«ҰЛЫ ОРЫСТЫҚ ШОВИНИЗМ» ӘЛІ ДЕ ТІРІ МЕ?

Саясат
745 Views

Міне, Жаңа 2021 жыл – жаңаша да, ескіше де стильмен келіп жетті. Кімдер асыға күтті, кімдер асықпады, білмедім. Менің білетінім көпшілік үлкен үмітпен күтті. Жақсылыққа деген үмітпен…

Өткен 2020 жылды да үлкен үмітпен күткен едік. Алдыңғы жылы мемлекет басшысы жаңарды. Жаңа Жолдау жарияланды. Мұндайда халық биліктен жаңа іс-әрекеттерді күтеді. Бірақ, жыл жаңара бергеннен-ақ елде де, әлемде де, ойламаған жерден биліктің де, халықтың да басына ауыр сын тап болды. Сол себепті өткен жылдың ең жауапты әрекеті осы «жаман аурумен» күрес болды. «Көп ит» дей ме, «тәжвирус» дей ме, «пендемый» дей ме, әйтеуір қазақ бұрыннан атын тіке атамайтын, адамзатқа үлкен проблема әкелген кесел шықты. Күрес бүкілхалықтық сипатпен әлі де жүріп жатыр. Сиыр жылында ол бәледен мүмкіндігінше кем ауыртпашылықпен құтылудан бәріміз де үміткерміз….

Жаңа жылда жақсылықтан үміт күткен үлкен уақиғамыздың бірі – Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы. Жаңа Президент пен су жаңа өкілді билік контингенті ел дамуы жолына жаңа серпіліс, жаңа екпін бере алар ма екен?! Егер үгіт барысында шаршамай, екпінмен, эмоциямен жарияланған уәделер негізінен орындалатын болса, онда үміт оты ақталуы мүмкін. Десек те, асықпайық. Бәріне уақыт төреші…

Жоғарыда айтылған осы кезеңдегі «ең маңызды екі үмітті» жадымыз бен санамызға сіңіре бергеніміз сол екен, тағы да жаңағы «пендемый» сияқты, еш азаматты бейжай қалдырмаған, тағы бір бәле сарт ете қалды. Ол – саяси-психологиялық бағыттағы жүйке-тамыр мен ұлттық сезімге тікелей әсерлі толқын туғызатын Ресейдің бірнеше депутатының құйтырқысы. Қазақстанның территориясы орыс елі басшыларының кезіндегі қазаққа берген «сыйы» деп әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы әлемге жар салуы…

Бүткіл әлемді «ұйқыдан оятқан» сырқаттың беті Жаңа жылда қайтар. Ең болмаса әлсірер. Жаңа сайлаудың нәтижесінде белгі тағып, куәлік алғандардың халық қалаулылары екенін анықтау еш жаққа қаша қоймас. Ал, ата-бабамыздың мыңдаған жылдар бойы мекендеген қонысын «Ақ патшалары» уақтында тартып алып, большевиктік (коммунистік) билік кезінде формалды түрде қайта бергенсігенін Тәуелсіздігімізге үш онжылдық толса да, естен шығара алмай жүрген бұрынғы «үлкен ағаларымыздың» арам ойлары жақын арада жоқ болып кете қоймайтын сияқты. Сондықтан да, оқырман назарына шамамыз келгенше ойланып, сараптап, тұжырымдап ұсынып отырған осы мақаланы соңғы проблемаға арнағанымыз дұрыс сияқты.

Дені сау, есі дұрыс саясаткерге бір қарағанда лайықсыз, Еуразия тарихынан құқ етпейтін пендеге ұқсайтын Ресей депутаттарының не айтып, не қойғанын, оларға қандай шара, қандай жауаптар айтылғанын, қайталап жатудың, әрине, еш қажеттілігі жоқ. Айтылатын нәрсе айтылып, талқыға түсетін нәрсе түсті. Менің мақсатым – үстірт болса да зерттеу барысында қойылған сұрақтарға, бөліскен пікірлерге жауап тұжырымдау.

Айтылған арандатпаның шовинистік көріністе екені аз айтылған жоқ. Осыған байланысты осы түсінікті көпшілік тура түсінсе де, нақтылауды қалаған қандастар да болды. Әсіресе, қазіргі өрім жастар тарапынан. Кезіндегі Напалеонның есірген ұлтшылдықпен аты шыққан Шовине деген солдатының атымен алдымен саясатқа, кейіннен қоғамдық ғылымдарға да кіріп кеткен бұл саяси-психологиялық көрініс Ресейдегі патшалық биліктің соңғы дәуірінде үстем таптың санасына тереңдеп енген еді. Сондықтан да, бүгінде біздің «шовинелеріміз» қарғап-сілеген В.И.Ленин атақты Столыпин, Пуришкевичтерді көрсетіп, осыған байланысты орыс аристократиясын тоқтаусыз сынаған еді. Қазіргі заманда да шовинистік сананы жоғалтқысы келмеген орыс иштеблишментің бұл былшылы – шегіне жеткен ұлтшылдықты (крайный национализм) білдіретін психосаяси көрініс. Мұндай санадан, шовинистік саяси-психологиялық ахуалының әлемге белгілі дәрежеде орын алғанынан, қазіргі жағдайда орыс қоғамы, орыс билігі қандай «пайда» көріп отырғанына біраз тоқтала кетейік.

ХIX ғасырдың орта шенінде Ресей мен Шығыс Европада өрлей бастаған славянофилдік қозғалыстан бұл күндері із де жоқ. Есесіне басқа «дәстүрлі» антиростарды айтпағанның өзінде, барша славян халықтарының өзі түгелге жуық русофобиялық сезімнің құшағында. Поляктар, чехтар, украиндар, хорваттар және басқа да славян тектестердің өздерінің орыс «ағайындарын» атарға оғы жоқ. Мұндай парадоксальді жағдайға орыс және славян халықтары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдағы алдымен царизмнің, онан соң большевизмнің, айналасындағы елдерді тарихи түбірлестігіне, алыс-жақын қандастығына қарамай, «Ұлы орыс шовинизмінің» есірген екпінімен әртүрлі түрдегі боданына айналдыруға ұмтылған саясаты арқылы ұшырады. Өткендегі біздің елімізге қаражаяу саясаткерлері емес, мемлекеттік Думасының депутаттары, оппозициядағы емес, билеуші саяси партиясының қайраткерлері, әлем тарихынан үстірт болса да хабары болмауы мүмкін емес, бірақ шовинистік пиғылы ашық көрініп тұрған Ресей саяси элитасының саяси мәдениетке ешқандай сай келмейтін сөздерінен кейін басқа славян елдерінің «орыс ағаларынан» өз іргелерін бұрынғыдан да әрі ұзата түсетіні сөзсіз.

Жоғарыда аталған XIX ғасырдың өзінде, орыс шовинизмінің жалыны әлі де болса сыртқа лауламай тұрған замандарда, Ресей интеллигенциясының көрнекті өкілдері өз елінің тарихи, табиғи, экономикалық және басқа да ерекшеліктеріне байланысты, оны Батыс елдері қарым-қатынастар барысында орыс елін тең дәрежеде көруге мүдделі еместігін жақсы білді. Ресей мемлекеті егер өзінің орасан үлкен жер, табиғи, потенциалдық байлығын пайдаланып, әлемнің Батыс бөлігінің «шеткерісі емес», Евразиялық Шығыс дамуының қайнаған орталығы болатын перспективасын Н.Данилевский, Л.Гумилев және басқа да орыс шығыстанушылары кезінде болжап, армандаған еді. Бұл маңызды аумақтық идея алдыңғы қатарлы, елінің болашағына шын жүрегімен жаны ашитын, қазіргі таңда да прогрессивті Ресей қайраткерлерінің арасында әлі де болса тірі екенін көріп жүрміз.

Бірақ, тарих доңғалағын терең білім, кең ой, жоғары мәдениеті мен пайымды парасаты жоқтар да сүйреуге тырысатыны бар. Аталмыш «қоғамдық дамудың қайнаған орталығын» өркениеттілікпен емес, күшпен, зорлықпен орнатуға ұмтылған орыстың соңғы екі империясының күлі түбінде желге ұшқаны бүгінгі «жылтыраған саясаткерлеріне» сабақ болмаған сияқты. Кезіндегі басқа халықтарға қоқан-лоққымен, шовинизм рухымен билігін орнату идеясы ғаламдану заманында банкратқа ұшыраса да, санасына сіңген аурумен қоштасу кейбіреулеріне қиын сияқты. Еңбекқорлығымен, тікмінездігімен, тұрмыстық деңгейде көбіне әділдігімен белгілі «трудовой народ», «трудовая интеллигенция» деп әспеттелген әлеуметтік топтарына жеке менің ешқандай өкпем де, сенімсіздігім де жоқ. Кезінде, Совет Армиясында мерзімді қызмет еткен естен кетпес жылдары, Қазақстанның қайда екенін біле бермейтін қалың орыстың ішінде екі жылда солдаттардың да, офицерлердің де тарапынан не кемсіту, не зорлық көрген жоқпын. Еңбегім мен қабілетіме сай тиісті марапаттар мен қызметтік «шендерді» алып жаттым. Қайта, керісінше, өз еліміз ішінде, кейіннен, орыс санатындағы, бірақ тегі келе бермейтін, орыстығы күмән туғызатындардан, менсінбеушілік пен моральдық ызғар сезіліп тұратын. Ондайлардың негізгі орындары «жылы қызметтерде» болатын.

Қазіргі Ресейдің де «жылы орындарында» – билік құрылымдарында, бизнесінде, ақпарат құралдарында – өзі орыс, бірақ туу тегі күмәнді «патриоттар», жоғарыда айтылған Наполеонның солдаты Шовиненің рухани ұрпақтары аз болмаса керек. Ондайларға орыс ұлтының беделі мен әбиірінен гөрі, бұл ұлттың ұлыорыстық шовинизмі, русофобиядан айырылтпайтын моральдық-саяси кейпі өздерінің топтық мүдделеріне сай екені де белгілі жәйт. Оларға Ресейдің мемлекет құраушы ұлтының өз ағайындары басқа славяндармен, өз тарихи қоңсылары евразиялықтармен конфронтация жағдайында болғаны да қолайлы.

Өткендегі жер жүзіне жар салғандай болған шовинизм отын үрлеу, тарихи қоңсыларына жала жауып, көзін аларту саясатынан хабар беру – біздің солтүстік көршілерімізге пайдасынан зияны әлдеқайда көп екенін олардың қазіргі билігі жан-жақты түсінбеуі мүмкін емес деп ойлаймын.

Батыс елдері және олардың ықпалындағы Қиыр Шығыс елдері ядролық қарудың, басқа да соңғы үлгідегі қарулардың иегері болып отырған Ресейден сескенеді де, оның саясатына көбіне сенбейді де. Сондықтан да, Кеңес Одағын есебін тауып ыдыратқандай, бұл елді де ыдыратуға құмбыл екенінен туындайтын қауіп осылайша жан-жағына қоқаңдағынынан тек күрделілене түседі. Өткендегі арандатудың авторлары мен орындаушылары іштей «әлем иелерінің» тілеулестері болуы да ғажап емес.

Осындай жағдайда қалыптасқан бүгінгі Ресей экономикасы да мәз емес. Соңғы жылдардағы «бітпейтін дағдарыстардың» өзінде әлемнің озық елдері орта есеппен 3,5 пайыз өсім көріп отырса, орекеңдер 1,5 пайызды қанағат тұтып отыр. Нәтижесінде, «шовинизммен қаруланған», кейбір жылтырлары мұрнын шиіріп жүрген осындай үлкен мүмкіндікті елде, туудан өлім көп, әлеуметтік проблемалары жетіп артылуда.

Біреуге сілтеген таяқтың екі ұшы бар дегендей, аталмыш «жағымсыз» фарс көптеген беделді қайраткерлерінің де ызасын туғызды. Мысалға алғанда, атақты экономист-ғалым, Ресей Думасының экс-депутаты Г.Явлинскийдің «Елімізде 40 миллиондай түбі түркілер тұрады, оларға не демексіңдер?» – дегеніне, Никоновтың Федоров атты «білгіш» әріптесін теледебатта дүйім көрермендердің көзінше бір жазушысының «Өз пікіріңді айтқаныңа жазғырмаймын, сенің надан болғаныңа намыстанамын» дегендеріне, әлгі «айқайшылардың» өздері де, көзге «көрінбей» тұрған қолдаушылары да, үн қата алмай қалды. Қазіргі орыс қоғамында да, басымдық «құлқынның құлдарында» болғанымен, «ұлттың ұлдары» да аз емес екені көзге көрініп тұрды.

«Артық қыламын деп, тыртық қылды» дегендей, өткендегі өз әрекетімен шовинизмнің күшін көсетемін деп көкіректенгендер тағы да бір, әншейінде көп көріне бермейтін, қарсы факторға кезікті. Жоғарыда Г.Явлинский айтқан түбі түріктер ғана емес, басқа да көптеген халықтардың өкілдері мұндай «ұлыорыстықтың» күні өтіп кеткенін, бұдан тек «тыртық» нәтиже шығатынын анық білдірді. Әсіресе, шешен халқының бүгінгі дарабоз лидерінің ашық позициясы кімдерге сенім, рух бермеді..?!

Сонымен, осы мақалада біздер арқау етіп отырған уақиғадан, ұлыорыс шовинизмінің отын бір лаулатып көргеннен, орыс билігі не ұтты? Тікелей ешнәрсе ұтқан жоқ. Қайта өздеріне қарсы русофобия отын тағы бір рет көседі. Мүмкін төмендегі жағдайларға тағы бір рет артық көзін жеткізген болар? Біріншіден, негізінен әлде де болса тұрмыстық жағдайда орын алып отырған, орыс елін еш уақытта да жақсылыққа жетелемеген, шегіне жеткен ұлтшылдық сезімі артта қалған арам саясаттың рецидиві екеніне. Екіншіден, мұндай соқыр да жексұрын саясат сырттағы «жауымыз» дегендерді де, іштегі «өз азаматтарымыз» дегендердің де, қалың сегментін өзіне қарсы қоятынын. Үшіншіден, қазіргідей жаһандану заманында айналасындағы елдерді одақтастыққа, экономикалық және саяси мүдделестікке икемдеудің, жетелеудің орнына жауыңа айналдырсаң, түбі биліктен айырылатыныңа.

Десек те, шовинистік үрдісті орыс елінде пайдасына жарататындар да бар. Мысалы, В.Жириновский және оның айналасындағылар. Құлаққа кірмейтін өтірікті жүліктікпен әсіреұлтшылдық мазмұнда пайдалану арқасында көп жылдардан бері Ресей Думасынан фракциялық орынға қол жеткізіп, өз жеке мүддесіне пайдаланып жүр. Кейбір белгілі қайраткерлері айтқандай: «Сайлауда оған қанша пайыз дауыс берілсе, Ресейде сонша ауру бар». Билігін айғайлап тұрып сынайды да, маңызды шешімдерге келгенде билік партиясының ұсыныстарын қолдай кетеді…

Алдағы уақыттарда тап осындай бүткіл халқымыздың жүйкесіне оңай тимейтін, саны азынаулақ болса да, ішіміздегі арамойлылардың құлағын көтеретін жағдай алда да орын алып жатса, парасаттылықпен сабырлылық танытқанымыз дұрыс сияқты. Өткендегідей арандатушылардың өзіміздік «визавилерінің» ойланбай, терең білмей әлеуметтік желілерде айтатын «контраргументтерінің» әлсіз тұстарын ақталу барысында олар да пайдаланады.

Аталмыш уақиға жан-жаққа тарап үлгермей жатып көптеген қандастарымыз бірі үкіметті, бірі сыртқы істер министрлігін «алмастырып», дауға дауды қарсы қойып, саяси, мемлекеттік, тарихи, қоғамдық компетенттігіне қарамастан, әлеуметтік желілердің мүмкіндігі арқылы «айқасты» бастап кетті. Мың өліп, мың тірілсе де, елімізді, кеңбайтақ жерімізді, ұлтымызды осы уақытқа дейін жеткізу үшін өмір кешкен ата-бабаларымыздың: «Ханы тұрып, қарасы сөйлегеннен без» деген нақылы естен шыққандай болды.

Бір күн, екі күн өтпей жатып-ақ «Үкімет қайда, Мемлекет басшысы неге үндемейді» деп «патриоттанған», білгіштенген пікірлерге желілер толып кетті. Тіпті, жоғарғы басшыларымыздың адалдығына күмән келтіруге әрекеттенген сөздер де көрініп қалды. Сонда қалай болғаны? Біздің елімізде мұндай халықаралық деңгейдегі келеңсіздіктерді шешудің жалпы қабылданған жолы, заңдылығы, саясаты, реті бар екенін, ол ең төбедегі лауазым иелерінің міндеті, компетенциясы екенін білмейтіндер, білсе де оның шешілу тәртібін мойындамайтын «қаралардың» аз болмағаны ма? Бәріміз де жаппай мектеп көрген сияқты едік қой!

Жоғарыда айтылған қаласаң да, қаламасаң да қатар қоныстанған «құдайы қоңсылар» арақатынасына теріс әсерін тигізетін әттеген-айлардан алдағы уақытта тиісті саяси мәдениеттілікке сәйкес абай болғанымыз ләзім. Халықаралық тәртіптің барлық процедуралары орындалған соң, қоғамдық пікірге жол ашық. Айтатыныңды ойланып, айта бер. Оның үстіне аталмыш арандатушылардың да, олардың артында тұрғандардың да, әлігі арам да ақымақ ойларының жүзеге асуы мүмкін емес. Әншейін бұзықтық пен қулық екені аян ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ядролық қарудан өз еркімізден бас тартуымызға байланысты АҚШ, Ұлыбритания, Германия және осы Ресейдің өзі елімізге бүткіл әлем қолдап, Біріккен ұлттар ұйымы бекіткен қауіпсіздік кепілдігін ресми түрде берген. Сәл кейін оған Француздың бесінші республикасы да қосылған. Қосымша мысал ретінде: 1995 жылдың басында біздің облысымызға Алматыдан танысу мақсатында Францияның сол кездегі Елшісі Бертран Фессар де Фуко келген болатын. Сол уақыттағы өңір әкімшілігіндегі қызметтік міндетіме байланысты шетелдік қонақтың екі-үш күндегі көптеген, әртүрлі топтармен кездесулерін ұйымдастыру маған тапсырылған болатын. Шымкент әскери гарнизонының басшылығы мен бөлім командирлерімен кездесу барысында: «Егер Қазақстанға жаулар басып кірген жағдайда, сіздерге жәрдемге келуге қанша уақыт керек?» деген де сұрақ берілді. Сонда Елші жұлып алғандай: «Басқа елдің әскері бұл елге, бүгін, ертең басып кірсе, – ертең жетіп келеміз» деп сеніммен жауап қатты! Дәл осы Ресейдің өзімен ОДКБ, ШОС сияқты және олардан басқа да қаншама келісім-шарттарға қол қойылған. Бұл құжаттардың бәрі – заманындағы Гитлер мен Сталиннің келісімі, Роббинтроп пен Молотовтың пактісіне ұқсамайтынына бүгінгі уақыт ерекшеліктері куә. Сол В.Молотовтың бүгінгі ұрпағы, немересі Никоновтың бары-жоғы шовинистердің қуыршағы, Думасының көп депутаттарының бірі екені де куә. Десек те, «ұлы орыстық шовинизмнің» әлі де болса тірі екеніне көзіміз іс жүзінде жетті.

Сонда оларға керегі не? Меніңше біздің ішкі саяси-моральдық жағдайымыздан терең әлеуметтік-психологиялық бағыттағы хабар алу болса керек. Соңғы жылдардағы мемлекет басшысының ауысуы, шаруашылықтың қарыштап дамымауы, инфляцияның тежелмеуі, азаматтардың протестік белсендігінің артуы, шетел асудың тоқтай қоймауы және сол сияқты барлық посткеңестік елдердегі сияқты басқа да өрлей шешілуі алда тұрған проблемалардың халыққа, әсіресе, арандатушылардың өздеріне жақын этностарға, әсерін зерттеудің бір «әдісі» деп санаса керек. Әлеуметтік желілердегі кездесіп қалатын кеңестік кездегі өмірдің қолайлы тұстарын әсірелеу әрекеті де осыған саятын сияқты…

Дәл қазіргі біз өмір сүріп отырған уақытта әлемдік саясаттың қалыптасу ерекшелігі сондай, басқа-басқа, бірақ бұрынғы метрополиямыздың бізді күшпен басып алуына әлемдік белділер төзбейді. Бұл жағдайдың қалыптасуына Тәуелсіздік тұсындағы көпвекторлық саясаттың да рөлі жоғары. Тіптен, біз өзіміз барып «бұрынғы ағаларымызбен» бір шаңырақ көтереміз десек те ешбір жағдайда құтыла алмайтын бәлеге қаламыз.

Бізге керегі де жалғыз жол: Мәңгілік ел. Тәуелсіздік. Бір мақсат. Бір мүдде. Гүлденген болашақ!

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *