ҚҰЗҒЫНДАР МЕН ҚОРҚАУЛАР

Мәселе
626 Views

Менбұрынғы Төлеби ауданы, Қазығұрт кеңшары, Елтай (бұрынғы Қаратас) ауылының тумасымын. 8 перзентін тәрбиелеп өсірген, жоғары білім алуларына өздерініңтұлғалық болмыс-бітімдерін білуге, ұлтының ұлылығын ұғынуға, қоғамдағы орындарын табуға дұрыс бағыт беруде қолында, бойында және ойында барқұндылықтарын сарқа жұмсаған әке және 30-ға (отыз) жуық немере-шөберелі атамын.Білімім жоғары – техникалық. Бұрынғы КСРО мен Қазақ КСР-ында орын алған жәнетәуелсіз Қазақстанда толық шешілмеген, төмендегі мән-жайларды, өз елімніңардақты арыстары мен ұлтымның ұлылық дарыған перзенттеріне, сонымен қатаркезінде КСРО құрамында болған және негізінен 1991.08.19 күнінен кейінтәуелсіздіктері мойындалған ұлттық республикалар азаматтары мен әлемхалықтарының назарына жеткізуді азаматтық парызым, міндетім және заңды құқығымдеп есептеймін.

КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаттарының «кейбіреулеріне» келіспеушілігім және қарсылығым үшін, яғни кемшіліктерін түзетіп, қателіктерін жойып және қайталамай, құрылымдық жүйесін жақсартып, жаңартып, бір ұлтты ұлылық дәрежесінде дәріптеп, екіншілерін «құлдық» кейпінде көрулерін тоқтату туралы пікірлерімді ашық білдіретінім үшін қиындықтар, түрткілеулер мен қудалаулардың қалай да болуы мүмкіндігін 1962 – 1968 жылдары пайымдайтынмын. Соларды ескеріп, оның үкіметі қатысушысы болған БҰҰ «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 13-бабы мен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық Пактының 12-бабының 2-тармағында көрсетілген құқықтарымды пайдаланып, тұрақты қоныстануға Бразилияға кетуге рұқсат сұрап, 1969 және 1972 жылдары арыздар жазғанмын.Соған байланысты Ленгір аудандық ІІБ қызметкері Давлетовпен (?) және Шымкент облыстық МҚК қызметкері, осы аудан бойынша кураторы Л.С.Казанковпен жеке кездесулерде талқылаулар болып, өзара сын ескертулер жасалған еді…

Тек сол заңды әрекетім үшін КОКП басшылық еткен (КСРО Конституциясының 6-бабы) Кеңес үкіметі, оның құрамында болған Қазақ КСР-ындағы құрылымдық және күш қолдану органдары өзара келісіп, топтасып, сыбайласып, Конституциялық құқықтарымды шектеу мақсатында, бірінші кезекте шет елге кету туралы арызымды қаратпау және тиісті мерзімде жауап бермеу үшін, медицинаның құпиясы мен қатері мол психатриялық қызметін маған қарсы қолданған.

Оған қатыстары болған Ленгір аудандық, Шымкент қалалық, оның ішіндегі Еңбекші ауданы және облыстық ІІББ (А.Н.Петров, Қозыкеев), әскери комисариаттар (Гурин, Р.С.Ғадурахманова), МҚК (Л.С.Казанков, М.М.Атенов, А.Н.Беридзе Е.Б.Исақұлов), ПНД (Г.П.Богданова, Б.Е.Жұмалиева, Л.П.Жаворонко, Е.К.Жаманбаев, И.С.Чупахина,…), Қазақстан психиатрларының «ПІРІ», Алматы мемлекеттік медициналық институтының психиатрия кафедрасының меңгерушісі, профессор Г.И.Зальцман, ДСМ бас психиатры, м.ғ.к. Ю.И.Беспалов және бас маманы, м.ғ.к. Б.С.Зецер, барлығы оншақты адам, партия комитеттері (Ж.Зортаев, Б.А.Рузанов, Р.Нұғманов, Бекназаров, А.П.Чернявский, С.Бутукова және тағы басқалар), «Фосфор» және «Шымкентшина» ӨБ цехтық кәсіподақ (Ш.Сафиуллин, Ж.Н.Рсымбетов), партия ұйымдары (В.Түлтаев, О.А.Горященко) мен бұлардың басшылары кезек-кезегімен өзара келісіп және ұйымдасып, 1972-1991 жылдары негізсіз және сырттай, кейбіреулерін жасырын жолменен 5-6 түрлі психикалық диагноздар қойып, заңсыз ПНД есебіне алып, қоғамдық қауіпті адам ретінде динамикалық бақылау жүргізуге, партия мүшелігінен шығарылып, қудаланып, жұмыссыздыққа ұрынуыма қол жеткізген, оларға қарсылық жариялауымның алғы шарттарын туындатқан. 1972.11.16 күні ПНД есебіне алғандарын, 1985.12.09 күні шығарғандарын және «жоғарғы» жақтың жиі-жиі сұрау салуларымен 1986.05.26 күні қайта есепке алғандарын менің өзімнен, отбасы мүшелерінен, туыстарымнан 1987 жылға дейін жасырған, құпияда ұстаған. Бұлардың әрекеттерінің сол жылдары қолданыста болған заңдардың талаптарына қайшы болғаны, МҚК, ІІБ, прокуратура, соттың, әсіресе партия комитеттері қызметкерлерінің телефондық байланыспен ПНД басшылығына шығып, менің психикалық денімнің саулығы, есепте тұратын-тұрмайтыным, нақты қандай диагноз қойылғаны мен белсенді динамикалық бақылауға алынғаныма қатысты анықтама беруді сұрап, талап-тілек қойып, оларды тиісті мерзімдерде алумен айналысқандары (барлығы 20-ға жуық) ерекше ескерілетін жәйт. Олар мені жұмыстан қол үзіп қалуға және басқа кәсіпорындарға қабылданбауыма душар етумен қатар, отбасымды моральдық-психологиялық ауыр ахуалға, материалдық-қаржылық тапшылыққа, әлеуметтік-тұрмыстық төзгісіз жағдайға ұшырауымыздың негіздерін қалады. Кәмелет жасына толмаған қыздарымды азғырып, оларды және әйелімді маған қарсы қойып, отбасымды ойран еткілері келген. Сүйтіп, қоғамның ең төменгі тобына түсіріп, түбінде «тамырымызды уландыруды», мені қолдаусыз, қорғаусыз жалғыз қалдыруды жоспарлаған…

Осыған байланысты рәсімделген және дәлелдемелік ретіндегі, сол кездері ОҚО партия комитетінің, қазір «Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» КММ деп аталатын архивте 1983 жылдан бері сақтаулы тұрған, менің партиялық дербес ісіме тіркелген, тізімге алынған және 1992 жылға дейін болған 281 парақтан тұратын құжаттардың 266-ы (екі жүз алпыс алты) ажыратып алынғаны, оларды құпиялы жағдайда, негізгілерден бөлек сақтауға жіберілгені анықталды. Оларды кімнің, қашан, қандай жағдайда, не үшін арнайы бөлек сақтауға жіберілгеніне, аудандық және облыстық партиялық бақылау комиссиялары қызметкерлерінің қатарынан кімдердің ерекше мүдделі болуларының мүмкіндігін шамалаймын. Бірақ, азаматтық, этикалық, моральдық және құқықтық тұрғысынан болатын жауапкершілікті ескеріп, жүргізілуі мүмкін тергеуде анықталып, дәлелденгенше, олардың аты-жөндерін жария етпеуді жөн көрдім.

Шымкент қалалық және облыстық партия комитеттерінің қызметкерлері, үлкен қызым оқитын институттың партия комитетінің хатшысын және «Фосфор» ӨБ қарасты, балаларым тәрбиеленетін, әйелім жұмыс істейтін «Журавлик» балабақшасының меңгерушісін арнайы шақырып, солардың көзінше әйелім мен перзенттеріме, мені жазылмайтын және емделуге жатпайтын психикалық ауруға шалдыққан деп, құлақ аспауға үгіттеген (С.Х.Хегай, Г.Сегізова). Сүйтіп, отбасын ойрандауды көздеген.

Мектепте және жоғарғы оқу орындарында оқитын қыздарымның білімдерін шын мәніндегілерінен төмен бағалаған, экзамендерде «құлатқан» (математика, гидравлика, электротехника, тарих, орыс тілі пәндерінің оқытушылары). Алтын медаль алуға мүмкіндіктері бола тұра, алдыңғы үшеуін «шеттеткен» және басқа да жолдармен қудалаған. Олар қыздарыңа «дұрыс тәрбие бермегенсің» деп,мені әңгімелесуге шақырған. Қыздарымды кейде өзімнің барып қорғауыма тура келген (№24 мектеп, КазХТИ, ШПИ)…

Оларынан ештеңе шықпаған соң, «спиртті ішімдік ішіп алғансың, массың ғой», — деп мені күштеп әкетіп, психиатриялық ауруханаға жатқызып, мәжбүрлеп емдеу немесе абақтыға жабу мақсатында, ІІББ қызметкерлері (Қозыкеев, А.Петров,) пәтеріме (күндіз) және «Журавлик» балабақшасындағы жұмыс орныма түнгі сағат 3-4 аралығында келген. Бірақ, ондай қара ниеттерін жүзеге асыра алмаған… Өзін МҚК өкілімін деп таныстырып, аты-жөнін айтпаған бір адам: «Күмісбеков қоғамдық қауіпті кісі. Алдағы мереке – 1988 жылы 7 қараша қарсаңында өз күшімен саботаж ұйымдастыруы мүмкін», – деп, көршілеріме менің үстімнен «бұзақы» деген арыз жазып беруді ұсынған. Бірақ, ол әрекеттері күшті қарсылыққа тап болғандықтан, тез кері қайтып бара жатып: «Егер менімен келісіп, қажет ете қалсаңдар хабарласыңдар»,– деп жұмыс орнының телефонын айтқан…

Олардың сондай зымияндық, оңбағандық, қастандық әрекеттері менің Конституциялық құқықтарымды шектеп, ар-намысымды қорлайтынына отбасымызбен тас түйіндей қатайып қарсы күрестік. Ол туралы партия мен үкіметтің жергілікті ұйымдарынан бастап, Қазақ КСР-імен КСРО деңгейіндегі дерлік басшы органдарына менің өзімнің, перзенттерімнің, олар оқитын мектеп мұғалімдері ұжымының, туыстарымның жазған арыз-шағымдарымыздың көпшілігіне жауап берілмеді, ал қалғандары оң нәтиже бермеді (республикалық Д.А.Қонаев, Г.В.Колбин, Н.Ә.Назарбаев, Г.Е.Елемесов, Т.К.Айтмухамбетов және т.б. мен одақтық М.С.Горбачев, А.Л.Громыко, А.Сухарев, Е.Чазов, А.А.Чуркин, А.Карпов, В.И.Теребиловтың аттарына)… Бұларға дәлелді құжаттар түпнұсқалары өзімде бар және тиісті мемлекеттік мекемелер архивтерінде болуға тиісті.

«Қазан» төңкерісінде патша үкіметі құлатылып, Кеңес үкіметі орнатылған 1917 жылдан кейін, әсіресе 1955 жылдары басталған саяси қуғын сүргінде психиатрияның қызметін қолдану 1965 – 1985 жылдары апогейіне жеткен. Онда, әсіресе компартиялық-кеңестік жүйенің билік ету жүйесінің кейбір ішкі-сыртқы саясатына сын айтып, әділдік, бостандық, теңдік пен ұлттық-тәуелсіздік үшін табандылықпен күрескендер мен шетелге кету ниетін білдірген адамдардың, жалпы айтқанда «өзгеше ойлайтындар» мен «диссидент» деп атанғандарды саяси тұрғыдан қудалауда медицинаның құпиясы мен қатері мол түрі – психиатрияның қызметін қолданылғаны белгілі.

Алдын ала 1988 жылы жасалған екі жақтамалық келісім бойынша, АҚШ делегациясы келетін 1989.02.26 – 03.12 күнінен бұрын, КСРО басшылығының ресми ақпараттарына, статистикалық және тәуелсіз зерттеу орталықтарының мәліметтері бойынша Одақтың, соған сәйкес Қазақ КСР-і мен Оңтүстік Қазақстан облысы халқының жалпы саны, психиатриялық ауруханаларда емделуде болған, ПНД есебіне алынған, кабинеттерде және сырттай жасырын бақыланған, шұғыл түрде есептен шығарылған және негізсіз «құрбан» болған адамдардың сандық және пайыздық (%) көрсеткіштері, қарапайым есептеуде шамамен төмендегі кестедегідей болған екен:

Бұлар сол 1988 – 1989 жылдары КСРО мен Қазақ КСР-і халқының әрбір 51 – адамы ПНД есебіне алынғанын, әрбір 390 ÷ 1434 аралығындағы адамның біреуі негізсіз саяси-психиатриялық қудалаудың құрбаны болғанын көрсетеді. Ал, бұлардың аз-көптігін сол кездегі «капиталистік лагерь» деген елдердегі осы түрдегі көрсеткіштермен салыстырып қана білуге болады.

АҚШ делегациясы келерден бұрын, КСРО бойынша шұғыл түрде ПНД есебінен шығарылған 736.000 (тек бір Мәскеуде 70.000) адамдардың біраз бөлігі (мүмкін көпшілігі немесе барлығы болар?) өздерінің есепке қашан алынғандарын және шығарылғандарын білмеулері де мүмкін. Егер білген болса, сол 736000 адамның едәуір бөлігі наразылық білдіріп, құқық қорғау органдары мен соттарға шағымданып, одақ көлемінде үлкен дау туындауы мүмкін еді. Бірақ олай болмады ғой. Соған байланысты неге? деген сұрақ мені осы күнге дейін ойландырады.

Екінші, ерекше мән беретін нәрсе, қандай жағдайда және нендей себептермен болмасын, адамды ПНД есебінен уақытша немесе біржолата шығару, оған қойылған психикалық диагнозды(дарды) негізсіз жала деп алып тастады және сырттай бақылауды тоқтатты деген сөз емес?! Оның айлакерлік, аярлық пен жәдігөйлік екенін түсіндіруге менің өз басымнан өткен өмірлік тәжірибем, құжаттарым мен басқа да дәлелді негіздерім бар. Ол бөлек талдап, талқылап, түсіндірілетін күрделі де жауапты жағдай.

Сондықтан, өзімнің «құқықсыздық», отбасымның моралдық-психологиялық ауыр, материалдық-қаржылық жетіспеушілік, перзенттерімнің мектеп пен жоғарғы оқу орындарында қудаланып, білім, өнер, спорт, өзін-өзі күту, денсаулықты сақтау, емделу және дамытумен айналысу мүмкіндіктерінен айырылған (болмаған), қорғансыздық, азап пен қорлықта, кейде қатерлі жағдайларға толы күндер, айлар, жылдар кештік. Бірақ мойымадық, бәріне шыдадық, төздік, табандылықпен күрестік және түбінде қарсыластарымызды жеңіп, әділеттіліктің орнығатынына сендік…

Біздің «олармен» өмір үшін емес, өлім үшін болған, саяси-психиатриялық тұрғысынан тәжірибеміз нөл, кәсіби біліктілігіміз діттеген деңгейімізге әлі жетпеген, ұйымдық-құқықтық күрес додасына әлі түсіп көрмеген, қулық-сұмдық пен «тасадан тас атуды» білмеген және тағы басқа көрсеткіштеріміз сандық және сапалық тұрғысынан алғанда жүздеген, мыңдаған, … есе кем жағдайдағы шайқасымызды пайымы, парасаты, пейілі мен пәлсапасы (философиясы) Ұлы Даласындай дархан қазақ халқының жалпақ тілімен жеткізіп көрейін. Оны компартиялық жүйе «жезтырнақтарының» аңдысқан адамымен арпалысын, арыстанның №1 қас жауы – қорқаулардың үйір-үйірімен оған жабылғанымен және қайсың әлсіреп, жарақаттанып, жеңілгендеріңнің еттеріңді жеп, қаңқаларыңды күн сәулесінен күйреп, ылғалда іріп-шіруге қалдырамын деп, Африкадағы баобаб бұтақтарында тырп етпей күтіп отырған құзғындармен салыстыруға болады.

Біздің отбасылық ар-намысымызды қорғаудағы «қырғынды соғысымыздың» жеңісті мерекесін тойлау, Одақтық опасыздықтан ойран болып, компартияның масқарагершілікпен таратылуына «старт» берілген. 1991 жылы тамыз айының 19-ында, КСРО-да Путч жарияланған сәтке тура келді!!!

Сол 1985-1991 жылдары Қазақ КСР-нің компартиясы мен Үкіметі КСРО-ның билік жүргізу органдарына бағынышты, «бодандық» жағдайда болғандықтан, орталыққа жалтаңдап, жалбаңдап бұл істі шеше алмағандықтан немесе шешкілері келмегендіктен, мен Мәскеу және Ленинград қалаларының қоғам қайраткерлерімен, тәуелсіз және ведомостволық психиатрларымен, психологтарымен, КСРО ЖК депутаттарымен, прокурорлармен кездесіп, көмектеріне жүгінуіме тура келді…

Одақтың билік ету тізгінін Н.С.Хрущев ұстаған кезде басталып, Л.И.Брежневтің дәуірінде өршіп, Ю.В.Андроповтың кезінде «эвересттік» шыңына көтерілген, психиатрияны медициналық емес, саяси мақсатта қолданылғаны туралы 1989 жылдың 12-19 қазанында Афиныдағы дүниежүзілік психиатрлар ассоциациясының Бас Ассамблеясында Бүкілодақтың психиатрлар қоғамының халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі В.П.Морозов ашық мәлімдеген. Оны КСРО Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде мойындағаны белгілі.

Мен сол 1989 – 1991 жылдары Мәскеудің «Халықаралық тәуелсіз психиатриялық зерттеу орталығының (Президенті М.Г.Царегородцев) және Ленинградтың «Әлеуметтік психиатрия және реабилитациялау» Қорының/Орталығының (президенті Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері, МБПА академигі, профессор Р.М.Войтенко) сот-психиатриялық сараптама қорытындыларын алдым. Сөйтіп, кінәлі деп есептеген, Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасының лауазымды қызметкерлеріне ар-намысты қорғау талап-арызын қойдым. Оны қараған Шымкент қаласы, Дзержинский ауданының халық соты 1991.08.19. күні және кейіннен ОҚО «Адам құқығын қорғау «Алматы – Хельсинки – Париж» демократиялық комитетінің президенті Р.Әбсейтовтың ҚР Жоғарғы сотына жазған арыз-шағымына байланысты қайтадан қараған әл-Фараби аудандық соты 1993.09.23 күнгі шешімдерінде жауапкерлердің маған 1972 және 1986 жылдан бастап, коллегиалды тексерусіз, сырттай қойған психикалық диагноздары негізсіз, ПНД есебіне алынуым заңсыз және динамикалық бақылау жүргізілуінің орынсыздығы, құқықтарымның дәлелсіз шектелгені туралы шешімдер шығарды. Кінәлі дәрігерлерді кешірім сұрауға міндеттеді. Содан кейін, бұрын қараусыз қалдырылған, негіз жоқ немесе өз дәлелін таппады деген, «Шымкентшина» ӨБ лажсыздан жұмыссыз жүрген мерзіміме еңбек ақымды өндіру және жұмыстан өз еркіммен шығу туралы ісім Еңбекші аудандық сотында, партияға мүшелігімді қалпына қайта келтіру обком партияда және тағы басқа сұрақтар қайтадан қаралып, уәждеріміз дәлелденіп, оң шешімдер қабылдана бастады!!!

Соттың жоғарыда келтірілген шешімдеріне байланысты жауапкерлер менен жазбаша кешірім сұрады, жұмсалған қаржылық шығындарымды төледі, шеккен моральдық зиянымды өтеді. Маған арналған амбулаторлық карточкалар өртеу жолымен жойылды.

Менің арыздарыма орай Оңтүстік Қазақстан облысының ҰҚК, ІІД, прокуратурасы, ДСБ және ҚР ДСМ өздерінің менің ісіме қаншалықты қатыстарының болғандары туралы анықтамалық ақпараттар берді. Бірақ, мені және отбасы мүшелерін саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақтау туралы арыз-шағымдарымызға «олар», облыстық сот және бұлардың республикалық органдары жиынтығында: «…Сізге психикалық диагноз(дар) қойылғаны, ПНД есебіне алынғаныңыз, динамикалық бақылау жүргізілгені жала жабу, отбасылық ар-намысыңызды қорлау, құқықтарыңызды шектегені немесе бұзғаны бола алмайды. Арызыңызда көрсетілген психиатриялық ауруханалардың лауазымды қызметкерлерінің сізге қатысты іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды (1992.09.26 және 1993.06.10 күндері тиісінше Шымкент қ. Дзержинский / әл-Фараби аудандық прокуратурасы) деп, оларды қорғаштап, уақытты созды. Біздің дәлелді уәждерімізден кейін, орташа ауырлықта жасалған қылмыс үшін жауапкершілік мерзімі 5 (бес) жыл өтіп кеткендіктен, іс сот өндірісіне қабылдаудан бас тартылады (1999.07.28. әл-Фараби аудандық соты). Сіз ПНД есебіне сырттай алынғансыз, психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызылмағансыз және мәжбүрлеп емделмегенсіз. Жауапкерлер сізден кешірім сұраған, ұшыраған материалдық шығыныңызды төлеген және шеккен моралдық зияныңызды өтеген. Сондықтан сіздер ақталған адамдар қатарына жатпайсыздар…», — деген жауаптар берді. Ал, бұлар КСРО ДСМ бас психиатры А.А.Чуркин, ІІМ сарапшысы, м.ғ.к. А.А.Ковалев, В.П.Сербский атындағы «Жалпы және сот – психиатриялық» бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының» бөлім меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Б.В. Шостаковичтың түсіндірулеріне, Ленинград қаласының «Сот- дәрігерлік сараптамалық комиссия дәрігерлерін жетілдіру институтының» кафедра меңгерушісі және «Әлеуметтік психиатрия және ақтау» Қоры / Орталығының президенті, Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері, МБПА академигі, профессор Р.М.Войтенко төрағалық еткен комиссияның қорытындысына, сондай-ақ Шымкент қаласы, Дзержинский аудандық халық соты мен әл-Фараби аудандық сотының шешімдерінің мазмұнына және тағы да басқа дереккөздерге қайшы.

Сондықтан, біздің олардың жауаптармен келіспей, ҚР «Жаппай саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына толықтыру енгізу және бізді ақтау туралы арыз-шағымдарымыз, кезіндегі Қазақ КСР-і мен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Жоғарғы Кеңестің осындай «Заң» қабылданатын сессиясына, оның депутаттары А.Тшанов пен И.Байдаулетовтың, Парламенттің және мұның депутаты Е.Бөлегеновтың аттарына, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға» жолданған. БАҚ-ның мерзімдік басылымдарында мақалалар жарияланып, телеарналардан хабарлар берілген. Оларды билік басындағылардың барлығы назардан тыс немесе қараусыз қалдырды, ал берілген жауаптарында «қызыл жебені» басқаға бұрып жіберумен шектелді.

Бірақ, менің пайымдауымша құқық қорғау саласындағы әлемдік тәжірибеде орын алған, осы ретте біздің жағдайдағыдай сот тергеуімен анықталған құқық бұзушылықтың бір ғана «жаңа түрі» үшін жауапкершілік жүктелетін, оның алдын алатын жаңа Заң акті қабылдануы тиістілігі немесе ондайдың бар немесе ұқсас түріне толықтыру енгізілетіндігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, мен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығын қуаттаймын әрі тарихи әділеттілікті қалыптастыруда ерекше маңызы бар деп есептеймін.

Оның төртінші бөлігіндегі: Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін анықтау, оның ішінде қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарын, заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарына назар аударылғанына үлкен үмітпен қараймын. Себебі, ол КСРО мен Қазақ КСР-і кезінде орын алған, бірақ ҚР 1993.04.14 күнгі №2200 Заңының 1,3-баптарында көрсетілмеген: «қоғамдық қауіпті адам ретінде заңсыз ПНД есебіне алынған, негізсіз психикалық диагноз(дар) қойылған, орынсыз динамикалық бақылау жүргізілген, бірақ күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызылмаған, мәжбүрлеп емделмеген, солай бола тұра Конституциялық, БҰҰ «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен» және «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық Пактының тиісті баптарымен анықталған құқықтары шектелген және бұзылған азаматтардың анықталу арнасының ашылуына және ақталуларына тың серпін береді деп ойлаймын.

Жоғарыдағыларды баяндай келе, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды толық аяқтау туралы»Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығының жүзеге асырылуына қажетті фактордың бірі деп есептеп:

ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3 баптарына «… Сонымен қатар, нақты бір жеке немесе заңды тұлғаның(лардың) ауызша немесе жазбаша талап-тілектерімен (МКК, ІІД,партияжәне кәсіподақ комитеттері, әскери комиссариаттар, қоғамдық ұйымдар және т.б) психиатриялық тексеруден амбулаторлық жағдайда өтуге мәжбүрленген/ тартылған, негізсіз психикалық диагноз(дар) қойылған (кейде тексерусіз, сырттай), заңсыз ПНД есебіне алынған және орынсыз әлеуметтік қауіпті адам ретінде белсенді динамикалық бақылау жүргізілген адамдардың/азаматтардың (көп жағдайда бұл туралы олардың өздеріне немесе ет жақын туысқандарын хабардар етпей) барлығы ақталған адамдар/азаматтар болып жарияланады…», — деп толықтыруды, басқа баптарын соған икемдеуді ұсынамын.

Бұл «толықтыру» мәтіні заңнамалық-тәжірибелік тұрғысынан ықшамдалып, тұжырымдалуы немесе әлем мемлекеттерінің саяси-қоғамдық істерінде қолданыстағы осындай түр мен мағынадағы заңдарға, тәртіптерге, … сәйкестендірілуі мүмкін деп есептеймін.

P.S. Газет нөмірі қатталу барысында, осында келтірілгендей, аталған «Заңға» толықтыру енгізу туралы нақты және бір ғана ұсынысымызды қарауға жолданған арызымызға, Шымкент қалалық прокуратурасы, осыдан 25 жылдай бұрын алғанымдай: «…сот емес органдар шешімдері бойынша психиатриялық мекемелерге емдеуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрі ақталған адамдар деп жарияланады», — деген жауап беріпті (Ж.Жүсіпахметов).

Сонда не, мен арызымдағы ұсынысымды мемлекеттік қазақ тілінде анық жаза алмадым ба, жоқ прокуратура дұрыс түсінбегені ме? Әлде тексеруші прокурор өз жауабында құқылы екенімді түсіндіргендей, жоғарғы тұрған прокуратураға немесе сотқа шағымды олар жақсы игерген және жақсы түсінетіндей орыс тілінде жазуым қажет пе? Жоқ, әлде тарихтан атауы мен абыройы кетсе де, өмірде сөздері, көздері, істері мен күштері сақталып қалған «…ыңдардың» үнсіз ұғынысулары ма? Мүмкін олар…

А.КҮМІСБЕК,

Республикалық «Ұлт тағдыры» ҚБ ОҚО (қазіргі Түркістан) филиалының төрағасы, «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ақпараттық қамсыздандыру және қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *