстанның Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі Халықаралық келіссөздердегі әдейі уәкілі, 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2007 жылдан бері «АЛД Консалтинг» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. Міне, кезінде слесардың көмекшісінен басталып мемлекет және қоғам қайраткеріне дейін көтерілген Равиль Шырдабаевтың алпыс жылдан астам абыройлы еңбек жолы осындай.

Енді жоғарыдағы жас кезімізден бастау алған әңгімемізді әрмен қарай жалғастырайын. Облыстық комсомол комитетінің қызметкері ретінде аймақтың қала, аудандарына алғашқы іс сапарым 1969 жылдың күзінде Өзен ауданынан басталды. Сонда болған бірнеше күннің ішінде комсомол қызметкерлерімен, белгілі жас өндіріс озаттарымен, тағы басқа да бірсыпыра адамдармен таныстым. Равиль Тәжіғараұлымен де әртүрлі жағдайда бірнеше дүркін бірге болып, әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізді бұрынғыдан тереңірек біле бастадық. Оның білімділігі мен біліктілігіне, әңгімені айтып та, тыңдай да білетін асыл қасиетіне тәнті болдым. Ракеңнің аудан басшылары алдында, жастар, жалпы өзендіктер арасында беделінің жоғары екенін байқадым.

Аудандық комсомол комитетінің қызметкерлері де тайдың асығындай бірінен-бірі өтетін, алға қойған мақсаттарды орындауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ерінбестен еңбек ететін қыз-жігіттер екен. Адал еңбек ешқашанда еш кетпейді. Екінші хатшы Леонид Бурлаков кейін әртүрлі жауапты қызметтерде болды, соның ішінде Маңғышлақ облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жаңаөзен, Ақтау қалаларының басшысы, үш рет қатарынан ҚР Парламент Сенатының депутаты болса, мектептер бөлімінің меңгерушісі Татьяна Перепелкина (тұрмысқа шыққаннан кейінгі тегі – Догадова) облыстық партия комитетінің хатшысына дейін көтерілді. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Николай Захаров пен сектор меңгерушісі Елена Летунова да өмірде өз лайықты орындарын тапты.

Бұрын Ракеңмен кездескенде қол алып амандасатын болсақ, осы іс-сапардан кейін жас айырмашылықтарымызға қарамастан ескі достардай құшақтасып көрісетін болдық.

Бір жылдан кейін Ракең Мәскеудің Жоғары партия мектебіне оқуға кеткен Мырзағали Мұхамбетовтың орнына облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Тікелей басшымызбен енді жиі кездесіп тұру мүмкіндігі туды. Бірде өзіне әдейі шақыртып, Ембі (қазіргі Жылыой) аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынғысы келетінін айтты. Маған бұрынғы басшылық тұсында да басқа бір ауданға осындай лауазымға бару ұсынылған еді, бірақ жас болғандықтан болса керек, қаланы қимай одан бас тартқан болатынмын. Ауылға бір барғанда оны әкеме айтқанда, бұрын партия қызметін атқарған ол: «Дұрыс жасамаған екенсің, біріншіден, бұл екінің біріне көрсетіле бермейтін сенім, екіншіден, қазіргі қызметіңде негізінен басшылардың тапсырмасын орындайсың, ал ұсынылған жұмыста шешімді өзің қабылдайсың, өзіңнің ішкі мүмкіндіктеріңді білуіңе де, оны басқаларға танытуға да жағдай туады», — деген болатын. Әкемнің ескертпесі есте қалса керек, келісімімді бірден бердім.

Сол кездегі тәртіп бойынша облыстық партия және Қазақстан комсомолы Орталық Комитеттері басшыларының алдынан өтіп, 1970 жылдың 14 желтоқсан күні Ракең аудан орталығы – Құлсарыға өзі алып барды. Сол уақытта қазіргі тақтайдай жол да, сайлы автокөлік те жоқ. ГАЗ-69 деген машинамен ертеңмен шығып, кеште әрең жеттік. Жолай Ракең туып-өскен ауылы – Доссорда өзі болмағалы дүниеден өткен таныс-тамырларының шаңырақтарында болып, көңілін білдіріп, бата оқып шықты. Атеизмнің аспандап тұрған заманында Ракеңнің бұл имандылығына іштей риза болдым. Құлсарыға кірер жердегі қауымда жұмыс орнында ойламаған жерден ойсыз, көзсіз қылмыскердің қолынан ажал құшқан немере ағасы, белгілі мұнайшы Бақытжанның басына соғып, білгенін айтып Құран бағыштап, бір қарасам, көзіне жас алып отыр екен. Күнделікті өмірде қатал көрінетін Ракеңнің мұнысын бір жағынан ағасына деген қимастығы болса, екіншіден жүрегінің жылылығы деп түсіндім.

Іңірде туысы, Жылыойдағы белгілі азаматтардың бірі, ұңғыларды күрделі жөндеу мекемесінің басшысы Дүйсенғали Ажығалиевтің үйіне келіп қонақ болып, сонда қонып шықтық. Шәй мен астың ортасында Ракең ертеңіне өтетін аудандық комсомол комитеті пленумында сөйлейтін сөзін дайындаумен айналысып, арасында қасындағы маған жазғандарын оқып, ой бөлісіп отырды. 15 желтоқсан күні Ембі аудандық комсомол комитетінің пленумы өтіп, бірінші хатшы болып сайландым. Онда сөз алған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұсабай Сағынбаев пен Равиль Шырдабаев аудан жастар ұйымының алдағы міндеттеріне тоқталып, жаңа қызметіме табыс тіледі. Сонымен Ракеңнің тікелей басшылығымен Гурьев облыстық комсомол ұйымда екі жарым жылдай қызмет істеп, ол кісіден көп нәрсе үйрендім, сондықтан да Равиль Тәжіғараұлын өзімнің өмірдегі ұстаздарымның бірі деп санаймын.

1973 жылы наурызда Маңғышлақ облысы құрылғанда сонда жұмысқа ауысып, содан бері осы қасиетті өңірде тұрамыз. Ракең болса Мәскеуде оқуда, туған өлкесі – Атыраудың әр жерінде еңбек етіп, соңғы жылдары Астананы (Нұр-Сұлтан) мекен етуде, соған орай ара қатынасымыз сиреді. Арасында тағдырдың жиырма жылға тарта уақыттан кейін оның бір кезде суын ішіп, дәмін татқан Маңғыстауға қайта басын бұрғаны бар. Ол 1989 жылғы ұлтаралық кикілжіңнен туған Жаңаөзен оқиғасынан кейін еді. Сол бір сын сағатта республика және облыс басшылығы Ракеңнің басшылық қызметтердегі тәжірибесі мен өңірмен таныстығын ескерсе керек, оны Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберді. Қаладағы ақуал қалпына келгеннен кейін ол облыс орталығына басқа бір жауапты қызметке ауысты.

Жаңаөзенде Ракеңнің 50 жылдығын атап өттік. Мерейтой үлкен мейрамханада емес, шағын адам қатынасқан өз шаңырағында өтті. Ақтаудан Леонид Бурлаков екеуміз зайыптарымызбен бардық. Сәуле жеңгеміздің асқан шеберлікпен жайнатып қойған дастарқанынан аса құмарлықпен дәм татып, жастық шағымызды еске алып, өлең айтып, би билеп, мәре-сәре болып қалдық.

Равиль Тәжіғараұлының 60 жылдан астам еңбек жолының түгелге жуығы басшы қызметтен тұрады. Соның арасында ол басқа да бағыттарды естен шығармады, ғылыммен айналысып, экономика ғылымының докторы, профессор, академик атақтарына ие болды. Ол – бірнеше кітаптар мен ғылыми мақалалардың авторы.

Равиль Шырдабаевтың ерен еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланды. Кеңестер Одағы тұсында ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін иеленсе, еліміздің егемендік алған жылдары «Парасат», «Құрмет» және таяуда бірінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды. Соңғысын Атырау қаласында өткен Қазақ мұнайының 120 жылдығына арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табыстады. Украинада елші болып жүрген кезінде сол елдің үш бірдей орденін омырауына тақты. Бұлардан өзге ол оннан астам медальдармен де марапатталған.

Ракең Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының және дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, Украинаның Құрметті энергетигі, Атырау облысының, Мақат, Махамбет аудандарының және Америка Құрама Штаттары Балтимор мен Даллас қалаларының Құрметті азаматы.

Өткен 2019 жылы Ракең екеуміздің алғаш кездесіп, танысқанымызға елу жыл толды. Осы уақыт ішінде біздің ағалы-інілі сыйластығымызға еш сызат түскен емес. Ракең Маңғыстауға жолы түскенде хабарласпай, кездеспей кетпейді. Соңғы келгендерінің бірінде қасында сол кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың кеңесшісі болып жүрген белгілі саясаттанушы Ерлан Карин бар, біздің үйге келіп өткен-кеткенді еске алып, біршама шер тарқатқан едік. Кездесудің сәті түспеген кезде бір-бірімізбен жиі телефонмен хабарласып тұрамыз.

Таяуда Равиль Тәжіғараұлы сексеннің сеңгіріне шыққалы отыр. Бұл мәртебелі жасқа ол мағыналы ғұмыр кешіп, жан жары Сәуле Мұхамедиярқызымен ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, балдай тәтті немере-шөберелердің қызығына батып, жапырақтары жайылған алып бәйтерек қалпында жетіп отыр.

Ракең осыншама салиқалы жасына қарамастан қоғамда әлі белсенді. Оны теледидардан әртүрлі алқалы жиындардан көргенде төбеміз көкке жетіп қалады. Кезінде осындай еліне елеулі, халқына қалаулы азаматпен кездесуді, біршама жыл қатар жүруді бұйыртқаны үшін Жаратқанға шексіз ризашылығымды білдіремін. Равиль Тәжіғараұлы қоғамда әлі талай игі істер атқарады деп ойлаймын және соны тілеймін!

«Мен үшін жақсы адам он мың адамға татиды», — деген екен Гераклит. Ракең мен үшін ежелгі грек философының осы айтқанындай адам.

Ғани КАРИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның

Құрметті журналисі,

Маңғыстау облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *